Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық әлеуметтік жобасы аясында осы жылы толықтай жаңғыртудан өткен Қызылорда облысының Арал қаласындағы Жарасхан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің жұмысымен танысты.
«Қазақстан халқына» және Білім беруді тұрақты дамыту қорлары бастаған жоба аясында ауыл мектебінің базасына толықтай жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, STEM зертханасы, АRТ-студия мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары ашылып, барлық оқу кабинеттері, кітапхана мен спорт залы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.
– Бүгін мектебімізде 1260 оқушы білім алуда, оған 142 ұстаз сабақ беруде. Тірек мектептердің әлеуетін арттыру жобасы аясында мектебіміз жаңаша келбетке еніп, оқушыларымыздың сапалы білім алуымен қатар, шығармашылығын арттыруына керемет мүмкіндік туды деп есептейміз, – дейді тірек мектеп директоры Жасұлан Айтжанов.
Жобаның бас серіктесі – NIS тірек мектебінің білім беру үдерісіне талдау жүргізіп, мұғалімдердің кәсіби қиындықтары мен педагогикалық қажеттіліктерін анықтады. Соның нәтижесінде Арал мұғалімдері өңірдегі Зияткерлік мектебінде тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін арттыру курстарында әдістемелік қоржындарын тың идеялармен толықтырды.
– Тірек мектептерге әдістемелік қолдау көрсету жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырамыз. Сәуірдің алғашқы онкүндігінде мұғалімдеріміз ауыл педагогтерімен бірлескен сабақтар жүргізіп, олимпиада мен ғылыми-зерттеушілік жобаларға дайындау бағытында семинар-тренингтер өткізетін болады. Сондай-ақ, сабақты жоспарлау, оқушыларды бағалау бойынша тәжірибе алмасу жүргізіліп, заманауи зертханаларда жұмыс жасау бойынша кеңес беру алаңдары ұйымдастырылып, сапалы оқу үдерісін ұйымдастыруға қажетті қолдау көрсетіледі, – дейді Зияткерлік мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов.
Айта кетейік, қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты азайтуды мақсат еткен жобаға биыл еліміз бойынша 17 ауылдық тірек мектеп таңдалынып алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!