Президенттің тапсырмасына сәйкес, бүгінгі Үкімет отырысында «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы қабылданды. Бұл туралы ҚР Олжас Бектенов мәлімдеді.
– Бүгінде елімізде шамамен 7 млн бала өсіп келеді. Яғни, халықтың үштен бір бөлігінен астамын балалар құрап отыр, нақты айтсақ – 34%. Еліміздің болашағы отаншыл, жасампаз ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда “Қазақстан балалары” бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды, — деп атап өтті.
Жиында жауапты министрлер бірыңғай тұжырымдама жобасының негізгі тәсілдері туралы баяндады. Құжатта білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасының әл-ауқаты салаларында балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты іс-шаралар жоспары қамтылған.
Премьер-министр соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар маңызды қадамдар жасалғанын айтты. Оның сөзінше, заңнамалық база айтарлықтай кеңейтілді, әсіресе балаларға қатысты қылмыстық әрекеттер үшін жазаның бұлтартпас қағидаты қатаң сақталып отыр. Отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылып, оған жүгінген әрбір азаматқа міндетті түрде көмек көрсетіледі және тиісті тексеру шаралары жүргізіледі. Барлық өңірде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер жұмыс істейді, олар балалардың құқықтарының сақталуын бақылап, отбасыларға қолдау көрсетіп келеді.
Сонымен қатар 1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымдарында «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл тексерулер балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану сапасына қатысты болады. Осыған байланысты Олжас Бектенов Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Туризм және Ішкі істер министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, 30 қаңтарға дейін ерекше бақылау мен қадағалауға жататын нысандардың тізілімін дайындауды тапсырды.
Балалардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында қамқоршылық органдары мамандарының жаңа штаттық нормативі енгізілді. Бұл бір жыл ішінде саладағы мамандар санын үш еседен астам арттыруға мүмкіндік берді. Осы мамандардың негізінде өңірлерде бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылып жатыр.
Алайда Премьер-министр бұл жұмыстың барлық өңірде бірдей жүргізілмей отырғанын сынға алды. Оның айтуынша, Ақмола және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ елордада ғана нәтижелі жұмыс байқалады. Қалған өңір әкімдіктеріне екі ай ішінде бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру ісін аяқтау тапсырылды.
Олжас Бектенов өткен жылдың 1 шілдесінен бастап отбасына орналастырудың жаңа нысаны – кәсіби қабылдаушы отбасы енгізілгенін де еске салды. Әр балаға 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы, әр тәрбиешіге 70 АЕК көлемінде қызмет ақысы қарастырылған. Алайда бұл бағытта бірде-бір облыста нақты жұмыс жүргізілмегенін атап өтті. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне аталған жұмысты жандандыру тапсырылды.
Үкімет отырысында бірқатар түйткілді мәселелер де көтерілді. Соңғы жылдары балалардың сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі артқанымен, мамандар мен дәрілік заттардың жетіспеушілігі, балаларды оңалтуға қатысты шағымдар әлі де бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың жаңа тетіктері енгізілгенімен, оны тиімді іске асыру үшін дефектолог, логопед, сурдолог сияқты арнайы мамандар жеткіліксіз. Сонымен қатар балалардың, оның ішінде цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Көптеген ауыл балалары үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалып, жасөспірімдер өзін дамытуға мүмкіндік таппай отыр.
Премьер-министрдің айтуынша, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Тұжырымдамада көзделген нысаналы индикаторлар балаларды дамыту, қолдау және қорғаудың орнықты жүйесін қалыптастыруы тиіс.
Қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы балалар мәселесін жекелеген бастамалар деңгейінде емес, біртұтас мемлекеттік саясат ретінде қарастыруды көздейді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!