Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Тіл үйрену мен үшін хобби сияқты»

19.09.2024, 11:30 249

Қазіргі таңда вундеркинд балалар аз емес. Таланты тасада қалдырмай, дарынымен дара болғандар бар. Соның бірі – 12 жастағы Магда Бекахмет. Жас полиглот жеті түрлі тіл біліп, жеті жұрттың білімін жиып жүр. Тақылдап сөйлегенде ойы озық, сөзі шымыр екенін аңғармау мүмкін емес. Оның ынта-ықыласы тіл меңгеруге ықпал еткен. Әрі аса қиналмағанын да айтты.

Магда БЕКАХМЕТ,

полиглот:

– Небәрі екі жасыңызда тіл меңгеруге ұмтылғаныңыз – үлкен  жетістік. Ал,  қазір      7 тілді жетік білесіз. Оның ішінде түрік, араб және испан  тілін  үйренудегі мақсатыңыз не? Неліктен  таңдауыңыз  соған  түсті?

– Енді мақалдап айтып жіберейін. «Ұяда  не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді атамыз қазақ. Кішкентай кезімнен отбасым жан-жақты етіп, өнерге баулығандықтан, араб тілінен де алыс болмадым. Үйімізде бір сурет бар. Онда жылтырақ тастармен әртүрлі араб сөздері жазылған. Кішкентайымда оны жай ғана түсініксіз сурет деп ойлағанмын. Бірақ, 9-10 жасымда араб әліпбиін тани келе, Жаратушының аты жазылғанын аңғардым. Кейіннен қазақ тіліндегі көп сөздердің араб тілінен аудармасын білдім. Мысалы, мектеп – «мактабун», кітап – «китабун», қалам – «қаламун» деген сөздерді естігенде қызығушылығым арта бастады.

Ана тілімнен соң, түрік тілі – ең сүйікті тілім. Қазақ тіліне ұқсас, бірақ өз сөздері мен әріптері бар осы тіл мені әрқашан қызықтырған. Әпкем екеуміз түрік музыкасын жақсы көреміз. Үйде қосып, айғайлап бірге айтып жүретінбіз. Түрік тіліне махаббатым осылай оянды. Кейін «merhaba» мен «nasilsiın» сынды басқа сөздерді үйренгенде тарихи киноларды қызығып көре бастадым. Жеті жұрттың тілін білсем де, өз тілімді құрметтеймін.

Испан тіліне қызығушылығым 2-3 жыл бұрын басталды. Ол кезде испанша «Un, dos, tres» әні тренд болатын. Әнді сүйіп тыңдадым. Кейін YouTube-тан әртүрлі испан тіліндегі видео, испан тілі әліппесі шықты. Сондықтан, белімді бекем буып, тілді үйренуге кірісіп кеттім.

– Американдық полиглот Александр Аргуэльестің  «Shadowing» тәсілі бар. Фильмдер көру арқылы актердің эмоциясымен мәтінді қайталау. Бұл айтылымды  да  түзейді  дейді. Байқасақ, сөйлегенде  қимыл-қозғалысыңыз  бен  жүзіңіздегі  эмоция  жарқын  көрінеді. Бұл  бойыңыздағы  ерекшелік  пе  әлде  әлем  тілдерін  оқудағы  тәжірибе мен  тәсілден  бе?

– Дәлірек айтсам, екеуінің де қатысы бар. Негізі, кішкентай кезімнен еркін болып өстім. Қуаты тасыған қызбын. Түрлі-түрлі тақпақтарды беріліп айтатынмын. Яғни, энтузиазм да тілге ықпал еткен секілді. Бір жағынан, тілдің сөйлеу жағы да еңбек пен дағдыны қажет етеді. Мәселен, қытай тілін жазбаша жақсы білсеңіз де, ауызша екпіннен шатассаңыз, сөздің мағынасы ауысады.  Сол себепті, өзіндік акцентін үйрену қажет.

– Қытай тіліне қызығушылығыңыз қосымша арқылы келді және солай үйрендіңіз. Бұл кезеңде қандай қиындықпен бетпе-бет келдіңіз? Және миға жүктеме түскен күндер болды ма? Күніне қанша уақыт  бөлесіз?

– Ол кезеңде қиыншылық мүлдем болған жоқ. Әпкемнің телефонын алып, бірде арнайы қосымша тауып алдым. Өзім де жан-жақты болғандықтан, ізденгенді жақсы көремін. Шынында, барлығы оңай да ойын жолмен берілді. «Мынау суретті сал» сынды әртүрлі дауыстар шығып, қызықтырғаны сонша, «ойынды» ойнап қытай тілін үйреніп жатқанымды өзім де байқамаппын. Негізі аптасына 1 рет 1 сағат арнасам, кейде  мұғаліміммен  сөйлесеміз.

– Көп тіл білу – көптік етпейді. Алдағы уақытта тағы қандай тіл үйренбексіз? Әрі өзіңіз онлайн және офлайн курс өткізіп, блог жүргізіп жүрсіз. Бұл оқуыңызбен қабаттасып кетпей ме?

– Испан, түрік, араб, корей тілдерін жетілдірген соң, Еуропалық итальян, француз тілдерін меңгермек ниетім бар. Өйткені, француз әнін ұнатамын, кейбіреуін өзім айтамын. Мұндайда барлығы «французша білесің бе?» деп сұрақ қойғанда, «жоқ, жай ғана ән айтамын» дегім келмейді. Ал, итальян тіліне қызығушылығым көшеде кездескен итальяндықтар арқылы артты. Олардың итальянша сөйлегенін естіп, түсінгім, тілдескім-ақ кеп тұрады.

Оқуыма әсер етпейді. Себебі, тіл үйрену мен үшін хобби сияқты. Бос уақытымда пайдалы дүниелермен айналысқанды жақсы көремін.

– Өнерден де алыс емессіз. Домбыра тартып, пианинода да ойнайсыз. Болашақта сізді қай саладан  көреміз?

– Шынында, болашақта тіл саласындағы мектебімді ашып, қазақ балаларының тілге, білімге деген сүйіспеншілігін арттырсам деймін. Сонымен  қатар,  тағы  бір арманым – актриса  болу.

– Дегеніңізге жетіңіз. Сұхбатыңызға  рақмет!

Әңгімелескен

Замира  ДАСТАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: