Бүгін Шижаға ауылындағы іргелі білім ошағы Е.Көшербаев атындағы №57 орта метептің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Бұл тарихи сәт – тек мектеп ұжымы үшін ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш пен мақтаныш.
Тарихы сонау 1934 жылдан басталатын бұл білім ошағы кешегі мен бүгіннің арасын жалғаған бірнеше буынның қалыптасуына сеп болды. Заманның қиын уақытында құрылса да, іргесі сөгілмеген алтын ұя небір алыптардың айналып соғар құттыхана мешітіне айналды.
Мектеп ауласы Наурыз мерекесіне сай безендіріліп, қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа негізделген көріністермен үйлесім тапқан. Мерейтой қарсаңына орай келген мәртебелі меймандар, зиялы қауым өкілдеріне арнайы дәм ұсынылып, мектеп оқушыларының түрлі тақырыпқа сай өнерлері көрсетілді. Мектеп ғимаратында қонақтарға Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев атындағы және мектеп тарихынан сыр шертетін суреттер көрмесі таныстырылды.
Мерекелік шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Ш.Есжанов сөз алып, жұртшылықты мектептің 90 жылдық торқалы тойымен құттықтады.
– Құрметті жерлестер, қадірлі ауылдастар! Біздің басқосуымызға бірінші себеп, өздеріңіз тұрған іргелі қара шаңырақ, талай шәкіртті түлетіп, қияға қаннаттандырған білім ошағы №57 орта метептің 90 жылдығы. Мерейлі белес баршаңызға құтты болсын!
Бүгінде сол ұстаздар қауымының еңбекқорлығы және ізденімпаздығының арқасында үлкен теңізде еркін жүзіп келе жатқан іргелі білім ошағы 90 жылдық белесте өз тұғырынан бір саты төмен түскен жоқ. Солай бола да бермек. Осы жолда ортақ абырой үшін еңбек етіп келе жатқан барша ұстаздарға және осы мектептен білім алған шәкірттерге, тілеулес ағайынға мереке құтты болсын дегім келеді.
Интеллектуал ұлт қалыптастыру жолындағы ортақ ойдың жемісі саналатын әр бастамаларыңыз шәкірт жүрегіне жол тауып, ел атын шығара беруге сеп болғай. Білімді шәкірттеріңіз көп болып, әрқашан ел атын асқақтата берсін, – деген Шерхан Жұбаханұлы орта мектеп ұжымына аудан әкімінің арнайы құттықтауын табыстады.
Мұнан соң мерейтойға арнайы келген қонақтар Қызылорда облыстық футбол федерациясының бірінші вице-президенті Болат Көшербаев, облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Жұмашев, аудандық маслихат төрағасы Базарбай Төрахметов, аудан прокуроры Мадияр Бекпанов және аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназаровалар өз лебіздерін білдіріп, мектеп ұжымына сый-құрметтерін көрсетті.
Салтанатты шара барысында ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы жолында ұстаздық қызметті абыройлы атқарып келе жатқан бір топ ұстаздар Қызылорда облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен және арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл айтулы күн №57 орта мектептің өткені мен бүгіні тоғысқан, болашаққа деген сенім нығая түскен тарихи сәт болды. Ғасырлық белеске иек артқан іргелі қара шаңырақтың 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында мектеп оқушылары ән-жырдан шашу шашып, шараға арнайы келген қонақтар мен ұстаздар қауымына шетсіз-шексіз құрметтің үлгісін көрсетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!