Биыл алғаш рет мерекеленетін Республика күніне орай барлық білім беру ұйымдарында шығармашылық, танымдық, спорттық, мерекелік шаралар өткізілуде.
Республика күнін мерекелеуге арналған шаралар 17 қазаннан басталды. Мектептерде 1-4 сынып оқушылары арасында «Атамекен» тақырыбында патриоттық диктант конкурсы, 5-11 сынып оқушылары арасында «Менің арманымдағы Қазақстан» эссе конкурсы өтуде.
Жоғарғы сынып оқушылары мен колледж студенттерінің белсенді жастары «Мен өз елімнің азаматымын» тақырыбында пікірсайыс турларында бақ сынауда. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде «Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар» тақырыбында ұлттық мерекеге орай бейнеқұттықтаулар челленджі жариялануда.
Бұдан бөлек, «Менің елімнің тарихы» тарихи-өлкетану музейлеріне экскурсия, «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» экологиялық науқан, «Жырың болып төгілемін, елім» патриоттық әндер байқауы, мәнерлеп оқу сайысы, ертеңгіліктер, спорттық сайыстар, танымдық шаралар ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, «Қыран елім – Қазақстаным» жалпыреспубликалық патриоттар акциясы аясында сурет салу, ерекше бейнеқұттықтаулар, кітап оқығыштар байқауы өтуде.
21 қазан күні барлық білім беру ұйымдарында салтанатты жиын өткізіліп, «Патриотизм дауысы» Гимн орындалатын болады. Салтанатты шарада белсенді оқушылар мен оқу озаттары марапатталып, үздіктерге басқарманың грамоталары мен алғыс хаттары табысталатын болады.
Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!