Қадірлі ұстаздар! Құрметті түлектер!
Сіздерді бүгінгі «Соңғы қоңырау» салтанатымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін еліміздегі барлық мектеп қабырғасында қоңыраудың сыңғыр үні жас түлектер үшін соңғы рет соғылып, үлкен өмірдегі жаңа қадамдарына жолдама беріледі. Әлемді әбігерге салған індеттің салдарынан кезекті оқу жылын екінші жыл қатарынан ерекше жағдайда қорытындылап отырмыз. Дәстүрге сай мектеп бітіруші түлектер мен ұстаздарды қабылдап, соңғы қоңырауды кең көлемде, салтанатты түрде мерекелеуден бас тарттық. Алайда осы бір қуанышты сәттің ерекше көңіл-күйін сезінуге ешнәрсенің кедергі болмасы анық.
Құрметті түлектер!
Биылғы бітірушілер – Тәуелсіз еліміздің отызыншы түлектері. Еңсесін тіктеп, егемен ел атанған Отанымыздың 30 жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен өмірге қадам басып, жолдама алған жастарға артылар жауапкершілік жылдағыдан ауырлай түспек. Әрқашан келер күннен мол үміт күтіп, болашақты жастардың қолында деп ұққан біздің қоғам сіздерді Тәуелсіз Қазақстанның жаңа буыны, білімге құштар жаңа толқыны ретінде таниды. Сондықтан асқақ армандарыңызға жету жолында әрдайым білім алудан жалықпай, талмай ізденіп, ел тұтқасына айналыңыздар. Еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда.
Ал түлектердің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуінде уақытпен санаспай табанды қызмет атқарып, сапалы білім берген ұстаздардың еңбегі ерекше екенін атап өткім келеді.
Түлектердің жеңісі, белгілі бір белесті абыроймен бағындыруы – Сіздердің талай жылғы еңбектеріңіз бен ізденістеріңіздің жемісі, қымбатты ұстаздар! Осы ретте жас ұрпақтың санасына сапалы білім нәрін сеуіп, ұлағатты тәрбие беріп жүрген ұстаздар қауымына шынайы алғысымды айтып, ризашылығымды білдіремін.
Қадірлі жас достар!
Бүгінгі мерейлі мезетте 11 жыл бойы ұлағатты ұстаздардан алған білімдеріңіздің сыналар сәті, алда келе жатқан Ұлттық Бірыңғай тестілеу науқанына сәттілік тілеймін. Ұстаздарыңыздың талай жылғы төккен тері мен еткен еңбегін ақтап, қаламыздың абыройын асқақтатуға бар күш-жігерлеріңізді салады деп сенемін. Үлкен өмірге жасайтын қадамдарыңыздың алғашқы сынағынан сүрінбей өтіп, ойлаған жоспарларыңыздың жүзеге асуына тілектеспін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!