Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келешек мектебінің келбеті

02.10.2025, 10:00 157

Білімнің қайнар бұлағы – мектеп. Ол адамзат баласының тұлға болып қалыптасуына темірқазықтай жол нұсқап тұрады. Егемен еліміздің болашағы жастар деп қарасақ, жастардың болашағы сапалы білім мен саналы тәрбие негізінде жатыр.

Қазір еліміз бойынша «Келешек» мектебі салынып, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Бұл мектептің басты ерекшелігі – мынада. Барлық кабинеттер дерлік заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қосымша түрлі үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар, балалардың тамақ ішуі жүйелі жолға қойылған.

МЕКТЕП  МИССИЯСЫ – ОҚУШЫНЫҢ  ҒЫЛЫМҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН  АРТТЫРУ

Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында қаладағы «Арай» шағын ауданында 1500 орындық «Келешек» мектебінің ресми ашылуы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Оқу-ағарту экс-министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, еліміздің барлық өңірінен келген қонақтар мен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы»  деген  болатын.

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп-лицейде мектепалды даярлық сынып­тары  ашылып, жаратылыс­тану-математикалық бағыттағы пәндер тереңдетіліп оқытылуда. «Келе­шек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ордасы оқу мен ізде­ніс арқылы әр баланың бола­шағын айқын­дап, ел  дамуына  жол  ашпақ.

 Президент бастамасымен қолға алынған  «Келешек  мектептері»   ұлттық  жобасы аясында өңірімізде 54 млрд 400 млн теңгеге 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргі­зіліп,  пайдалануға  берілуде.

Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі – білім мен ғылымды, мәдениет пен әдебиет­ті ұштастырып, жаңа заман тынысы­мен қарышты дамып келе жатқан білім  ордасы.  Мектеп-лицейге 2025-2026 оқу жылында «Келешек» мектебі атауы беріліп, жаңа ғима­ратқа  көшті. Мектептің қазіргі бағыты – «Жасанды интеллект-­техника құпиялары». Мектеп миссиясы – оқушының ақпараттық технология­мен сауаттылығын, ғылымға қы­зығу­шылығын арттыру. Бұл білім ошағы – бүгінге  дейін  талай түлектің  томағасын  сыпырып, тұғырынан түлеткен  алтын  ұя.

ЖАҢА  ОҚУЛЫҚ,  КӨРКЕМ  ӘДЕБИЕТ

Қай кезеңде де  елдік мұраттың  бірі – ұрпақ тәрбиесі. «Адамға ең бірінші  білім  емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың  қас  жауы» деген шығыс­тың  ғұлама  ойшылы әл-Фарабидің сөзінің астарында аласармас ақиқат жатыр. Қазіргі уақытта білім беру сала­сындағы реформаның басты мақсаты  да – ой-өрісі  биік жеке тұлға  тәрбие­леу.

№15 мектеп-лицейінде бүгінде 2100 оқушыға 142 мұғалім дәріс беру­де.  Жалпы мектеп-лицейде 23 пән  кабинеті  бар. Атап  айтар  болсақ, робототехника, физика, био­логия,  химия  зертханалары, кітап­хана, 4 спорт зал, 378 орынға арналған асха­на, 240 орындық акт залы орна­ласқан. Сонымен қатар, ұлдар-қыз­дар шеберханасы, медициналық пункт   жұмыс   істейді.

Мектеп-лицей  базасында оқу­шы­лардың сапалы білім алуына барлық  жағдай жасалған. Кітап­хана жаңа оқулықтар, көркем әдебиет­термен қамтамасыз  етілген. Соны­мен қатар, балалардың шығармашылық қасиеттерін арттыру мақсатында түрлі үйірме мен спорттық  секциялар  ашылған. Үйірмелерге балғындар ерекше  қызығуш­ы­лық  танытуда.

Бір  айта  кетерлігі,  мұнда  тек «Арай» шағын ауданы оқушылары ғана емес, қаланың өзге де аймақ­тарынан қатынап оқитындар қатары көп.  Мектеп-лицей оқушылары бұған дейін де білім сапасын әртүрлі олимпиада мен ғылыми жобаларда дәлелдеп келеді. Бұл – мектеп-лицей ұстаздарының еселі еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар мектеп оқу­шылары  ғылыми  жетістіктерімен қатар спорт саласындағы жеңістері­мен де таны­лып келеді. Бұл – мектеп  үшін  үлкен мақтаныш, ұстаздар үшін  жемісті  еңбектің  нәтижесі.

ДИРЕКТОРДЫҢ   ДЕРЕГІ

– Бұл білім ордасы – үлкен ғиб­ратты құттыхана. Талай шәкірттің қырандай көкке қанат қағуына серпін берген алтын тұғыр. Биыл жаңа оқу жылы аясында пайдалануға берілген мектеп-лицейі ғимараты заман талабына сай салынған. Өзім мұнда жақында тағайындалдым. Алда үлкен ауқымды жұмыс жоспарлар бар. Басты мақсатым – мектеп оқушыларының күнделікті сабақ барысын қадағалау. Жалпы мұғалімдердің оқу тәжірибесін жас мамандарға үйре­тіп жатырмыз. Сынып жетекші­лерінің жұмыс барысын бағдарлау мақсатында рейтингтік жүйе жүргізіледі. Әр сынып жетекшісінің жұмы­сы тоқсан сайын бірнеше өлшем арқы­лы бағаланады. Атап айтқанда, тәрбие жұмысын жоспарлау, сыныптың сабаққа қатысуы, саламатты өмір салты, құқықбұзушылықтың алдын алу, сынып тәртібі, сынып мүліктерінің сақталуы, сынып сағаттарының ұйымдастырылуы. Міне, осындай жұмыстың нәтижесінде ұстаздардың шеберлігі шыңдалады. Мектептің материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде. Заман талабына сай ақпараттық технологияларды пайдалануға ерекше мән беріп, мұғалімдер аудио-кешенді оқу құралдарын пайдалануға қол жеткізіп отыр. «Келешек» мектебінің келешегі жарқын деп білемін, — дейді мектеп директоры Эльмира Азат­баева  бізбен  әңгімесінде.

ТҮЙІН. Бұл білім ордасы ұзақ жылдан бері руханият өкілі, білім саласы­ның майталман маманы Мырза­бек Дүйсеновтың есімімен аталады. Мектепте оқушыларды білім мен тәрбиеге баулу үрдісі жүйелі қалыпта­сып отыр.  Әлемдік өркениет­ке бет алған қазақ елінің болашағы білім мен тәрбие алауын жаққан мектеппен тікелей байланысты. Қазақстанның болашағы – білімді де талантты жастардың қолында. Сондықтан да ХХI ғасырдың жаңа буынын тәрбиелеу жолында ұстаздарға артылар сенім мол. Бұл орайда мектеп-лицей ұстаздары мен оқушылары есе жібермек емес. Біз білім ордасында  осыны  аңғардық.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: