HALYQLINE.KZ Білім – болашаққа бағытталған инвестиция. Жыл сайын мемлекет тарапынан маңызды салаға ерекше мән берілетіні сондықтан. Биыл да жылдағы дәстүр үзбей жалғасын тапты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында еліміздің алдағы даму стратегиясын айқындап, сан салаға серпін берер жаңашылдықтармен бөлісті.
Оның ішінде сапалы біліммен қамту мәселесі алғашқы орында. Мемлекет басшысы цифрландыру трендтері, жаһандану жағдайындағы білім беру мазмұнын трансформациялау бүгінде өзекті екенін алға тартты. Сондай-ақ, коронавирустың білім саласына әсері айтарлықтай болғанын және одан шығудың жалғыз жолы – жаңа жағдайға бейімделу екенін қаперге салды. Расында, 2020 тарихта ерекше жыл ретінде есте қалды. Алқымнан алған індет көптеген салаға салқынын тигізді. Білім беруде бұрын-соңды болмаған өзгеріс орын алып, қашықтан оқыту тәсілі қолданылды. Ол – ұстаздар қауымына үлкен сын болды. Коронавирустың кедергісімен, пайдалы тұсы жоқ емес. Мұны ІТ құзыреттіліктің артқанынан байқауға болады. Университет оқытушылары оқытудың жаңа әдістерін пайдалана отырып, дәріс берудің тиімді тәсілін меңгерді. «YouTube» арнасында телесабақтар топтамасы әзірленіп, қолжетімді ресурс қалыптасты. Алайда телефон мен компьютерге үңілген студенттер үшін онлайн мен дәстүрлі білімнің айырмашылығы жер мен көктей. Қуантатыны, биыл білім алушылар университет қабырғасында оқуын жалғастырады және эпидахуалға байланысты олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібінде болмақ.
Бұл ретте ғылымды өркендету жолындағы әрбір қадам жоғары оқу орындарының жауапкершілігін еселейді десек, артық айтқандығымыз емес. Жастардың әлеуетін арттыру, бәсекеге қабілетті маман даярлау жолындағы ізденіс жалғасын табады. Біздің алдымызда қашықтан оқыту кезіндегі білім сапасы кемшіліктерінің орнын толтыру, саланы алға сүйреу міндеті тұр. Бастысы, жоспар жүйелі, қолдау жеткілікті. Оған кешегі Жолдауда көтерілген бастамалар дәлел. Президент алдағы 3 жылда ұстаздардың еңбекақысын өсіруге 1,2 трлн теңге бөлуді, оқытушы-педагогтердің кәсіби біліктілігін 5 жыл сайын емес, енді 3 жыл сайын көтеру, оқушылар арасындағы ғылыми жоба конкурсы мен олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеген педагогтарды марапаттауды тапсыруы саланы дамытуға серпін берері анық. Жетекші ғалымдарға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу, ғылыми ұйымдарды тікелей қаржыландыру, гранттық қаржыландыру бойынша жобаны орындау мерзімін 5 жылға ұзарту мәселесінің көтерілуі де ғылымды дамыту – басты бағыт екенінің айғағы. Құжатта мұнан өзге көтерілген әлеуметтік мәселе көп, оның шешімін қамтитын жобалар қарастырылған. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тұсында жарияланған Жолдау осынысымен де жұртшылықтың айрықша ықыласын аударды.
Гүлзира ОРАЛОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты
👏🏻👏🏻👏🏻👏🏻👏🏻