Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейде соңғы жылдары білім беру кеңістігі едәуір өзгерген. Мұнда тек сынып бөлмелері ғана емес, оқушының қызығушылығы мен қабілетін ашуға бағытталған арнайы кабинеттер де біртіндеп көбейіп келеді. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова осы мектеп-лицейдің жұмысымен танысып, жаңартылған материалдық базасын көрді.
Сапар барысында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары да мектеп ішін аралап, оқу үдерісіне жасалған жағдаймен танысты. Лицейдің басты ерекшелігі – жаратылыстану бағытындағы пәндерге басымдық берілуі және заманауи технологиялардың кеңінен қолданылуы. Мектепте «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен бірнеше бағытта арнайы кабинеттер жабдықталған. Инновациялық обсерватория, ракета модельдеу, STEM, робототехника, жаратылыстану пәндері, сондай-ақ телестудия мен ART-студия осының айғағы. Бұл жұмыстарға жалпы 245,6 млн теңге көлемінде қаржы бағытталған.

Обсерватория кабинетінде жұлдызды аспанды зерделеуге арналған құралдар қойылған. Мұнда интерактивті панель, телескоптар мен линзалар жинағы, күн фильтрі, бейнекамералар мен планисфералар бар. Ал ракета модельдеу кабинеті арнайы жиынтықтармен, ноутбуктермен, шағын зертханалармен, цифрлық микроскоптар және старттық құрылғылармен жабдықталған. STEM кабинетінде 3D принтер мен модельдеу құралдары оқушылардың тәжірибелік жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Физика кабинетінде электр, оптика, молекулалық физика және термодинамика бөлімдеріне арналған демонстрациялық құралдар қойылған. Биология кабинеті зертханалық жабдықтармен, цифрлық микроскоптармен, микропрепараттармен және адам ағзасының үлгілерімен толықтырылған. Химия кабинеті де зертханалық құралдармен, химиялық препараттармен және цифрлық зертхана жинақтарымен қамтылған.
Мектептегі телестудия оқушылардың медиасауаттылығын арттыруға бағытталған. Мұнда арнайы компьютерлер, камералар, жарық және дыбыс құралдары бар. Ал ART-студияда гончарлық қондырғылар мен сурет салуға арналған жабдықтар қойылып, шығармашылық бағыттағы жұмыстарға жол ашылған. Оқу-ағарту министрі атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, мұндай тәжірибенің басқа білім беру ұйымдары үшін де маңызды екенін атап өтті. Алдағы уақытта материалдық базаны жаңғырту ісі жалғасын табатыны айтылды.
Айта кету керек, өңірде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қызылорда облысының түрлі салаларына 12 млрд 851 млн теңге көлемінде қаржы бөлген. Соның ішінде 2 млрд 700 млн теңгеге 58 мектептегі 317 пәндік кабинет жаңартылған. Байқоңырдағы №277 мектеп-лицейде жасалған жағдайлар оқушыға тек білім беріп қана қоймай, оның қызығушылығы мен ой-өрісін кеңейтуге бағытталған орта қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!