Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі кентінде 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.
Жаңадан бой көтеретін ғимараттың бас мердігері «СПМ – Қызылорда» ЖШС нысанды биыл пайдалануға береді.
Айта кетейік, кейінгі жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Құрылыс көлемі, пайдалануға берілген ғимараттар мен тұрғын үйлер саны еселеп артты.
«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», 3 ауданда 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» ел игілігіне табысталды.
«Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында аяқталады. Дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты да шәкірттерге есік ашпақ.
Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.
Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!