Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектепте реті келсе сынып жетекшілікті ер мұғалімнен қоюға тырысамын

30.01.2025, 10:40 74

Бек  ТУМУРЗАЕВ,  №264  мектеп-лицей  директоры:

Қазіргі таңда қала мектептері жақсы жаңалықпен толығуда. Сыныптар арнайы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп келеді. Дегенмен, кей мектепте бала санының артуы күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл білім сапасына қалай әсер етеді? Жас мұғалімдердің білім деңгейі қандай? Осы және өзге де  сауалдар  төңірегінде   Тәкей  Есетов  атындағы  №264 мектеп-лицейінің директоры Бек Тумурзаевпен болған сұхбат барысында кеңінен  тарқатып  айтамыз.

– Бек Сұлтанбекұлы, өткен оқу жылы қандай өзгерістермен есте қалды? Қандай жаңалықтар болды? Әңгіме  әлқиссасын  осыдан  бастасақ.

– Өткен оқу жылы мектеп-лицейі­міз үшін табысты болды. Оқушыларымыз қалалық, облыс­тық, респуб­ликалық және халық­аралық түрлі пәндік олимпиада мен сайыстардың, ғылыми жобалардың жүлдегерлері атанса, ұстаздарымыз да  кәсіби байқауларға қатысып, жүлделі  орындарды  иеленді.

Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылында 9-11-сыныптар арасында республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде 33 оқушы бақ сынап, 20 оқушы жүлделі орын алды. Оның ішінде 1 оқушымыз облыстық кезеңнен 3-орын еншіледі. 7-8-сынып­тар арасында республикалық олимпиа­даның қалалық кезеңіне 20 оқушы қатысып, 16 оқушы жүлдегер атанды. 5-6-сыныптар арасында республика­лық олимпиаданың қалалық кезеңі­не 12 оқушы қатысып, 9 оқушы жеңімпаз болды. 1 оқушы облыстық кезеңге өтіп, 2-орын иеленді. Ал 2-7-сыныптар арасындағы «Зерде» ғылыми жобасында 13 оқушы бақ сынады. Оның ішінде 9 оқушы жүлделі орынға ие болып, 3 оқушы облыстық кезеңге өтіп, ағылшын тілі, этномәдениеттану, физика секциясы бойынша жүлделі болды. Респуб­ликалық кезеңге өткен оқушымыз ағылшын тілі секциясы бойынша 1-орынды жеңіп алды. Жоғары сынып оқушылары ғылыми жоба байқауына қатыстырылып, 9 оқушы жобасын сәтті қорғап, жүлделі орындарға  ие  болды.

Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен мектеп директорлары арасында өткізілген «Бір мектеп – бір жоба» байқауының қалалық кезеңінен 1-орын алып, облыстық кезеңде 3-орынмен марапатталдым. Сондай-ақ, Батырхан Ақбаев «Үздік дене шынықтыру пәнінің мұғалімі-2023» байқауының қалалық кезеңінде 2-орын, Сабыр Әбдіғаппаров «Үздік тәрбие орынбасары-2023» байқауының қалалық кезеңінен 3-орын, Нұрсәт Төре­беков «Үздік дефектолог-2024» байқауының қалалық кезеңінен 1-орын, облыстық кезеңінен 2-орын иеленді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастырумен «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының облыстық кезеңінде Мая Мұратаева 1-орынмен  марапатталды.

Үздік авторлық бағдарлама байқауының қалалық кезеңінен 3 мұғалім жүлделі орын алды. «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» балалар киносының республикалық фестивалінің қалалық және облыстық кезеңінен Мұқағали Сұлтанбек 1-орын иеле­ніп, республикалық кезеңнен арнайы  сертификатпен  марапатталды.

Қызылорда облысы бойынша 5-6-сыныптар арасында ұйымдас­тырылған «Алтын сақа» олимпиадасының қалалық кезеңінен 2 оқушы жеңімпаз атанып, облыстық кезеңнен 1 оқушы 1-орын, республикалық  кезеңінде 3-орынды жеңіп алды. 9-11-сынып оқушылары арасында өткен Қ.Бітібаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні байқауынан 1 оқушы қалалық және облыстық кезеңнен 1-орын, республикалық кезеңінде 2-орынға ие болды. Тағы бір айтулы жетістігіміз, Жансая Ержан­қызы – Easier Together білім платформасының авто­ры, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінен грант жеңіп алса, Абай Иса – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универси­тетінен, Әлішер Амангелдиев – Ашық университетінен, Айдана Молдаханова – Болгариядағы Амери­кандық университеті, Кореяның Инха университеті, Түркия университетінің гранттарын жеңіп алды.

2023-2024 оқу жылында 194 оқу­шы 11-сыныпты бітірді. Оның ішінде 176 оқушы жоғарғы оқу орнына, 10 оқушы арнаулы колледжге оқуға түсті. Мемлекеттік грант саны – 102, «Алтын белгіге» – 19 оқушы, «Үздік аттестатқа» 30 оқушы бітірді. Бұл – өткен оқу жылындағы мектебіміздің айтулы  жетістіктері.

– Ақпарат ғасырында баланы қызық­тыру үшін  не  істеу  қажет?

– Әрине, бүгінгідей қоғам қайшылықтары өршіп тұрған кезеңде балаға білім мен тәрбие беруде жауапк­ершілік жүгі ауыр екенін түсінеміз. Дегенмен, ақпараттар мен әлеуметтік желілерге шырмалған жас жеткіншекке сапалы білім, сана­лы тәрбие беру әр ұстаздың сенімі мен біліктілігіне байланысты. Себе­бі алдымыздағы әр оқушы кез келген ақпаратты, білімді ресурстардан алуға қабілетті. Мұғалім – шәкіртке білімнің ең қажеттісін көрсете білуші жетекші рөл, білім алушымен сенімді серіктес жетекші, үйретемін деп өмір бойы үйренуші. Бұл – ғасыр­лар бойы дәлелдеуді қажет етпейтін  тұжырым.

Бүгінгі күні білім беру ұйымдарына ерекше көңіл бөлінуде. Оның дәлелі ретінде мектептер жаңа заман талабына сай техникалармен жабдықталуда. Бұрынғы тақтаның орны­на қазір СТЕМ панельдер келіп жатыр. Оны тақта есебінде пайдаланса, онда орналастырған бағдарламада барлық пән бойынша оқушы мен мұғалімге қажетті мәліметтер мен бейне роликтер бар. Яғни, бала жаңа  сабақты есту және көру арқылы  да  түсіне  алады.

– Мектебіңізде қанша ер мұғалім бар? Ер мұғалім  ұрпақ  тәрбиесіне  әсер  ете  ме?

– Дұрыс айтасыз. Ер мұғалімнің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Мектебімізде 371 ұстаз болса, соның 70-і – ер мұғалім. Ер мұғалімдердің  60  пайызы  дене   шынық­тыру пәнінің мұғалімдері  болса, қалған 40 пайызы – негізгі пән мұғалімдері.  Мектепте реті келсе сынып  жетекшілікті бірінші  кезекте  ер  мұғалімнен қоюға тырысамын. Себе­бі, бала ер адамның алдында өзінің үйінде жасайтын еркелігін шектей алады, тәртіпсіздік жасауға тайсалады. Бұл әсіресе, ер балаларға дұрыс бағыт-бағдар беру­де, саламатты өмір салтын ұстану­ға тәрбие­леуде, отбасылық құнды­лық­тарды  сіңіруде  көп  көмегін  тигізеді.

Бүгінгі күні көп отбасында әкеге қарағанда ананың рөлі басым екені жасырын емес. Анаға қарап өскен ұлдың да қоғамда, достарының арасында өз орнын табуы, кез келген ортаға сіңісіп кетуі қиын. Қазақтың «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалы да осыған  орай  айтылса  керек.

– Сіз басқаратын мектепте кино­с­тудия бар екенін білеміз. Бұл жаңа­шылдықтың  нәтижесі  қандай?

– Мектеп киностудиясында ал­дымен мектеп театры үйірмесі жұмыс істейді. Талантты балаларды сахна өнеріне баулып, актерлік қабі­леттерін шыңдауға жол ашып отыр. Сонымен қатар, болашақ журналистиканы таңдап отырған оқушыларымызға жөн сілтеп, оларды машықтыратын орынның бірі. Өткен оқу жылында түлегіміз Айжеміс Сағындықова Т.Жүргенов атында­ғы Өнер академиясының студенті атанды. Дарынды шәкіртіміз Ержігіт Сармырзаев – түрлі байқаудың жеңімпазы. Қазіргі таңда қалалық «Жастар театрының» жас актері, үлкен  сахналарда  өнер  көрсетіп  жүр.

Мектеп оқушылары шетелдік, отандық кинодраматургия туынды­лары арқылы кинопедагогика мүмкіндіктерін іске асырып келеді. Мектебіміздегі облыстық ресурстық орталықтың білім алушылары үшін де «кинотерапия» жобасы жүргізі­ліп келеді. Бұл жобаның жетекшісі Мая Мұратаеваның тәжірибесі 2023 жылы «Педагогикалық идеялар пано­рамасы» кәсіби байқаудың облыс­тық кезеңінде бас жүлде жеңіп алды.

– Бассейн жұмысы туралы тоқталып өтсеңіз. Оның қызметін қандай оқушылар  пайдалана  алады?

– Мектеп  бассейні – оқушылар­ды саламатты  өмір салтына үйрете­тін бірден-бір орын. Бассейнді орта буын оқушыларынан бастап пайда­лана алады. Себебі, бассейннің терең­дігі 1 метр 70 сантиметрден бастап, 2 метр 20 сантиметрге дейін. Ұзындығы – 25 метр, ені 12 – метр. Арнайы нұс­қаушы-жаттықтырушы бекітілген. Санитарлық-гигеналық талаптар­ға сай барлық құрал-жабдықпен  қам­тылған.

Дене шынықтыру сабағының                                                        2 са­ғаты спортзалда өтсе, бір сағаты бассейнде жүргізіледі. Сондай-ақ, мектебімізде білім алып жатқан 5-11-сынып оқушылары бассейнде жүргізіліп жатқан үйірмеге қатыса алады.

– Қоғамда  мұғалім  мәртебесін  көте­ру үшін не істеу  керек  деп  ойлай­сыз?

– Соңғы кездері қоғамда мұғалім беделін көтеру қажеттігі қызу қозғалып келеді. Мұғалім мәртебесі бір­неше аса маңызды талаптан құра­лады деп ойлаймын. Біріншісі, жо­ғары кәсіби-шеберлік және соған сай өзінің білімін, тәжірибесін жас ұрпаққа беруге деген қажеттілік. Өзінің білігі мен білімін жетілдіруге ұмтыла білу қасиеті. Екіншісі, өз бойындағы жоғары ізгілік құнды­лы­ғы, патриотизм мен адамгершіліктен айнымауы, мейірбандығы, мақсатына жетудегі табандылығы. Міне, осындай қасиеттер бойына жинақ­талған мұғалім жастар үшін тек білімнің қайнар бұлағы ғана емес, оқушыларды рухани тұлға болуға бастайтын шынайы тәлімгері болмақ. Үшіншісі, қоғамдағы құрметі мен жоғары абырой-беделі. Мұның өзі жоғарыдағы үш мәселені тоғыс­тырып,  айқындап  тұрмақ.

– Мектеп ішінде бірнеше үйірме жұмыс істейді. Бұл оқушылардың білім алуына кедергі болмай  ма,  қалай  ойлайсыз?

– Иә, бізде Қосымша білім беру орталығы бар. Ол орталықта бес үйір­ме жұмыс істейді. «Көркем би», «Жас дарын», жас домбы­рашылар, қылқалам шеберлері және еркін күрес үйірмелері. Осы үйірмелерге 314 оқушы қатысады. Енді орта­лық­тың жетістіктеріне тоқталып өтсек, қылқалам шеберлері үйірмесінің жетекшісі Нұрлан Мажиханов – Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, шәкірттері – облыстық, рес­публикалық  байқаулардың но­ми­нация иегерлері. «Менің сүйікті қалам – Қызылорда», «Алтын күз», «Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын» тақырыбында сурет байқауы өткізіліп, үздіктері жеңімпаз атанды. Жас домбырашылар үйірмесінің мүшелері «Тұғыры биік, менің елім Қазақ­стан» атты облыстық байқау­да арнайы алғыс хаттармен марапат­талды. Көркем би үйірмесі мүшелері «Turan Fest» республикалық байқауында «Хореография» номина­циясын иеленді. Еркін күрес үйір­месі мүшелері 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілікте жеңіс тұғырынан көрінді. «Жас дарын» хор үйірмесі мүшелері «Сыр лигасы» жобасының «Отаным – бақыт ордасы» атты хор байқауының облыстық кезеңінде 3-орынмен марапатталды. Бұл – оқушылардың  шығармашылық  қабі­летін шыңдау­да үлкен рөл атқара­тын игі жұмыс­тар. Үйірмелердің жетістіктерін айта берсек көп. Мектеп­те қосымша білім беру орталығы өзінше бөлек блокта орналасқан. Өзінің әдіскері мен үйірме жетекшілері бар. Әр үйірме жүргізілетін бөлек ка­бинеттермен қамтамасыз етілген. Осы себептен де қосымша білім беру орталығының оқушылар үшін тек пайдасы  болмаса,  кедергісі  жоқ.

– Бүгінгі жас ұстаздардың білім деңгейіне қандай  баға  бересіз?

Қазір – технология мен цифрлық сауаттылық жақсы дамыған уақыт. Жастар ізденімпаз, жаңа әдіс-тәсілдерді тез меңгеріп алады. Жас маман­дар әр сабағын қызықты етіп өтуге тырысады. Бүгінгі жас ұстаздар терең ойлы, озық  білімді  деп айта аламын.

– Өңірдегі  өзге  мектептерден  қан­дай  ерекшелікті  айтар  едіңіз?

– Мектебіміз – жаратылыс­тану бағытындағы білім ордасы. Сол себеп­тен  осы бағытта  жұмыс  істейтін  МЕТА  орталығымыз  бар. Ондағы «BIOFLOWERS», «BIOMASTER», «ОБСЕРВАТОРИЯ» кабинеттері арқылы оқушылар түрлі зерттеу жасап, ғылыми жобаларға қатысып жүр. Мектеп жылыжайында да оқушылар көкөністің өсу процесін бақылап, тәжірибе жасай алады. Соны­мен қатар мектепте инклюзивті білім беру орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық облыстық ресурстық орталыққа айналып,  мамандарымыз бүгінде облыс бойынша іс-тәжірибе таратып отыр.

– Қала  бойынша  оқушысы көп мектептің бірі – өздеріңіз. Бұл  білім  сапасына  кедергі  келтірмей  ме?

– Халық санының өсуі – қашанда қуанарлық жағдай. Бүгінгі таңда мектебімізде 4 мыңнан аса бала білім алуда. Бала санының көптігі білім сапасы­на қиындық туғызады деп ойла­маймын. Себебі мектепте тәжірибелі, білімді ұстаздар қызмет етеді. Пән кабинеттері жеткілікті, олар заманға сай СТЕМ панельдер­мен, құрал-жабдықтармен жабдық­талған, сабақ өтуге ыңғайлы. Оқу­шылар жан-жақты терең мағлұмат ала алады. Мектеп қажетті зертханалармен де қамтамасыз етілген. 2023 жылы облыс әкімінің тікелей қол­дауымен қыркүйек айында мектебімізге қосымша 550 орындық бастауыш сынып оқушыларына арнал­ған жаңа ғимарат пайдалануға берілді. 2023 жылға дейін мектеп үш ауысымдық мектептер қатарында болса, берілген жаңа ғимараттың арқасында аталған мәселе шешімін тауып, екі ауысымдық  мектептер  қатарына  қосылдық.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: