Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа жыл – жақсылық мерекесі

25.12.2023, 18:00 364

HALYQLINE.KZ

Жаңа жыл – балардың ерекше асыға күтетін мерекесі. Жылда осынау мереке қарсаңында бұрынғылардың «жерде бір бала қуанса, аспанда мың періште шаттанады» деген сөзіне көз жеткізгендей боламыз. Әсемдік пен әдемілікті, қиял мен сиқырдың сыңарындай осынау ғажайып мерекеден қазалылық балдырғандардың да күтері көп.

Соған сәйкес жыл сайын Қазалы ауданы әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңажылдық шыршасын ұйымдастыру дәстүрге айналған.

Жылдағы үрдіс бойынша балғындарды қуанышқа кенелтетін «Нұр себеле, Жаңа жыл!» атты аудан әкімінің шыршасы өтті. 150-ге жуық балақай қатысқан мерекелік іс-шараға аудан басшысы Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, өзінің жылы лебізін жеткізді.

– Ескі жыл еліміз үшін мерейлі белестер жылы болды. Барлық салада да өсіп, өркендеу бар. Сіздердің барлықтарыңыздың биыл жақсы нәтиже көрсеткендеріңізді білемін. Мен бұл үшін өте қатты қуаныштымын.

Жаңа жылды қарсы алу – жаңа армандармен қауышу. Сондықтан келер жылы алға қойған мақсаттарыңызға жетіп, ата-аналарыңызды қуантып, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар.

Баршаңызға жаңа ұлу жылында бақыт, денсаулық, үздік оқу тілеймін. Жаңа шындардан көрініп, ауданымыздың даңқын көтере беріңіздер, – деп лебізін жеткізді аудан басшысы.

Мұнан соң жаңа жылдың кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алған балдырғандар өз өнерлерін көрсетті. Ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салып, Аяз атаның сыйлықтарына ие болды. Сондай-ақ жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлерінің ғажайыпқа толы қойылымдарын тамашалап, ерекше күйге бөленді.

Жаңажылдық мерекеде балақайларға аудан әкімінің сыйлықтары үйлестіріліп, арнайы жасалған тәтті торт сыйға тартылды. Іс-шара соңында қатысушы жеткіншектер жайылған дастарқаннан дәм татып, қуанышқа кенелді.

Ж.АЙДАРБЕКҰЛЫ,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: