Аманөткел ауылдық округіне қарасты Ақшатау ауылында 60 орындық негізгі мектеп ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов және Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, жиналған жұртшылықтың қуанышымен бөлісті. Бұл туралы Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жергілікті жұрттың көптен күткен қуанышты сәтінде сөз алған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Жолкелдіұлы аймақ дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, білім саласы бойынша атқарылған жұмыстар легін қысқаша баяндады.
– Қадірлі қауым, құрметті жерлестер! Ең алдымен сіздерді Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Міне, өздеріңізбен жылдың басындағы жағымды жаңалықпен жүздесіп тұрмыз. Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын. Бүгін өздеріңіз естіп, біліп отырғандай аудан көлемінде біршама әлеуметтік нысанды ел игілігіне пайдалануға беріп, аймақ басшысы жұртшылықтың қуанышына ортақтасты. Өздеріңізге облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының сәлемін жеткізе келіп қалдық. Біз ең алдымен әрбір ауылдың баласы сапалы білім, саналы тәрбие алғанын ойлаймыз. Аймақ басшысының да тілегі сол. Сол бастама аясында қолдау тапқан бүгінгі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Елдегі мердігер есебінен салынған мектеп ғимараты ауыл балаларын түгелдей қамтитындай мүмкіндікке ие. Біз бұл арқылы бұған дейінгі бастауыш мектеп ретінде жұмыс істеп келген білім ошағының мәселесін шешетін боламыз. Енді ауыл балалары бастауыш сыныпты аяқтаған соң аудан орталығына немесе басқа ауылға бармай оқуларын осы жерде, өз үйлерінен қатынап жалғастыратын болады. Жаңа ғимарат ел кәдесіне жарай берсін. Ауылдағы алтын ұядан елге белгілі азаматтар түлеп шығуына тілекшіміз! Ел іргесі берік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Жаңа мектептеріңіз құтты болсын! – деді облыстық мәслихат төрағасы М.Тілеуімбетов.
Айта кету керек, Ақшатау елді мекенінде 1-9 сыныпта оқитын 46 оқушы бар. Оның ішінде 1-4-сыныптарда 11 бала, 5-9-сынып аралығындағы 35 оқушы Аманөткел елді мекеніндегі №73 мектеп жанындағы интернатта, Қамыстыбас елді мекеніндегі №21 жанындағы интернатта және 19 бала Әйтеке би кенті мен Арал қаласында туыстарының үйінде жатып оқиды. Елді мекенде 0-6 жас аралығында 20 бала бар. Ауылдан негізгі мектеп ашылған жағдайда 13 мұғалім жұмыс істейтін болады.
Ақшатау елді мекенінің Аманөткелдегі мектеп жанындағы интернатқа жатқызылған 5-11-сыныптардағы оқушылары апта сайын үйлеріне апарып және алып қайтатын уақытта дария үстіндегі қалқымалы көпірден өтеді. Көктем және қыс айларында мұз қату және сең жүрген уақыттарда жол қатынасы қиындап, 25 шақырым жолдың орнына маңайдағы Ескіұра және Қызылжар елді мекендері арқылы 75 шақырым жолды айналып өтуге мәжбүр болады. Енді сол қиындықтардың барлығы артта қалады. Жаңа мектеп спорт зал, акт залы, асхана және кітапханалар мен жекелеген пәндік кабинеттермен жабдықталған. Балалар ІІІ тоқсаннан бастап білім алатын болады.
Ел кәдесіне жарайтын еңселі мектеп ең алдымен аймақ басшысының айрықша қолдауы нәтижесінде мүмкін болып отыр. Жаңа ғимаратта ауыл балаларына емін-еркін білім алуға толық жағдай қарастырылған. Жалпы құны 350 млн теңгені құрайтын білім ордасы жеке кәсіпкер А.Жалғасбаевтың жеке қаражаты есебінен салынды. Мектеп ғимаратын мемлекет қаржысы есебінен сатып алу жұмыстары аяқталды.
Ел-жұрт асыға күткен еңселі ғимараттың ашылу салтанатында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан бір топ азамат облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Келген қонақтар жаңа мектептің лентасын қиып, ғимарат ішін аралап көрді. Көрнекі құралдармен жабдықталған пәндік кабинеттерді аралап, білім ошағында ел-жұртпен пікірлесті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!