HALYQLINE.KZ Ұлттық бірыңғай тестілеуде Қызылорда облысы түлектерінің арасында ең жоғары балл жинаған Аралдың 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Рысқалиев дәрігер болғысы келеді.
Ол – Арал ауданы №220 орта мектебінің үздік оқушысы, «Алтын белгі» үміткері. Дәрігер болуға талпынысы ерекше түлек тестілеудің алғашқы мүмкіндігінде – 137 жинаса, екінші тестілеуіне 23 маусым күні тапсырып, 140 баллды еншілеуді көздеп отырғанын жеткізді.
– Болашақта әкемнің жолын қуып, медицина саласында еңбек етсем деймін. Ақ халатты абзал жан атанып, еліме адал, абыройлы қызмет атқарғым келеді. Ойлаған армандарым, алға қойған мақсаттарым жетерлік. Болашаққа нық қадам басып, арманым орындалады деген сенімдемін, – дейді Нұрсұлтан.
Білімді жас Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі рет тапсыру мүмкіндігі әр түлекке білім грантын алуға үлкен үміт сыйлап жатқанын ерекше атап өтті.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Баймырзаұлы биология пәні бойынша республикалық олимпиада жүлдегері, бірнеше мәрте облыстық, республикалық конкурстардың жеңімпазы атанған.
«Нұрсұлтанның биология, химия пәніне қызығушылығын жауапкершілікті терең сезінуі мен еңбексүйгіштігін білдіреді» дейді пән мұғалімі Абатова Гүлбану мен сынып жетекшісі Алибекова Гүлмира.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!