Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім саласында бірқатар өзгеріс болуы мүмкін

16.03.2023, 9:20 359

Білім саласының қарқыны ел мүддесі мен болашағына тікелей әсер ететінін білеміз. Сондықтан, білім жүйесіне енгізілген оң өзгерістер мен қолдаудың маңыздылығы жо­ғары болуы керек. Осы тұста, биылғы жыл елімізде білім саласындағы жаңа өзгертулерден басталып, қатаң күшейтулермен  қалыптасуда.

Басты жаңалық – ҚР Оқу-­ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау коми­тетінің ақпараты бойынша, орта білім беру ұйымдарына арналған мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, бекітілді. Ол ерекше назар аударуды және білім беру ұйымдарының көмегін қажет ететін балаларды қамтиды. Мектепішілік есепке үлгерімі төмен, сабақтан жиі қалатын, мектеп Жарғысын және ішкі тәртіп ережелерін бұзатын оқушылар алынады. Комитет төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, мектепішілік есеп ерекше педагогикалық назарды, кешенді қолдауды қажет ететін кәмелетке толмағандарды уа­қытылы анықтауға көмектеседі.

– Бүгінгі таңда барлық мектептер мектепішілік есеп жүргізуді бастады. Мектеп­ішілік есепке алудың бірыңғай тә­сілін қалыптастыру мақса­тында біз тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірледік. Енді мектепішілік есепте тұрған әрбір балаға қосымша сабақ­тар ұйым­дастырып, баланың шығармашылық, спорттық әлеуетін ашуды, әлеуметтік және психологиялық-педаго­гикалық қолдау көрсетуді қамтитын жан-жақты көмек көрсетілетін болады. Оқушыларды есепке алу туралы шешімді білім беру ұйымының алдын алу кеңесі қабылдайды, – дейді  Юлия  Овечкина.

Айта кетсек, бұл мектеп­ішілік  білім  беру ұйымдарында ғана жүзеге асатын жаңа тәсіл балаға жеке әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, елімізде мектеп күзетіне қатаң бақылау қойылып, білім ордасына кіретін бөгде адамдарға толықтай тексеріс жүргізілсін деп ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев тікелей тапсырма берген болатын.

– Балалардың қауіпсіз­дігі – барлығымыздың басты міндетіміз. Сондықтан, әріптестер, сіздерге мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шұғыл әрі тиімді жұ­мыстарды орындауды тапсырамын. Бүгін Премьер-министр­дің тапсыр­масы бо­йын­­ша   білім   беру  ұйым­да­рында қауіп­сіздікті арт­тыру мақсатында 20 ақпан мен  17 нау­рыз аралағында еліміздегі барлық мектептің қауіп­сіздік жүйесі­мен қамтамасыз етуге мұ­қият мониторинг жүргізіледі. Осы тұста өзара әрекеттесудің тиімді тетіктері әзірленсін. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы осы жылдың 20 нау­рызына дейін баяндалсын. Жергілікті атқарушы органдар­ға, білім беру ұйым­дарында турникеттермен, дабыл түймесімен, лицен­зияланған күзетпен, бейнекамералармен толық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдансын. Білім беру объектілерінің кіру тобына бақылау күшейтілсін, – деді министр.

Иә, еске салатын болсақ, Петропавл қаласында 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ  алып  келіп, 3 оқу­шыны жарақаттаған болатын. Осы ахуал түгел елді дүрліктіріп, жоғары басшылыққа оң өзгерістер мен қатаң тәртіпке шақыратын шұғыл шешім шығаруға тура келді. Нәтижесінде осындай жаңа өзгертулер жүзеге асыры­лып жатыр. Сондай-ақ, Оқу-ағарту ми­нистрі  оқушылар үшін арнайы қауіп­сіздік сабақтарының цик­лін әзір­леуді де тапсырды. Бұған де­йін бұл мәселенің көп айтылғаны да рас. Дегенмен, қайғылы оқиғаның себеп болуы­ның әсерінен енді бұл түйт­кіл  реттелді.

Білім саласына тағы да жаңа өзгеріс енгізілді. Қазақстанда педагогтердің мере­кесі – Мұғалімдер күні 5 қазанда атап өтіледі. Бұл туралы ҚР Үкіметі тиісті қаулы қабылдап, енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкес­тендірілді. Сондай-ақ, биыл өңірімізде бастауыш сынып оқушыларының барлығына тегін түскі ас берілуде. Осыған дейін бір мезгіл тегін ыстық тамақ тек әлеуметтік жағ­дайына қарай берілген болса, енді мемлекеттік мектептердің 1-4-сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылды. Бұл мүмкіндік об­лыстағы мемлекеттік білім беру ордаларындағы 70 863 бастауыш сынып оқушысына беріліп отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасында тәрбиеленетін 5-11-сыныптағы 17 382 оқушы  да  тегін  тамақтанады.

Биыл білім саласында бірқатар жаңару болатын болғандықтан, жаңа жүйеге үйренісіп, басқа да өзгеріс­терге дайын болғанымыз абзал. Өйткені Оқу-ағарту министр­лігі оқу жүйесіне тағы да қатаң тыйымдар орнату керек деп қабылдауда. Яғни, сабақ уақытында оқушы мен мұғалімге ұялы телефон пайдалануға тыйым салынады. Бұл туралы Оқу-ағарту министр­лігінің бұйрығында көрсетілген. Бұйрықта «Мұға­лімнің шешімі бойынша сабақта оларды қолдану қажеттілігін есепке алмағанда, білім алушылар мен мұғалімдер сабақтарда мобильді байланыс құралдарын пайдаланбайды» делінген. Сонымен қатар, бұйрықта оқушыларға ата-ана мен ұстаздың қай кезде жауапты болатыны әрі тәртіп бұзған жағдайда қандай шара көзделетіні жазылған. Алайда бұйрық әлі қабылданып, заң жүзінде енгізілген жоқ. Сондай-ақ, 2024 жылы да жоспарлы түрде білім саласының болашағы жаңадан қаланып, түбегейлі өзгеретін болады. Дәлірек айтатын болсақ, Оқу-ағарту министр­лігінің мәлімдемесімен елі­міздегі мектеп пәндері 100 пайыз электронды форматқа ауыстырылады. Министрдің айтуынша, электронды оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылады. Және бұл тұрғыда педагогтер үшін электронды оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемелері әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды. Осылайша, отандық білім саласындағы жаңа өзгерістер білім жүйесін 21 ғасыр талабына сай етіп, оңтайлы жолға қойып келеді. Ал білім сапасының жоғары деңгейге көтерілуі мен цифрлық және электрондық жүйенің қалыптасуы бұл өзгертулердің оң ықпалынан десек  те  болады.

О.ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: