Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Оrda» оқытушылары шетелдіктерден дәріс алып жүр

21.09.2023, 15:40 423

HALYQLINE.KZ

Ел жастарына сапалы білім маңызды. Келешектің кемел, халықтың адал болуына, отансүйгіш, рухты жастарымыздың көбеюіне де алған білімінің, тәрбиенің маңызы зор. Жастар озық технологияны меңгеруі керек. Қазірде ІТ саласы мамандарына сұраныс артқан. Цифрлану дәуірі басталды. Енді техника мен ақпараттық жүйе саласының мамандарына жаңа тәжірибелер мен тың ақпараттар қажет. Мұндайда шетелден мамандар тарту, білікті тәжірибе иелерін шақырып, студенттерге, оқытушыларға дәріс жүргізу, теорияны іс барысында қолдану сынды дүниелер енді қолға алынып келеді. Аймақтағы «Оrda» жоғары колледжі осы бастаманы қолға алған. Оқу орны Германия мен Швейцариядан мамандар тартып, оқытушыларға теориялық және тәжірибелік база қалыптастыру үстінде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы жарияланған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі барынша цифрландыру екеніне назар аударды. «Отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау қажет» деген болатын. Осыған байланысты оқу жылының басында шетелден келген қос маман «Оrda» жоғары колледжінің оқытушыларымен мықты жұмыс істеп, тәжірибе алмасып келеді. Осыған байланысты өткен аптада білім ордасында «Халықаралық тәжірибе колледж кеңістігінде» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтіп, оқу орнының басшылығы «SES Senior Experten Service» әлемдік сараптама қызметін ұйымдастыру мекемесімен меморандумға отырды. Енді аталған мекеме алдағы уақытта шетелден мамандар тарту дәстүрін үзбейтін болады.

Әлемнің мәдениетті елдер қатарында болған компьютерлік революция адам жан дүниесінің, қоғам идеологиясының, білім мазмұнын анықтау мен жаңа ақпаратты білім технологияларын құрастыру жолдарының өзгеруіне әкеліп соқтырды. Қалыптасып келе жатқан ғаламдық ақпараттық қоғамда ақпараттың рөлі мен мәні артып, осыған орай, Қазақстанда ақпараттану процесіне аса ден қойыла бастады. Қоғамды ақпараттандыру Қазақстан дамуының маңызды мақсатының бірі болып саналды. Халықаралық ынтымақтастық аймағын кеңейту, оның ішінде оқытушылардың академиялық ұтқырлығы бойынша мүмкіндікті қарастыру мақсатында алыс, жақын шетелдің оқу орындарымен, өндіріс орындарының мамандарымен байланыс орнату жайы қарастырылуда. Осы орайда SES (Служба старших экспертов) халықаралық ынтымақтастығы бойынша германдық экономикалық қорымен меморандум жасалды. Меморандум аясында Швейцариядан ІТ саласының маманы Вольтер Шмуц және Германиядан автокөлік жөндеу саласының маманы Манфред Циглер арнайы шақыртылып, қазіргі уақытта оқытушыларға дәріс беруде, – деді колледж директорыГулжамила Досжанова.

Баспасөз мәслихаты барысында студенттер мен БАҚ өкілдері «SES Senior Experten Service» әлемдік сараптама қызметін ұйымдастыру мекемесінің басшысы Мадина Тулепова мен сол мекеме өкілі Жанат Сапаржановаға және швейцариялық Вольтер Шмуц пен германиялық Манфред Циглерге сауал жолдап, жауап алды. Айтылған дүниелердің көбі ІТ және көлік саласына қатысты болғандықтан, шетелдіктер жауап беріп, аудармашылар аударып отырды.

Колледжде осы оқу жылында барлығы IT саласының білім бағдарламасы бойынша 400-ден астам болашақ маман, логистика саласы бойынша 300-ге жуық балаға білім беріліп жатыр. Бұл – түлектер кәсіби біліктілік пен дағдыларға толы сапалы біліммен еңбек нарығына шығады деген сөз. Егер осы қарқынды арттырар болса, бұл студенттердің әлемде қалыптасқан озық технологиялармен танысу арқылы жоғары білікті маман ретінде кез келген маңызды міндетті шешулеріне мүмкіндік берері сөзсіз.

«Оrda» жоғары колледжі әлемдік білім беру кеңістігіне қосылу жолында ілгері қадам жасауда.  Білім беруді әлемдік стандарттық деңгейге көтеру, бәсекеге қабілетті жаңа буын қалыптастыру, білім беру қызметі нарығынан орын алу, жетекші отандық және шетелдік білім беру мекемелерімен тең дәрежеде қарым-қатынас орнату мақсатында халықаралық ынтымақтастық аймағын кеңейту бойынша алыс, жақын шетелдің оқу орындарымен, өндіріс орындарының мамандарымен байланыс орнату жайын қарастыруда.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған конференцияда түрлі тақырып талқыланып, жаңа технологиялар мен ІТ мүмкіндіктер жайлы мәселелер қаралды. Жиналғандарға мол тәжірибе болған жиынның соңы кофе-брейкпен аяқталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: