Әсілінде, еңбек – ұлы қасиет. Адам өмірін өрнектейтін, сондай-ақ тағдырын тәркілейтін, ұрпаққа өнеге ететін асыл құндылық десек те артық емес. Еңбек жайлы сөз басында бекер айтып отырғанымыз жоқ. Біздің тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміздің күллі ғұмыры осы еңбек атты асыл құндылықпен тікелей байланысты.
Сексенәлі Раханов – маңдай терімен қоғамның дамуына елеулі үлес қосқан, ізгі іс-әрекеттерімен жұрт жүрегіне жол тапқан жан. Оның бойындағы қайсарлық, жауапкершілік пен асқан адалдық – тұтас бір ұрпаққа үлгі. Ол кәсіптік техникалық білім беру саласының тамырын тереңнен тартып, бұл жүйенің түбегейлі қалыптасуына өлшеусіз үлесін қосты. Жұртшылық кәсіби білім беруді екінші қатардағы сала санап жүргенде Сексенәлі Раханов бұл таптаурынның қате екенін дәлелдей білді. Білікті маман даярлаудың, нағыз еңбек адамының қадірін арттырудың маңызын көрсетті. Сол жолда қиындыққа мойымай, асқар асуларды бағындырды. Ауданымыздағы іргелі екі кәсіптік колледждің де ашылуының басы-қасында жүріп, кірпішін алғашқы болып қалағандардың бірі болуы – бұл сөзімізге айқын дәлел.
Біреулер басшылыққа келсе, жайлылық іздейді. Заман дамыған сайын мұндай көзқарастағы қызметкерлер де артып келеді, оны жасыра алмаймыз. Ал Сексенәлі ағамыз болса, бұл жолды ұлтқа қызмет етудің, ел ертеңін қалыптастырудың аманаты деп білді. Оның білім беру саласына қосқан үлесі – кез келген жоғары марапаттан әлдеқайда биік. «Жай мұғалім білім береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, ұлы мұғалім шабыттандырады» дейтін тәмсіл бар. Сексенәлі Раханов ұлы ұстаздың қатарында-тұғын. Ол қарапайым оқушылардан білікті маман, ұлт тірегі болар азамат қалыптастыруға бар күшін салды. Ұлтқа адал қызмет ету жолында неше түрлі соқпақ жолға кезікті. Оңай болған жоқ, кейбір басшымен келіспей қалған кездері болды, тіпті жақын жолдастары теріс айналған сәттерді де басынан өткерді. Алайда, ол алған бетінен қайтқан емес. Адал еңбегінің ақ жолына еш дақ түсірмеді.
Тек білім саласында емес, шығармашылықта да өзіндік ізі қалды. Қара сөздің қаймағын қалқыған публицистикасы, жанына жақын поэзиясы – оның сан қырлы тұлға екенінің дәлелі іспеттес. Қаламы қарымды, ойы терең, жүрегі ұлт деп соққан азаматтың еңбектері халық жадында мәңгі сақталары анық.
«Еңбек бәрін жеңбек» дейді халық даналығы. Сексенәлі Раханов – сол сөздің айқын көрінісі. Оның маңдай терімен өрілген өнегелі жолы, адамгершілік пен адалдыққа толы ғұмыры – көпке үлгі, болашаққа бағдар. Өмір деген – із. Артыңда сайрап жатқан сара жолың бар ма, кейінгі ұрпақ сені құрметтеп еске алып, дәріптей ме, бастысы – осы. Осы орайда Сескенәлі Рахановтың сары жолы ешқашан ұмытылмақ емес деп нық сеніммен айта аламыз. Ол – ел есінде, ұрпақ жадында, жүрек төрінде. Жарығың сөнбесін, майталман, ұлағатты ұстаз!
Баймағамбетова Гүлбада Матыгуловна
Арал индустриалды-техникалық колледжі
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!