HALYQLINE.KZ Қызылорда өңірінде педагог қауымға көрсетілер сый-құрмет жоғары. Жыл сайын шипажайларға жолдама беру, үздіктерге төсбелгі тағу, қаржылай сыйақы тағайындау өңірдегі мұғалімдердің мәртебесін арттырып келеді. Ал, биыл өңірде алғаш рет шәкірт тәрбиелеуде ұлттық ұстанымды биік қойып, ұстаздық қызметте табанды тер төккен 2 ардагер ұстазға Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағы берілді.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, аймақ дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, ыстық ықыласын арнады.
– Біз әрдайым Отанымыздың адал әрі абзал азаматтарын, шынайы патриоттарын тәрбиелейтін, Әділетті Қазақстанның жаңа буынын білім бәйгесіне қосатын ұстаздар қауымын ерекше қадірлейміз.
Сәт сайын жаңарып, беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермейтін құндылықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Бұл қос құндылықты да ұштастыра білген ұстаздардың қоғам алдындағы орны ерек, мәртебесі мерейлі! Мұғалімдерді әлеуметтік көтермелеу мәселесін назардан тыс қалдырмаймыз.
Ел Президенті халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына бір реттік қаржылай сыйақы тағайындады. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырды.Біз де өз тарапымыздан дарынды балаларды қолдау саясатын лайықты деңгейде жалғастыратын боламыз, – деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты жиында облыс әкімі жыл қорытындысымен еңбегімен көзге түсіп, шәкіртімен білім бәсекесінде топ жарған 10 ұстазға 900 мың теңгенің қаржылай сертификаты табысталатынын жеткізді.
Сыр елінің үлгілі ұстаздарына ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімінің атынан марапат табысталды. Бірқатар облыс педагогына «Алтынсарин» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» құрметті атағы, «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін жергілікті ерекшілік белгісі» мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды. Ал, Ұлттық біріңғай тестілеу көрсеткіші бойынша республика көлемінде «Үздік 100 мектеп» қатарына енген және үздік білім беру ұйымдарының педагогтарына ноутбук берілді.
Н.Бекежанов атындағы мемлекеттік қазақ академиялық драма театрында өткен мерекелік іс-шарада ұстаз тағылымын театрландырылған қойылым аша түсті.
Салтанатты кеш жергілікті өнер қайраткерлерінің концертімен аяқталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!