Айдынды Аралдың айбынды перзенттері аз емес. Сол азаматтардың алдыңғы легінде арқалы ақын, драматург Жарасхан Әбдірашевтің есімі тұрғаны ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Жарасхан ағамыздың кез келген өлеңі өзі жағасында туып-өскен теңізінің көкке шапшыған толқынындай адуын, өрлікке толы екені көзі қарақтыларға жақсы мәлім.
Аудандағы іргелі білім ордасының бірі №62 мектеп-лицей Жәкеңнің, Жарасхан Әбдірашевтің атымен аталады. Табалдырығынан аттасаңыз, өзгеше сезімге бөленесіз. Ақын жырларын жатқа оқитын жырқұмар жандардың қарасы қалыңдығы жаныңды жадыратады. Аулаға бас сұққаннан бойыңызды жыр кернегендей әсер қалдырады. Мұндағы әр сынып бөлмесі, әрбір бұйым, тіпті желмен тербелген талдардың бұтағы Жарасханның жырын қайталап тұрғандай. Тебірене түсіп өлең аталатын ұлы ұғымның қадір-қасиетін үнсіз мойындайсың.
Бір сәт ақын есімін иеленген №62 мектеп-лицейдің тарихына қысқаша тоқтала кетсек. Қазақстанда ойып тұрып алар орны бар «Желтоқсан оқиғасы» болатын жылы ашылған аталмыш мектепте алғашқыда 1007 оқушы дәріс алды. «Адал еңбек – ердің досы». Білім ордасының білікті басшылары мен білімді педагог қызметкерлерінің қажырлы еңбегі мен үйлесімді қызметінің арқасында осынау іргелі ұжым талай асуларды алды. Биік белестерді бағындырды. Төгілген тер, жалықпай іздену ізсіз кетпеді. 2016 жылы №62 орта мектебі аудандағы инновациялық мектеп-лицей дәрежесіне көтерілді. 2017 жылғы қаңтарда мектеп-лицейге Арал өңірінің төл перзенті, ақын, драматург Жарасқан Әбдірашевтің аты берілді.
«Аталмыш оқу ордасы теңіз төскейінде орналасқан іргелі мектептердің бірінен саналады. Қол жеткізген жетістігі де бөтен емес. Мектепте 1-11-сыныптар аралығында 1234 оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі білімге баулитын 4 МАД тобында 90 оқушы, мектеп жанынан құрылған шағын орталықта 75 бүлдіршін тәрбиеленіп келеді. Білім беруде шығармашыл ұстаздардың арқасында ҰБТ көрсеткіші бойынша жылда «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегері шығып отыр. Ұжымда бірқатар педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор, І санатты, ІІ санатты мұғалімдер және 1 магистр білім беруде.
Отыз жылдан астам тарихы бар іргелі білім ұясы жаратылыстану бағытында білім беретін тірек мектеп болып саналады. Соңғы үш жылда 13 «Алтын белгі» иегері шыққан. Өткен жылы Үлттық бірыңғай тестілеуде аудан бойынша ең жоғары баллды мектеп-лицей түлегі Ранай Қайырла иеленді. Аудандық, облыстық және республикалық пәндік олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми жұмыстарында да оқушылар жүлделі орындарға ие болуда. 2017 жылдан бері мектеп-лицей директоры қызметін Жасұлан Айтжанов атқарып келеді» дейді біздегі деректе.
Мектеп ұжымының ішінде ҚР білім және ғылым министрлігінің білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының марапаттарын, республикалық «Үздік педагог» жас маман, Халықаралық Қазақстан таланттары шығармашылық орталығының «Мәдениет майталманы», өзге де бірқатар түрлі төсбелгілер иеленіп, Арал ауданы әкімінің пәндік олимпиадасында жеңімпаз атанған саңлақтар бар.
Мектеп-лицейде тәрбиелік іс-шаралар мен сынып сағаттары, ата-аналар жиналысы, мұғалім шығармашылығын дамытатын вебинар, семинар-тренингтер «ZOOM» платформасымен өткізілуде. Мектеп оқушылары аудандық оқушылар, балалар өнер мектебі мен спорт мектебіндегі түрлі үйірмелеріне қатысады. Қашықтан оқу кезінде А.Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ұлттың ұлы мұрасы» атты республикалық байқауда және «Ұлы дала ұрпағымыз» атты республикалық байқауда Санжар Улияев «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының ой-өрісін дамыту, спорттық шеберліктері мен зияткерлік қабілеттерін арттыру және спортпен шұғылдануға насихаттау мақсатында шахматтан өткен облыстық жарыста мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Сабина Кішібай ІІ орынды иеленді. Ал бокстан 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 46 кг салмақ дәрежесінде 9-сынып оқушысы Данияр Кеңесханов ІІІ орынды иеленіп, теңіз төскейінің мерейін асырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында білім саласын дамытуға байланысты маңызды міндеттер жүктеді. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия білім беру саласына да айтарлықтай әсер етті. Білім жүйесінде жаппай қашықтан оқыту форматы енгізіліп, бұл педагогтермен қатар оқушыларға үлкен жауапкершілік артты. Соған қарамастан, мұғалімдердің жаңалықты жатсынбай қабылдауының арқасында өткен оқу жылы сәтті аяқталды. Ең бастысы, қашықтан оқытуды дұрыс жағынан пайдаланып, қиындыққа мойымай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірге әрекет жасасақ, бағындырар биігіміз бен алынбайтын қамалымыз болмайды. Қай кезеңде болсын жас ұрпаққа білім мен тəрбие беру – қоғам алдындағы ең маңызды, жауапты іс, – дейді Жарасхан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицей директоры Жасұлан Маханбетұлы.
Жұмабек Табынбаев,
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!