Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

NIS ауыл мектептеріне 500-ге жуық кітап тарту етті

14.12.2022, 10:20 710

«Қолдайық ауыл мектебін» ұранымен Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектеп аудан мектептеріне 500-ге жуық кітап сыйлады.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі көркем шығармалар мен танымдық энциклопедиялардан құралған кітаптар қоры Қазалы ауданы Кәукей ауылындағы №225 қазақ орта мектебіне және Сырдария ауданы Қалжан Ахун ауылындағы білім ордасына үлестірілді. Бұл әдебиеттерді зияткерлік мектеп қауымдастығы NIS-тің Bookcrossing жобасы аясында белсенді жинап, ауылдағы достарына тарту етуді жөн көрді.

— Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылады. Соның бірі — Bookcrossing. Оқушылар, ұстаздар мен ата-аналарымыз өздері оқыған сүйікті кітаптарын алып келді. Бұл әдебиеттер оқушыларға ұнайды және алдағы уақытта кітапханадан алып, оқиды деп сенеміз. Күнделікті 10 минут уақыт кітап оқуға арнасақ, жылына бірнеше кітап оқып шығуға болады. Кітап оқу арқылы білім көкжиегімізді кеңейтіп, сөздік қорымызды арттырамыз, — дейді мектеп директоры Жаңбыржан Сәрсенұлы.

Екі білім ордасының кітапхана сөрелерін 200-ден астам отандық және әлемдік бестсе́ллермен толықтырған NIS ұжымына мектеп шәкірттері ерекше алғыстарын білдірді. Қалжанахундық өрендер Зияткерлік мектептің кітапханашысы Бағдат Төлепбергенова жүргізген тренингте тіпті ас мәзірін әзірлеп, алғашқы оқитын шығармаларын жіктеп алды.

— Өте құнды әрі пайдалы әдебиеттер жинақталған екен. Енді әлем классиктерінің туындыларын қазақ тілінде де оқи аламыз. Және өз әдебиетіміздің озық шығармаларынан рухани азық аламыз, — дейді №126 орта мектептің оқушысы Талшын Төребекова.

Айта кетейік, NIS желісінде жастарды кітап оқуға баулу мақсатында көптеген жобалар іске асырылып келеді. Атап айтқанда, «Оқушыларға ұсынылатын 100 кітап», «Reаdx», «Reаdingtime» және «Руханият» оқырмандар клубы. Қос мектептің ұжымына зияткерлік кітапханашылар алдағы уақытта ынтымақтастықта жұмыс жасап, әдістемелік қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: