Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұғалімдер мерейі

05.10.2022, 10:15 351

Шәкірттерін әлемдік бәсекеде қабілетті тұлғаға айналдырып, еліміздің бүгіні мен болашағының өркендеуіне үздіксіз үлесін қосып жүрген мерейлі ұстаздардың еңбегі зор. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін білім жолында ұстаздардың қызметін бағалау – бізге парыз. Сондықтан ұстаздар мерекесіне арналған іс-шаралар облыс және қала көлемінде атап өтіліп, құрмет көрсетіліп жатыр. Күні кеше А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қала төңірегіндегі барлық ұстаздарды құттықтау кеші өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова қатысып, қала әкімі Асылбек Шаменовтың құттықтауы мен сый-сияпатын жеткізді.

–  Ұлағатты ұстаздарымыз шәкірттеріне кенен ғылым мен кемел білімнің дәнін себуде. Қажырлы еңбектеріңіздің жемісі – оқушыларымыз республикалық, облыстық деңгейдегі сайыстардан жүлделі орындардан көрініп, түрлі байқау-жоба жарыстарынан жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Сонымен қатар, мектеп ұжымдары әрдайым қоғамдық іс-шараларға да аянбай атсалысып, барлық салада белсенділік танытуда. Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз. Сондықтан еліміздің келешегі – сіздердің қолдарыңызда! Тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуетін арттырып, атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін!, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова мерейлі 80, 85, 90 жасқа жеткен ардагер ұстаздарға шаһар басшысының арнайы құттықтау хатын табыстап, сый-құрметін көрсетті. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет» грамотасы және облыс әкімінің Алғыс хатымен қаламыздағы бірқатар ұстаз марапатталып, 2022 жылдың «Үздік педагог» иегері анықталды. 

Айта кетейік, педагогтердің қоғамдағы мәртебесін және беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тарату мақсатында 2012 жылдан бастап республикалық «Үздік педагог» конкурсы өткізіліп келеді. Және бүгінгі кеште «Үздік педагог» атанған 10 ұстазға қала әкімінің 150 мың теңге ақшалай сыйақысы табысталды. Ал, қалалық «Үздік педагог» байқауы І кезеңінің жеңімпаздарына ноутбук берілді.

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – деп Ы.Алтынсарин атамыз айтқандай, білім көшін алға жылжытып, жас буынды тәрбиелеу арқылы қоғамды тәрбиелейтін мұғалімдердің еңбегі – ерлік, тәлімі – тәрбие, білімі – болашақтың іргетасы. Бұл жауапкершілік ұстаздар қауымынан үздіксіз ізденісті, адалдықты, білімділікті, кәсіби шеберлікті талап етеді. Сәт сайын жаңарып жатқан заманда тынымсыз еңбектеніп, оқушыны үздіксіз шыңдағанда ғана мұғалім еңбегі нәтижелі, жемісті болады. Осы орайда жыл сайын «Үздік педагог» республикалық кәсіби конкурсы өткізіліп келеді. Биыл осы конкурсқа мен де қатысып, қалалық кезеңнің жеңімпазы атандым. Еңбекті әділ бағалаған сарапшыларға алғыс айтамын.

Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздарды «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» салтанатты жиында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ақзира Бақтыбайқызы марапаттап, ноутбук табыстады. Жалпы, елімізде мұғалімдерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қоғамдағы педагог мәртебесі артып келеді. Бұл қай кезеңде де мұғалімдік мамандықтың қастерлі екенін білдіреді. Бүгінгі салтанатты жиын – соның айғағы, оқушыларымыздың ән-жырдан шашуы, мұғалімдерге көрсетеліп жатқан құрмет  қуанышты әсерге бөледі, – деді  Абай атындағы №138 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер, педагогика ғылымдарының магистрі және «Үздік педагог – 2022» иегері Әсем Әбдірахманқызы.

Мерекелік кеш Оқушылар сарайының қызметкерлері мен жас өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламасына жалғасып, жас мамандардың жүрекжарды тілегімен қорытындыланды.  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: