Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ер мұғалімдер неге аз?

10.06.2024, 10:05 229

Қалың елге тәрбие мен білім беруде Ы.Алтынсарин мен А.Байтұрсынұлының ерен еңбегі болғаны бесенеден белгілі. Ал, бүгінгі күні мектеп қабырғасында ер-азаматтардың қарасы тым аз. Мектептердегі басшылық, орынбасарлық құрамның, мұғалімдердің дені – әйелдер, тіпті дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық пәндерінен де қыз-келіншектердің сабақ беретіні кездеседі. Бұл гендерлік саясат тұрғысынан жақсы шығар, бірақ берілетін тәрбиеге мән берсек, кемшілік секілді.

«Мектепке ер мұғалімдер ауадай қажет. Ердің аты ер ғой, оқушылар бізді тыңдай бермейді» деген пікірді әйел педагогтердің аузынан да естуге болады. Мектептегі тәрбиеге келгенде ер адамның орны бөлек екенін айтқымыз келеді. Жастар арасында әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуден қашып, жалтақтау да мектептегі ағайлардың қатал тәрбиесін көрмегендіктен болып отыр деп ойлаймын. Бұл – ерлердің мұғалімдік салада төбе көрсетпеуінің салдары. Ер балаларды мектеп жасынан нағыз ерге тән қасиет пен мінезге, өжеттілік пен батырлыққа, батылдыққа тәрбиелеген дұрыс.

Білім саласы ардагерлерінің бірі Бегәлі Жақыпов «Әлі есімде, елдегі қариялар әлдебір қылықтарын ұнатқан немесе қолына су құйған жас жеткіншектерге «мұғалім бол» деп бата беретін, ізгі тілек айтатын» дейді. Қазір ел арасында мұғалімдіктен гөрі табыстылау өзге мамандыққа ұмтылу жағы басым. Қазіргінің шалдары бұрынғыша «мұғалім бол» деп бата бермейді, қазір «прокурор бол, генерал бол» деп бата беруі мүмкін. Прокурор, генералың былай тұрсын, нарық заманының табиғатына сәйкес «бизнесмен бол» деген де тілек айтылып жатады.

Ұстаздық әйел адамға арналған мамандық деген түсінік неге қалыптасқан?

Бұл сұраққа нақты жауап айту қиын. Көбі қаржылық қиындыққа шыдамайды. Ал енді бірі баламен жұмыс істегенді ұнатпауы мүмкін. Сол себепті, бұл салаға ер адамдар көп келе бермейді.

«Ұстаздық – әйел адамға арналған мамандық» деген жаңсақ пікірге түбегейлі қарсымын. Себебі, әліппені ашқан кім? Ыбырай Алтынсарин. Абай атамыз не істеді, Ахмет Байтұрсынов не істеді? Ағартушылықпен айналысты. Ағартушы ұстаздардың көпшілігі дерлік ер адамдар болды. Балалар бұрын сауатты қайдан алды? Молдадан алды.

Екінші дүниежүзілік соғыс педагогика саласына көп зиянын тигізіп кетті. Ерлердің бәрі қолға қару алып, соғысқа аттанды. Үйде әйелдер балаларымен қалды. Тәрбиеге де, білімге де әйелдер араласып кетті. Сол себепті бұл мамандықта әйелдер үлесі басым болды.

– Мектепте мұғалім болып жүргеніме 7 жылдан асты. Ағылшын пәнінен сабақ беремін. Ұстаздық қызметте жүргеніме ешқашан өкінген емеспін. Бірақ бүгінгі күні мектептегі ер мұғалімдердің саны аз екені рас. Тіпті, жоғары оқу орнында оқып жүргенде де топта жалғыз ұл болғанмын. Бұл да – ер-азаматтардың мұғалім болуға ықылассыз екенінің дәлелі. Әрине, ұстаз болу оңай жұмыс емес. Оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу ісінде бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Өйткені әр баланың мінез-құлқы, көзқарасы әртүрлі. Ал мектептегі тәрбиеге келгенде ер адамның орны бөлек екенін айтқым келеді. Өзім көзіммен көріп жүрген дүниелерді айтайын, тәртібі тым қиын оқушыларды әйел мұғалімдер тәрбиелей алмай әуреге түседі. Ал мұндай оқушылар бізді көргенде қаймығады. Біз де ер-азамат ретінде оларға ақыл-кеңесімізді айтып, тура жолға салуға тырысамыз, – дейді педагог Бексұлтан Сүйкімбай.

Ер адамның ұстаздық жолда еңбек етуі – өте маңызды

Ер адамның ұстаздық жолда еңбек етуі – өте маңызды. Қанша дегенмен әйел адамға қарағанда қатал, сол себепті балалар ер мінезді болып өседі. Қазір қанша жеткіншек әкесіз өсіп келеді. Әкенің тәрбиесі бала өмірінде өте маңызды. Міне, осы тұста мектептегі ер мұғаліміне қарап бой түзер еді. Мектептегі ұстаз тәрбиесі екіжақты болуы керек. Ұлдардың артық қылығын ағайы шектеп отырса, қыздар апайларымен сырласқаны абзал. Мектептердегі бұзақылықтың алдын алу үшін жасалған жұмыстардың аздық ететіні анық. Бұған күні кешегі 9-сынып оқушысының өлімі дәлел.

Мектепте әйел мұғалімдер өте көп. Қазір мектепте ер мұғалімдер тек дене тәрбиесі мен технология пәнінен сабақ береді. Негізгі физика, математика, қазақ тілі пәндерінен ер мұғалімдер жоқтың қасы. Қолдарындағы билікті желеу етіп, ер мұғалімдердің аузын аштырмай, басын көтертпейтін дәрежеге жеттік. Мұнымен балаға қандай тәрбие беріп отырмыз? Ата-аналар жиналысына келген жас аналар баланы қажет кезінде тәртіпке шақырғанымыз үшін жерден алып, жерге салады. Қазір мектепте ер-азаматтардың беделі өте төмен. Олар мектепте еңсесін тіктеп, басын көтеріп жүруі үшін әйелдер істейтін ішкі жұмыстардан босату керек. Мысалы, керек емес бос қағазбастылықтан.

Ұжымында ер мұғалімдердің беделі жоғары болса, оқушылар да оларды тыңдап, жасқанып, нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Сондықтан да мектепте ерлер мен әйелдердің үлес саны бірдей болуы керек. Сонымен қатар, мектеп басшылары мен орынбасарлары, тіпті сынып жетекшілерінің де ер азаматтардың болғаны жөн дер едім. Мектепте ер мұғалімдер көп болса, тәртіп орнайды. Ал тәртіп бар жерде білім деңгейінің жоғары болатыны анық. Терең білім мен саналы тәрбиені сіңіріп өскен ұрпақ жаман әдеттен аулақ болады, жемқорлықтан алыс жүреді. Жемқорлық болмаған жерде бәсекеге қабілетті ел дамиды. Міне, мәңгілік ел ұрпақтарының тәрбиесі мектеп қабырғасынан басталып отыр. Ондағы ер мұғалімдердің санының көп болуы ерекше маңызға ие, – дейді 20 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Баян Шотаева.

Ер адам – бәрінен бұрын отбасының асыраушысы. Ал ер мұғалімі жоқ білім ұясы асқар таудай әкесінің төбесі көрінбей кеткен шаңырақ секілді, орны ойсырап тұрады. Озат оқушыны ғана емес, табанды, жігерлі, бүгінгідей алма-кезек заманда, сын сағатта сынып кетпейтін, рухы биік ұрпақты тәрбиелеуде ер мұғалімдердің аздығы, кей мектептерде тіпті жоқтығы білініп-ақ жүр. Сондықтан, ұрпақ жайына алаңдаған әр адам, әсіресе жоғарыдағы жауаптылар мен елдің жайын мінберлерде көтеріп жүрген азаматтар бұған бейжай қарамас деп сенеміз.

Нұрбибі МАРАТ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің 1-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: