Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағдары айқын білім ордасы

14.07.2022, 10:00 662

Білімнің айналасында сын мен мін соңғы уақытта қаптап жүр. Тіпті саланы екіге бөліп, екі министр басшылық ететін болып өзгерді. Еліміздің болашағына бірден-бір маңызды  салаға көңіл бөлінгені қуан­тады. Өйткені өскелең ұрпаққа мектеп  табалдырығынан бастап сапа­лы білім берілуі қажет. Сол себеп­ті білім  және ғылым министр­лігінің екі ведомствоға бөлінуі жұ­мыс­тың жүйелі жүргізілуін қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта білімнің әр саты­сы сапалы жұмыс істеп, басшылық ұстаз бен шәкірттің жағ­дайын толық  қамтуға қауқары жетеді деген үміт бар. Кезіндегі «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы аясын­да бой көтерген өңіріміздің үздік мектебінің бүгінгі күнінен сөз қозғамақпыз. «Мектепті сыйлағандықтан, мамандығын жан-тәнімен сүйгендіктен мұғалім ең алдымен өзінің интеллек­тісін көтеруі керек» дейді ақын Әбділдә Тәжібаев. Осы ұстанымды ұстанып келе жатқан мектептің бірі – Байқоңыр қаласында орналасқан №277 мектеп-лицейі деп  ауыз  толтырып  айтуға  болады.

Бала тағдырын мойнына алған мектеп басшысы Жұмагүл Тілеуға­былованың білімі мен кәсіби шеберлігі, мектептің жүрегіне айнал­ған білікті ұстаздардың, білімге құш­тар шәкірттердің бірлесе жеткен жетіс­тіктері мектептің барша қазақ халқы үшін, болашақтың жарқын болуы үшін маңызын көрсетіп отыр. Мәселен, 2013 жылы ашылған мектептен күні бүгінге дейін 20 алтын белгі, 13 үздік аттестат иегері, халық­аралық, республикалық білім, мәдени-спорттық сайыстардың бірнеше мәрте жеңімпаздары түлеп ұшты. Бүгінде олардың бірі білікті маманға айналса, енді бірі алдыңғы қатардағы университеттердің грантын жеңіп алып, елдегі ғылымның дамуына елеулі үлес қосып келеді. 2020-2021 оқу жылының өзінде 49 бітіруші түлектің ішінен 38-і мемлекеттік грант иегері атанып, әртүрлі салада білім алуда. Бұл – білім сапасының жоғары көрсеткіші.

Білім ордасының ерекшелігі – ондағы әрбір жұмыстың сапалы да сауат­ты орындалуы, басшының ақылы мен тәртібіне бағыну арқылы сыйластық пен тәрбиені маңызды факторы етіп құралған өзінше шағын мемлекеттің ішкі саясаты. Осы саясат арқылы «Үздік мектеп – 2015», «Үздік білім ордасы – 2016», облыс­тық  білім  басқармасы  мен облыстық кәсіподақ комитетінің «Жыл таңдауы – 2018» қорытындысы бо­йынша «Ынтымағы  жарасқан  ұжым», «Жыл үздігі – 2019», «Әлеуметтік әріптес – 2020» номинацияларының иегері атанған мектеп ұжымы 2018-2019 оқу жылында облыстық конкурстың қорытындысымен «Орта білім беретін үздік ұйым» жеңімпазы атанып, 17 миллион теңге сертификатын қанжығасына байлады. Осындай жаңалық пен ізденіске жаны құмар білім ордасы 2020-2021 оқу жылының нәтижесімен «Үздік идея­лар жаршысы» номинациясымен марапатталды. Биылғы 2021-2022 оқу жылындағы жеткен таудай талапты оқушылардың жетістіктерінің білім аясында да жоғары бағаланғандығы ерекше марқайтпай қоймады. Мәселен, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың мектепішілік кезеңінен өткен оқушылар аудандық кезеңінен 23-орын иеленіп, оның 10-ы бірінші орынмен облыстық кезеңге жолдама алды. Республикалық олимпиаданың үшінші кезеңінің қорытындысы бойынша қатысқан оқушылардың 8-і облыстан межелі орындарды қанжығаларына байлап, нәтижесінде №277 мектеп-лицейі «Ең үздік қала мектебі» номинациясымен марапатталды. Бұл – ең әуелі сапалы білімнің, тынымсыз ізденістің, білімнің даңғыл жолына деген жолдың дұрыс бағытта екендігінің көрінісі. Мұндай жетістікке қол жеткізу, әрине, шебер ұстаз, талапшыл басшының, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұжымның арқасы. Сонымен қатар мектептің жүрегіне айналған ұстаздардың «Ыбырай Алтын­сарин» төсбелгісі­мен, Қазақ­стан Республикасы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министр­лігінің мадақ­тама қағаздарымен, «Құрмет» грамотасымен марапатталуы – ұстаз деген ұлы есімге лайықты екендіктерінің бірден-бір айғағы.

Мектеп-лицейде білім мен тәрбие ісінің қатар үйлесім тауып отыр­ғандығын оқушылардың халық­аралық, республикалық, облыстық, аудандық, қашықтан оқыту пәндік олимпиадаларының және халық­аралық, республикалық, облыстық, аудандық спорт жарыс­тарының, шығармашылық байқау­лардың жеңімпаздары атануында деп топ­шылай аламыз. Сонымен қатар өткен жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін Қазақстан Рес­публикасы Сыртқы істер министр­лігінің қол­дауымен «БҰҰ Әйелдер» ұйымы Білім керуенімен бірлесе ұйымдастырған STEM Kyzdar жобасында мектеп-лицей оқушылары І орынды иемденіп,  республикалық кезеңге қатысу   лицензиясын ұтып алды. «Дебат тек зияткерлік ойын емес, сыни ойлау дағдыларын қалып­тастырып, ақпаратты дұрыс талдауға үйрететін білім беру технологиясы» деп ҚР Оқу-ағарту ми­нистрі Асхат Аймағанбетов айт­қандай, мектеп Парламентінің «Жұлдызды қала» «Дебат» фракция­сы қалалық, аудандық, облыстық қазақша, орысша, ағылшынша лигаларынан жүлделі І орынды иеленіп, республикалық  «Ұшқыр ой алаңы» дебаттық  турниріне  жолдама  алғандығын мақтанышпен айта аламыз. Жуырда мектеп-лицейде «Жұлдызды қала жастары»  дебат  орталығының  пікірсайысшылары «Дебат технологиясы – жаңа заман талабы» айдарымен «Ұшқыр ой алаңы» облыстық пікірсайыс шеберлік сыныбын өткізіп, үш тілде ойын көрсетіп, тәжірибе алмасты. Аталмыш жетістікке жету үшін де білім ұйымындағы оқушыға қолайлы атмосфера, заманауи жабдықталған сыныптардың да орны ерекше. Әр пәнді терең үйретуге мүмкіндік беретін оқу бөлмелері қазіргі заман тала­бына  сай  жабдықталған.

Қазіргі таңда  білім  ордасында 1335  оқушы 61 сыныпта, оның ішіндегі 5-11 лицей сыныбында 158 оқу­шы білім алуда. Өрендердің сапа­лы білім алуы үшін 130 мұғалім аянбай еңбек етуде. Оның ішінде 5 пе­даго­гика ғылымдарының  магистрі,  125 мұғалім жоғары білімді, 5 мұғалім орта арнау­лы білімді, 25 пе­дагог-зерттеуші, 36 педагог-сарапшы, 25 педагог-модератор бар. Міне, 100 мектептің бірі болып салынған білім ордасы бүгінде облыстың алдыңғы шебінде тұр. Ұрпақ тәрбиелеуді өздеріне парыз еткен мектеп ұжымы әлі де талай бүлдіршінді біліммен қанаттандырып, биік белестерге жетелейтіні  анық.

Азамат  САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: