Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім берудегі бетбұрыс

28.08.2025, 10:40 314

Білім – елдің ертеңін айқындайтын ең басты құндылық. Ұстаз – сол құндылықты ұрпақ санасына сіңіріп, қоғамды алға жетелейтін тұлға. Сондықтан мұғалім мәртебесі мен білім сапасы – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Ал осы  маңызды  деген  мәселенің  күні бүгінге дейін  өзектілігін  мына мән-жайлармен  мәлімдеуге  болады.

Білім саласындағы біршама былық: оның ішінде,  мемлекетті мезі қылған қаржы жымқыруды атамағанда, ең нәзік саланың өзінде, яғни болашағымыз деген бүлдіршіндердің өзіне бейжай қарап, былдырлаған бөбектердің білім ордасындағы бейберекеттіктері – бір бөлек мәселе. Бәрін айт та, бірін айт, тамыздың 22-жұлдызында білім беру саласындағы осы және өзге де түйткілдер түртілген тамыз кеңесі өтті.

Өнер орталығында «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұйымдастырылған бұл алқалы жиынға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, құқық қорғау органдарының басшылары, білім саласының қызметкерлері және еңбек ардагерлері қатысты.

БІЛІМ  САПАСЫ  мен  ҰСТАЗ  МӘРТЕБЕСІ – БАСТЫ  МІНДЕТ

Тамыз конференциясында аймағымыздың білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер мен жаңа бастамалар кеңінен талқыланды. Басқосуда облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие берудегі ұстаздардың қоғам алдындағы ерекше жауапкершілігін атап өтті. Ол білім саласында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңдегі басым бағыттарды айқындап берді.

– «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен биылғы республи­калық жиында Президентіміз: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді» деген болатын. Мемлекет басшымыз білім мен тәрбие жұмыстарының аясын кеңейту, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнық­тыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу, мұғалімнің беделі мен мәртебесін арттыру секілді негізгі бес басымдықты айқындап, нақты тапсырмалар берді. Бұл – тек ұстаздарға ғана емес, әрбірімізге жүктелген үлкен жауапкершілік, маңызды  міндет, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл балаларды қосымша біліммен қамтуға 9 млрд теңге қаржы бөлініп, 34 мыңға жуық бала тегін спорттық-шығармашылық секцияларға қатысуда. Осыған дейін үйірмелерді жан басына қаржыландыру спорт, мәдениет басқармалары арқылы ұйым­дастырылған  болатын.

– Алдағы жаңа оқу жылынан қосымша білім беруді қаржыландыру функциясы пилоттық жоба аясында еліміздің 6 облысындағы білім басқармасына беріле бастайды. Оның қатарында біздің аймақ та бар. Кез келген мамандық, кез келген лауазым иесі ұстаздан білім, тәрбие алады. Күні бүгінге дейін ұстазымыздың алдында өзімізді шәкірт сезінеміз, саналы тәрбиесі мен сапалы білім бергені үшін басымызды иіп, құрмет тұтамыз. Шәкірті үшін өз уақытын аямайтын, өзгенің  бақытын  бағалайтын  ұлағатты  ұстаз  қандай құрметке болсын лайық. Тәуел­сіз еліміздің жарқын болашағы жастары­мыздың бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ болуы – Сіздердің қолдарыңызда, мәртебелі  ұстаздар, — деді  облыс  әкімі.

МИЛЛИАРДТАҒАН  ИНВЕСТИЦИЯ – МЫҢДАҒАН  МҮМКІНДІК

Жиын барысында Мәжіліс депутаты Мұрат Абдуламитұлы, Парламент Сенаты­ның депутаты Наурызбай Сейтқалиұлы, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-минист­рі Майра Тұрғанбайқызы өз ойла­рын ортаға салып, білім саласын дамыту бағытындағы ұсыныстарын жеткізді. Соны­мен қатар облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы, С.Толыбеков атындағы №3 ақпараттық мектеп-лицейінің директоры Ләззат Өтеген­қызы мен Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Абайбек Талғатұлы сөз сөйлеп, өз тәжірибелері­мен  бөлісті.

Еске сала кетейік, соңғы үш жылда Қызылорда облысының білім беру саласына қомақты қаржы бағытталды. Бұл мақсатқа жалпы 812 млрд 245 млн теңге бөлінсе, соның 346 млрд 800 млн теңгесі ағымдағы жылдың еншісіне тиесілі. Қаржыландыру­дың барлық көзі есебінен өткен жылы өңірде 13 жаңа білім беру ұйымы іске қосылды.

Сонымен бірге Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 6 900 орынға шақталған 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде оның алтауы, жалпы саны 3 мың орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Ал қалған төртеудің үшеуі жаңа оқу жылының басына толық дайын болады деп  күтілуде.

БІЛІМ  САЛАСЫНДАҒЫ БАСТЫ  БОСАҢДЫҚ

Жиында жүйелі деген аты бар жүйесіз жұмыстардан жүйкесі жұқарған талап-­арызды байқауға болады. Оның ішінде, жыл сайынғы білім туралы заң өзгертулер мен толықтыруларға ұшыраса, мемлекеттік білім беру стратегиясы 8 рет өзгеріске түсті деген мәселе көтерілді. Әрбір өзгеріс са­йын қыруар қаражат бөлініп, оқулықтардың мазмұны жаңарып, жаңадан оқулықтар басы­лып жатады. Орта мектептерде жаңартылған білім беру бағдарламасын жасауда да тым асығыстыққа жол беріп алдық дейді саясаттану ғылымының докторы, қоғам қайраткері  Мұрат  Бақтиярұлы.

– Айналдырған 4 жылдың ішінде еліміз­дегі 3,5 миллион оқушыға білім беру реформаларын жасап, балаларымызды шексіз рефор­малар айсбергтік алаңына айналдырдық. Білім саласына қыруар қаржы бөлінгенімен, көптеген білім алушының білімі біліктілікке айналмады. Өкініштісі сол, жүргізілген реформаларға сай, олардың қандай білім алғандығына ешкім жауап берген емес. Осы олқылықтарға бағытталған шара енді ғана қолға алынды. Ең бастысы, «алда жасалатын реформалардың жоспары, нәтижесі қандай, қандай жетістікке жеттік?» деген жан-жақты зерттеу-сараптамаларды осы кезге дейін көрген жоқпыз. Сондықтан да, Президентіміз айтқандай, білім саласына пайдасы аз форумдар мен конференция, әртүрлі деңгейдегі жиналыстарды, қағаз­бастылық пен толып жатқан есептеушіліктерді азайтқан жөн. Бұл салада цифрлан­дыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін толық пайдалануымыз  керек, — деді  ол.

БІЛІМ БЕ, БИЗНЕС ПЕ?

Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы уақыттары білім беру саласында алаңдау­шылық туғызып отырған күрделі мәселелердің бірі – жекеменшік балабақша мен мектептердің жай-күйі. Ондағы стандартқа сай келмейтін олқылықтар мен жүйесіздіктер де бұл басқосуда ашық айтылып, тал­қылау  нысанына  айналды.

– Расын айту керек, жеке мектепке келе­тін болсақ, көрінген жерден салып, кім көрінгеннің атына тағайындап келген жекем­еншік мектеп, балабақша иелері талай алдымызға келді. Мысалға айтатын болсақ, Жаңақорған ауданында әкімдіктің келісімінсіз 2 мемлекеттік мектептің жаны­нан 5 жекеменшік мектеп нысаны бой көтерген.  Кәсіпкерлер ғимарат құрылысы біткен соң ғана келеді, болмайды деп қай­тар­сақ, қанша жағдайын алға тартады. Қазір  енді  стандартқа сай салынған  мектеп саусақпен  санарлық. Атап  айтар  болсақ, 50 мектеп болса, оның 15-і ғана стандартқа сай, ал қалғаны келіспеген деп айтуға дәлел бар, — деді  Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы мұнымен қоса, балабақша былықтарының да біршама бетін ашты. Өткен айларда мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 94 мектепке дейінгі білім беру ордасы жұмысын тоқтатқан,  осы жабылған нысандардың нюанстарын тізбектеп, минустарын мәлімдеді. Күні кешеге дейін облыс бойынша балабақша саны 1464 болған, ал қазір 1367-ге қысқарды. Осы тізімдегі балабақшалардың 10-ы ғана стандартқа сай салынған дейді әкім. Қалғандары – коттедждер, ескі үйлер, тіпті көне сауна ғимараты. Мәселен, ауылдағы 4 бөлмелі үйдегі балабақшаны ұстап тұруға жылына 16 миллион теңге қаржы құямыз дейді әкім. Аймақ басшысының айтуынша, бұл олқылықтардың қазір де бірқатары шешімін табуда. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттен бөлінетін субсидия саны қысқартылған.

ЕҢБЕГІ  ЕЛЕНГЕН  ҰСТАЗ – ЕЛДІҢ  ЕҢСЕСІ

Жиын барысында ұстаздардың еңбегі лайықты түрде бағаланды. Білім саласына сіңірген қажырлы еңбегі мен жас ұрпаққа сапалы тәрбие мен терең білім беру ісіндегі жетістіктері үшін бірқатар педагогқа ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаттары табыс етілді. Олардың қатарында ұстаздарға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі  салтанатты  түрде  тапсырылды.

Сонымен қатар облыс әкімінің Алғыс хатымен өңірдің білім саласына үлес қосып жүрген білікті ұстаздар марапатталса, жас мамандар мен кіші буын қызметкерлерге министрдің Алғыс хаты берілді. Бұл жас мамандардың еңбегін ынталандырып, кәсіби дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың  бірі  болды.

Айрықша атап өтерлігі, «Орта білім бере­тін үздік ұйым» грантына Шиелі ауда­нындағы №47 мектеп-лицейі лайық деп танылды. Бұл мектептің білім беру сапасы мен оқытудағы озық тәжірибесі, оқу-тәрбие жұмысындағы жетістіктері жоғары бағаланып, аймақтық деңгейде үздік деп танылуы ұжым еңбегінің жемісі екендігін көрсетеді.

Қорытындылай келе, жиын соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көтерілген мәселелердің әрқайсысына нақты тоқталып, оларды шешу бағытында жүйелі қадамдар жасалатынын атап өтті. Әкімнің айтуынша, жыл соңына дейін бұл түйткілдерге нүкте қойылып, сонымен қатар жаңа бастамалар мен тың ұсыныстарды іске асыруға басымдық берілмек. Бұл аймақтың білім саласын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бастауы болмақ.

Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: