HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мұғалімдер мерекесі аясында Қызылорда қаласының сол жағалау бөлігінде орналасқан «Orda school» жеке мектебінің жұмысымен танысып, педагогтарды Ұстаздар күнімен құттықтады.
Аймақ басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп салынуы мектепке баратын оқушылар санын артуы байланысты жеке мектептер желісін көбейтудің маңыздылығын айтып, білім ордасының перспективасы зор екенін атап өтті. Сонымен бірге ұстаздардың еңбегін ерекше бағалайтындығын жеткізіп, кәсіби мерекесімен құттықтап, 5 ұстазға Алғыс хатты табыс етті.
– Ұстаз – ұлт болашағының іргесін қалайтын кемеңгер тұлға. Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Демек, Өздеріңізге артылатын сенім де зор. Мемлекет тарапынан педагог мәртебесін көтеруде нақты қадамдар жасалуда. Ел Президентімен «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, жыл сайын жалақыны көтеру, әлеуметтік қолдау бойынша игі істер жүзеге асырылуда. Осы мектепте білім алатын оқушылар алдағы уақытта биіктен көрініп, ата-аналары мен ұстаздарының, мектеп ұжымының мақтанышы боларына сенімдемін, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы білім ошағындағы мектеп сыныптары мен би залы, робототехника кабинеті және үйірмелері жұмысымен танысты. Білім алып жатқан оқушылармен тілдесіп, пікір алмасты. Бастауыш сыныптың оқушылары үш тілде тақпақ айтып, мектеп оркестрі «Балбырауын» күйін орындап берді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыста жеке мектептер желісі қарқынды дамып келеді. Бүгінде олардың саны 10-нан асты. Жеке инвестиция есебінен салынған «ORDA SCHOOL» мектебі – облыста алғаш болып ашылған жеке білім ордаларының бірі. Нысан 2019 жылы пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған мектепте 500-ге жуық оқушы білім алуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!