Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

04.12.2025, 10:30 36

Облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп, оған аймақтағы жалпы білім беретін мектеп директорлары қатысты. Жиында басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы білім беру ұйымдарында шұғыл шешуді қажет ететін өзекті мәселелерге назар аударып, аудандық және қалалық білім бөлімдері басшыларының, мектеп директорларының жұмысын жан-жақты саралады.

Мәжілісте соңғы екі жылда педагогтерді жұмысқа қабылдау процесіндегі артық жүктемені азайту бағытында атқарылған шаралар талқыланды. Бұған дейін облыс бойынша 5 000-нан аса артық педагог анықталған болса, қолға алынған шектеулер мен талдаудың нәтижесінде бұл көрсеткіш 1 000-ға дейін төмендегені атап өтілді. Сонымен бірге мектептердегі төмен сағат жүктемесі мәселесін шешу, мұғалімдерді толық жүктемемен қамтамасыз ету және сағаттың ұсақталуына жол бермеу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Алқа мәжілісінде ҰБТ-ны ұйымдастыру, «Алтын белгіге» үміткерлердің білім нәтижесін арттыру, электронды журналды сапалы жүргізу, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын күшейту секілді бағыттар қаралды. Сондай-ақ инклюзивтік ортаны дамыту, цифрландыруды жетілдіру, мектептердің интернетпен қамтылуын жақсарту және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жолдары да талқыланды.

Тәрбие бағыты да назардан тыс қалмады. Кейбір білім беру ұйымдарында тәрбиелік жұмыстың әлсіреуі сынға алынып, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының «Заң және тәртіп», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан» бағыттары бойынша іс-шаралардың жеткіліксіздігі атап өтілді. Осыған байланысты мектептерге тәрбие жұмысын қысқа мерзімде күшейту тапсырылды.

Жиын соңында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, бірнеше білім бөлімінің басшылары мен бірқатар мектеп директорларының тәртіптік жауапкершілігі қаралды. Алқа мәжілісі өңірдің білім саласындағы өзекті түйткілдерді ашық талқылап, оларды шешу жолдарын айқындаған маңызды алаң болды.

©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: