Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оқушылардың қарым-қатынас дағдыларын дамыту аса қажет

13.05.2024, 16:10 1036

HALYQLINE.KZ

Еліміздің ертеңі, бүгінігі жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында екені айқын. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның бар өміріне апат әкеледі» деп әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы ғалым Әл-Фарабидің айтқан пікіріне қазақтың маңғаз ақыны Мағжанның «Жас бала – жас шыбық, жас күнінде қай түрде иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйі қатып қалмақ. Теріс иілген шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың» деген асыл сөздерін оқушыға қарым-қатынас негізін қалайтын әрбір ұстаз өз ұстанымы ретінде қабылдауы керек. Оқушы бойына біліммен қатар қоғамдағы тірі табиғатпен біте қайнасатын қарым-қатынас дағдысын саналы түрде меңгерту – міндетіміз. Осы дағдыны дұрыс қалыптастыра алдық па? Қарым-қатынас дегенді жалпы нәтижеге жету үшін күш-жігерді үйлестіруге және біріктіруге бағытталған адамдардың өзара әрекеті деп түсінемін.

Өзімнің дербес өмірімде, ұстаздық жолында қарым-қатынас жасау қабілеті басқалармен қарым-қатынасқа ғана емес, сонымен бірге баланың өзін-өзі бағалауына, өз мүмкіндіктері туралы идеялардың туындауына, эмоционалдық жайлылық деп ұғынамын. Осы орайда қарым-қатынасты қалыптастыру барысындағы әрбір ұстаздың оқушылар үшін еңбегі ерен және қарым-қатынас дағдысын оқушы бойына дарыта алдық деп түйіндеймін. Олай деуіме себеп, баланың қарым-қатынасы – бұл әңгімелесушімен қарым-қатынас жасау, әңгімелесу қабілеті ғана емес, сонымен қатар мұқият, белсенді тыңдау, өз ойын жеткізу үшін мимика мен жест-ишараны қолдану, қарым-қатынас барысында өзімен бірге басқалардың да ерекшеліктерін салыстыру, ескеру.

Қорыта айтар болсам, мектеп жасындағы балалар қазірдің өзінде өз әрекеттерін құрдастарымен, бірлескен ойындарға қатысушылармен үйлестіруді қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтары арқылы да қалыптастырады дегім келеді. Мұның бәрін бала отбасында, мұғалімдермен бірге үйренеді. Қарым-қатынас дағдыларын қолдау және дамыту қазіргі жаһандану заманында өте қажет. Заман талабына сай білім алушылар жас деңгейінде өзін қоршаған ортамен байланысуы, қарым-қатынас жасауы тиіс. Яғни, қарым-қатынастың бірден-бір құралы – тіл. Әрбір жеткіншек өзінің туған тілінде сөйлеп, туған тілінде ойланса, онда ол баланың болашағы да зор болмақ. Болашығынан зор үміт күтер оқушыларымыздың қарым-қатынасы мейлінше дамып, елі сыйлар, елін сыйлар азамат болсын демекпін!

Гүлбану  Ағайдарова,

№85  мектептің  әлеуметтік  педагогі,

Қармақшы  ауданы,

Төретам  кенті

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: