Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Білім саласының абыройы үшін жұмыс істеуге даярмын»

01.05.2020, 10:30 682

HALYQLINE.KZ –| Облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы қызметіне тағайындалдым. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік пен сенім жүгі. Барша тілеулес болған азаматтарға, игі тілегін жеткізген әріптестерім мен педагог қауымға шынайы алғысымды білдіремін.

Алда білім беру саясатында Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері мен облыс әкімінің аймақ дамуына қатысты жоспарларын орындау міндеті тұр. Білім сапасын жетілдіру, педагог мәртебесін көтеру, білім беру ұйымдарының әлеуетін арттыру аса маңызды. Бұл ретте әрбір жаңа идея мен сала жұмысын жандандыруға бағытталған ұсыныстарды қолдауға дайынмын.

Пандемия кезіндегі әрбір қолға алынған шаралар өз ретімен жалғасын табады. Кеше «Атамекен» балалар ауылы, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған интернатқа барып, сақтық шараларының жұмысымен танысып қайттым. Қатаң тәртіп пен карантиндік режим толық сақталып отыр. Балалар қашықтан оқуда. Әрбір бала тәрбиешілердің жеке назарында. Қызметкерлердің сыртқа шығуына жол берілмейді. Балалардың қауіпсіздігі үшін барлық шаралар қолға алынғандығы анық көрінді.

Бүгінгі күні біз қашықтан оқыту форматындағы қорытынды тоқсанды абыроймен аяқтауымыз тиіс. Бұл үшін педагогтарға, ата-аналарға және оқушыларға осындай жауапты сәтте бірлесіп, сәтті жұмыс істегені үшін алғыс білдіремін. Қандай бағытта болмасын, білім саласының абыройы үшін нәтижелі жұмыс істеуге даярмын.

Ақзира ҚАСЫМОВА,

Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: