Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген тақырыптағы жұртшылыққа Жолдауында «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болып жатыр. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуі тиіс. Дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет» деген еді. Әлбетте, оқушыларға дұрыс жол сілтеу – барлық мұғалімнің міндеті және мақсаты. Өнерлі, дарынды, бір сөзбен айтқанда вундеркинд балаларға жағдай жасау, қолдау көрсету ісінде мемлекет те, мектеп те аянып қалмайды. Демек, ұйымдаса жұмыс істелсе, шәкірт тәрбиелеуде нақтылық, біркелкілік орнай түсері сөзсіз.
Негізінен, қай ортада, қай мектепте болмасын талантты да талапты, өнерлі әрі өзгеше қырымен дараланатын бала жетерлік. Десе де, мамандық таңдауда жаңылып, өзін басқа салада елестеткісі келіп жүрген жастарды да көріп жүрміз. Иә, олар да – болашақ тәжірибелі мамандар, мемлекетіміздің келешегі, елдің ертеңі. Ел президенті өз сөзінде мысалға келтіргендей, талантты балаларға жан-жақты әрі үздіксіз қолдау көрсетуді тоқтатпаған жөн. Олардың болашақта өз саласында алып асудан асып, биік белесті бағындыратынына, жоғары жетістікке жететініне ешкім күмән келтірмесе керек-ті. Дәл осы кезде айтар едім, оқушыға білім мен ғылымды тең беріп, тәлім мен тәрбиеде темірқазық болған өте дұрыс. Бірақ, бағыт-бағдар беру де маңызды саналмақ.
Қандай маман болса да, ең әуелі ұлттық дүниетанымды бірінші орынға қоюы керек. Мен де ұстаз ретінде осы ұстанымдамын. Оқушыға ұлттық код арқылы өзге игіліктерді сіңіріп, берекелі білімді беруге болады. Әрине, патриоттық сезімді қалыптастыру тек мектеп, колледж, университет қабырғасында ғана болады деген ойдан аулақпыз. Десе де, жастар шоғырланған ортаға сәуле шашу, ұлттық құндылықтарға баулу, жақсылыққа жарыстыру ұстаз атаулының бірінші жұмысы болуы қажет.
Біз қай уақытта болмасын, оқушылардың жеке ізденуіне, өз бетінше жұмыс жүргізуіне жағдай жасаймыз. Бұл өз кезегінде жемісін береді дей аламын. Яғни, сабақ үлгерімі өте жоғары болмаса да, оқушылар арасында ән айтатын, спортпен айналысатын, өлең жазатын, т.б. дарындылар баршылық. «Дарындылардың барлығы өз саласында ғана қызмет етуі керек» деген түсінік жоқ. Олар кез келген салада, кез келген оқу орнында оқи алады. Десе де, оларға жөн сілтеу, жол көрсету – ұстаздың ұтқыр жұмысы.
Біз өнері өрге жүзген жандарды қолдауды әрдайым жалғастыра береміз. Жеңістің бір ғана баспалдақтан тұрмайтынын қазіргі оқушылар да жақсы біледі. Сондықтан, аз да болса үздіксіз білім беру, тәрбие беру жұмыстары жүргізілуі шарт. Оқушылармен болашақ маман ретінде сөйлесу керек. Өйткені, олар – еліміздің болашағы. Ел болашағы жарқын болуы үшін жақсы істердің көп атқарылғаны жөн.
Менің ұстаз ретіндегі ұлы миссиям, шәкірт тәрбиелеудегі шешімі жүйелі жетістігім – оларға бағыт-бағдар беруім. Педагогикалық өтілімде көптеген оқушының дұрыс мамандық таңдауына ұйытқы болдым дей аламын. Оқушының қабілет-қарымы, білімі мен біліктілігін сараптап, қызығушылығына бағыттаудың маңызы әрқашан жоғары екенін айтқым келеді.
Гульбану АЛИЕВА,
№12 ІТ мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі,
Қызылорда қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!