Әне-міне дегенше оқу жылы да өз мәресіне жетті. Барлық оқушы жазғы демалысқа аттанып, не істерін білмей әлек. Жора-жолдастармен көңілді уақыт – өткізуге немесе күні бойы сүйікті фильміңді көріп, көптен оқуға ниеттенген кітабыңды оқу үшін таптырмас уақыт. Алайда бүлдіршіннің бәрі дерлік жазғы демалысын бір сарында өткізгісі келмесі анық. Бала жүрек күнделікті дүниелерден бөлек, ерекше демалысты аңсайды. Үйдің айналасынан тыс жазғы демалысты қалай тиімді өткізуге болады? Осы сауалға жауап іздеп, бірқатар ұсынысты қарастырмақпын.
Ауыл – баланың нағыз еңбектің құдіретін сезетін, бойындағы әлсіздікті жеңіп, физикалық тұрғыда дамуы үшін таптырмас орны. Балаңызға атқа міну, ұлттық ойындарды ойнау сынды хардкорлармен айналысу адреналинді сезініп, қорқынышын жеңуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, жаңа достар тауып, гаджетке телмірмей, уақытын тиімді пайдаланады. Және ең бастысы, құрт пен май, шұбат пен қымыз сынды тамақтарды қорек етсе, балаңыздың денсаулығы жөнінде түк алаңдамасаңыз болады.
Лагерь – өзге балалармен коммуникация орнатып, жаңа достар табуға септігін тигізетін бірден-бір жер. Елімізде балалардың жазғы демалысын тиімді әрі көңілді өткізу мақсатында біршама лагерь орталықтарды жұмыс істейді. 4 мезгіл берілетін тамақ, кепілдендірілген қауіпсіздік, спорттық және мәдени шаралар бүлдіршіндердің игілігі үшін жасалады. Балаңыздың рухани дамып, топтық жұмыстың не екенін түсінгенін қаласаңыз, дисциплинаға бейімделсін десеңіз, онда тынығу лагерінің балаңызға берер пайдасы орасан зор.
Кітап оқу. Бұл ұсыныс көбіңізге ұнамауы мүмкін. Онсызда сабақ-сабақ деп сергелдең болған балаларға жаз бойы кітап оқытқаннан не пайда дейтін боларсыздар. Бірақ, мектептің оқулығы мен әдеби кітаптар арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Бірін амалдың жоқтығынан, бағаның қамы үшін оқыса, екіншісін сүйіспеншілікпен, сюжетке деген қызығушылықпен оқиды. Кітап оқығанның балаға берер көмегі мол. Мәселен, логикалық тұрғыда ойлану, психологиялық сауат, сыни ойлау секілді қасиеттер кітап оқу арқылы қалыптасады. Андерсонның ертегілеріне құмартқан жеткіншектің тұла бойы мейірімге толы, отбасына адал боларына ешкімнің күмәні жоқ болар?
Демалысты өткізу әркімнің өз шешімі. Не болсада пайдалы жағын қарастырып, оптимистік тұрғыдан ойлаған жөн. Жазғы демалыстың қалай өткені келер ұрпақтың шыңдалуына, тұлға болып қалыптасуындағы алар орны ерекше. Сондықтан, мейлінше уақытты тиімді пайдаланып, демалысымызды жөнді өткізелік.
Алуа ОРАЗБЕК,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 1-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!