Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім сапасын арттырудағы бағалау жүйесінің рөлі

11.12.2025, 10:00 68

Қазіргі  уақытта  білім  беру үдерісі  қоғамның  даму  қарқынына сай  үнемі  жаңарып, жаңа талаптарға бейімделіп келеді.  Оның ішінде бағалау жүйесінің тиімділігі мен ғылыми-әдістемелік негізделуі білім сапасын арттырудың негізгі  шарттарының  бірі  ретінде қарастырылады. Иә,  бағалау   жүйесі – оқу үдерісін басқарудың маңызды құралы, оқушының оқу жетістігін объективті анықтап қана қоймай, оның тұлғалық дамуын қолдауға бағытталған кешенді тетік екені анық. Сол себепті критериалды бағалау, қалыптастырушы және жиынтық бағалау сияқты тәсілдер білім сапасын арттырудың негізгі факторы ретінде маңызды рөл атқарып  отыр.

Бүгінде  бағалау  жүйесінің тиімділігі  мұғалімнің  педагогикалық құзыреттілігіне,  бағалау критерийлерінің анықтығына, кері байланыстың сапасына және оқушының оқуға деген ішкі уәжін қалыптастыру деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан білім беру саласында бағалаудың рөлін терең түсіну, оны оқу үдерісінің әр кезеңінде дұрыс қолдану – сапалы білімнің кепілі. Осы тұрғыда арнайы «Ұстаз» бетіне арналған мақаламызда білім сапасын арттыру бағытындағы бағалау жүйесінің қазіргі уақыттағы рөліне ашығынан  тоқталатын  боламыз.

Жаңартылған білім мазмұны аясында бағалаудың функциясы да кеңейді. Бұрын нәтижені тіркеумен шектелген бағалау  бүгін­гі уақытта оқушының оқу жолын бақылап, қиындықтарын дер кезінде анықтауға және алдағы дамуына қолдау көрсетуге бағытталып отыр. Әр сабақтағы қалыптастырушы бағалау – оқушыға өз қателігін түзетуге, мұғалімге оқытудағы әлсіз тұстарды реттеуге мүмкіндік беретін пәрменді құрал. Ал жоспарлы түрде өткі­зілетін жиынтық бағалау белгілі бір кезеңде меңгерілген білім деңгейін айқындайды. Яғни, жиынтық бағалау белгілі бір бөлім немесе тоқсан аяқталған кезде өткізіледі. Ол оқушының сол кезеңде меңгерген білімін нақты көрсетуге арналған. Бағалау критерийлері алдын ала түсіндіріледі, сондықтан оқушы не үшін балл алғанын не­месе не себепті аз алғанын анық біледі. Осы реттілік жүйені әділ, түсінікті және ашық етеді. Әр қадам оқушыға да, мұғалімге  де  нақты  бағыт  береді.

Әділ әрі ашық бағалау ортасы қалып­тасқан сыныпта оқушы өз ойын еркін жеткі­зіп, сабаққа белсенді қатысады. Бағалау критерийлерінің анықтығы оған оқу мақсатын түсінікті етеді. Осы ретте тәжірибелі ұстаздардың пікірлері құнды. Педагог Асем Пірімова бағалаудың мәнін былайша түсіндіреді: «Бағалау – оқушыны қолдаудың ең тікелей жолы. Егер бала бағалаудан қысылмай, өзін бағалау процесінің толыққанды қатысушысы ретінде сезінсе, онда ол білім алуға ынталанады. Мұғалім үшін де бағалау – сабақтың сапа­сын бақылаудың, оқушыны түсінудің және оқытуды үздіксіз жетілдірудің құралы». Бұл пікір бағалаудың тек формальды іс-әрекет емес, оқытудың негізгі сыңары екенін  айқын  көрсетеді.

Заманауи бағалау жүйесі оқушының жеке ерекшелігін ескеруге жол ашады. Әр баланың ойлау қарқыны, тапсырманы орындау тәсілі, қабілет деңгейі әртүрлі. Жедел берілген кері байланыс оқушының олқылықтарын ерте байқатып, оларды түзетуге мүмкіндік береді. Осылайша оқу сапасы тек қорытынды бағаға сүйенбей, нақты  ілгерілеуге  негізделеді.

– Мен сабақта қалыптастырушы ба­ғалауды оқушының жеке ерекшелігіне қарай түрлендіріп қолданамын. Әр тапсырмадан кейін міндетті түрде қысқа, түсінікті кері байланыс беремін. Кей жағдайда оқушы өз жұмысын өзі бағалайды және жанындағы жұбымен талдай алады. Осы тәсіл оқушыға өз деңгейін нақты көруге көмектеседі. Ал жиынтық бағалау кезінде критерийлерді алдын ала таныстырып, бағалау талап­тарын ашық көрсетемін. Бұл әділдікке негіз болады, — дейді  А.Пірімова.

Мұғалімнің бұл пікірі бағалаудың күнделікті сабақтағы нақты қолданысын, оның тәртіп пен әділдікке жол ашатынын аңғартады. Сондай-ақ мұндай әділ бағалау педагог пен оқушы арасындағы сенімді байланыс қалыптастыруға да ықпал етеді. Тіпті, мұндай  ортада оқушының танымдық қызығушылығы артып, шығармашылық ойлауы дамиды. Сабақ сайын берілетін кері байланыс оқушының өз мүмкіндігін бағалап, сыни тұрғыда ойлауына жол ашады. Қазіргі жаһандану дәуірінде мұндай дағдылар ерекше қажет. Осы тұста оқу үдерісінің тікелей қатысу­шысы ретінде оқушылар да бағалау жүйесі­нің  маңызын  сезінеді.

– Қазіргі қалыптастырушы бағалау мені қатты ынталандырады деуге бола­ды. Себебі мұғалім әр тапсырмадан кейін не дұрыс, не бұрыс жасағанымды түсіндіріп береді. Осы кері байланыстың арқасында мен өзімнің қай тұста қиналатынымды білемін және келесі жолы қатемді түзетуге тырысамын. Ал жиынтық бағалау өз еңбегімнің нәтижесін  көруге  мүм­кіндік береді, — деді 10-сынып оқушысы  Ш.Сұлтанбек.

Оқушының айтуынша, қа­зіргі бақылау, бағалау жүйе­сі­ мотивацияға толы, оқу­шы­ларға белгілі бір күш беріп, оны одан сайын арттыруға ықпал  етеді.

Сонымен, бағалау тек жеке оқушының дамуына емес, жалпы мектептің білім сапасы­на да әсер етеді. Бағалау нәтижелері  оқу  бағдарламасын жетілдіруге, білім беру ортасындағы әлсіз және мықты тұстарды анықтау­ға мүмкіндік береді. Демек, бағалау – бүкіл  білім жүйесін дамытуға бағытталған  аналитикалық  құрал.

Қорытындылай айтқанда, бағалау жүйесі – оқытудың қорғаушы күші. Ол оқу үдерісін реттейді, білім сапасын арттыруға ықпал етеді, оқушының дамуына қолдау көрсетеді және мұғалімнің кәсіби өсуіне мүмкіндік береді. Бағалау дұрыс ұйымдас­тырылғанда ғана оқушы оқу нәтижесі­не  жауапкершілікпен  қарайды, өз жетістігін бағалай алады және білімді өмірде қолдануға ұмтыла­ды. Сондықтан бағалауды жетілдіру – қазіргі білім  беру  жүйе­сінің  стратегиялық  міндеті.

О.ТЕМІРҒАЛИ


Тақырыпқа  тұздық

ҮШ  СЫЗЫҚ – ОҚУШЫНЫ  БАҒАЛАУҒА АРНАЛҒАН  ӘҢГІМЕ

(Болған оқиға ізімен)

Сабақ соңында Айгүл апай балаларға ерекше тапсырма берді. Ол тақтаға қатарлап үш түзу сызық сызды. Оның біреуі ұзын, біреуі орташа, біреуі қысқа.

– Балалар, — деді апай. – Мына сызықтардың  қайсысы  бағалауды білдіреді?

Сыныпта дуылдаған үн шықты. Біреулер ұзын сызықты «бестік» деді, басқалары қысқа сызықты «екілікке» теңеді. Әркім өзіне таныс өлшеммен жауап беріп жатты.

Сол кезде сынып бұрышында үнсіз отырған Мәди қол көтерді. Ол ешқашан аса көзге түспейтін, көп сөйлемейтін, бірақ үнемі байыппен ойланатын бала еді.

– Апай, меніңше… бұл сызықтар ештеңе білдірмейді, — деді ол. – Оларды біз мағынасы бар деп ойлағандықтан ғана бағалаймыз. Ал адамды да солай, кейде біз оның жақсы-жаманын өзіміздің өлшемімізбен бағалаймыз. Бірақ ол адам өз алдында басқа біреуден мүлде артық болуы мүмкін.

Сынып тып-тыныш болып қалды.

Айгүл апай жымиып, Мәдидің жауабына сүйсіне қарады.

– Дәл солай, балам. Біз көбіне ұзындығына қарап сызықты бағалаймыз, ал адамның ішкі жүрегін көрмей жатып, асығыс пікір айтамыз. Нағыз бағалау – адамның өсуін, ниетін, тырысуын көру.

Сол күні апай дәптерлерді тексергенде, Мәдидің жұмысы басқа балалардан гөрі әлсіздеу болып шықты. Бірақ ол оған төмен баға қоймады. Оның дәптерінің үстіне жай ғана былай деп жазды:

«Бүгін сен мені өз ойыңмен таңғалдырдың. Бұл – кез келген бағадан қымбат».

Ертеңінде Мәди дәптерін ашқанда, оның жүзі бал-бұл жанып кетті. Сол күннен бастап ол сабаққа бұрынғыдан да ынталы қатысып, өзіне деген сенімі арта түсті.

Ал  Айгүл  апайдың  ойында  «бағалау – цифр  емес, бағалау – баланың өзіне деген сенімін ояту» деген түсінік мәңгіге қалыптасты.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: