Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмір туралы өзіме хат

11.05.2023, 9:40 1108

Өнер үшін, яки, өнерпаз үшін бір-ақ өмір бар, ол – ізденіс, үздіксіз іздеу, табу, ашу.

Әбіш Кекілбаев

Дүние есігін ашқан әрбір адамның ең басты құндылығы – өмір. Сол себеп­ті өмірімізді мағыналы да мәнді өткізуді мектеп қабырғасында жүргеннен бастап алдымызға мақсат етіп қоюға тырысуымыз керек. Өкінішке қарай, қазіргі таңда уақытын, өмірін мәнсіз өткізетін, қиындыққа шыдамайтын, ерік-күші әлсіз, рухани дүние­сі  таяз  жастар  өте көп кездеседі.

Өмір дегеніміз – баға жетпес асыл зат. Өмірді дүниеде еш нәрсемен салыстыруға болмайды. Өмір әрқашан өз бағытымен енеді. Өмірді қалай өткізетіні­мізді  өзіміз білеміз, өйткені бұл – өз еркіміз. «…Өмір дегеніміз – баға жетпес бақыт. Адамның шыр етіп дүние­ге келгенінен бастап о дүниеге дейінгі аралық. Сол аралықта пенденің қуаныш-қайғысы, демалып, тіршілік етуі, жақсылығы мен жамандығы, қол жеткен табыстары мен сүрініп, өкінген сәттері, себепті-себепсіз реніштері мен қиын жолдан барып жеткен жеңіс­тері…». Бұл – менің әжемнің жүн иіріп отырған кезінде сұрағаныма берген жауабы. Әжемнің өмірі сол, қолындағы иірім доғалап жіп сияқты. Шиыр­шық жіптер – өмірінің кезеңдері, жолы, қиыншылығы, қуанышы.

Менің өмірге келуім бекер емес. Мен туылдым, әкем-анам, ата-әжем,  туыстарым түгел  жиналып маған Нұрай деп есім беріпті. Әжемнің айтуын­ша, менің атымды әкем қойған екен. «…Нұрайым, менің түн мезгілінде, жұмыстан кеш қайтар болсам, толған айдай болып, жолымды жарық етіп тұрсын» деп. Егер шын мәнінде менің өмірім айтулы сәттерден басталса, демек, менің бұл өмірде орындау­ға тиісті миссиям бар болғаны ғой. Бірақ, ол қандай міндет, әзірше оны дөп басып білмейтінім рас. Мүмкін бір кездері ақ жолақтан өтіп бара жатып, кішкентай мысықты автокөліктен аман сақтап қалармын. Бәлкім, менің бір ғана дауысым, сайлауда бір депутаттың тағдырын шешетін болар. Әлде, өскен соң ғарышкер болып, адамзатты жаңа ғаламшарға көшіруге себепкер боламын ба? Керек десеңіз, дәрігер-ғалым  болып адамзатты айық­тыратын бір дәрі тауып, мыңдаған, тіпті миллиондаған  адамды  аман  алып  қалармын…  Әзірге бұл мені сан ойландыратын сұрақтар болып қала береді. Бірақ, менің қазіргі   балалық «өмір жолым» жақсы білім алып, ата-анамды ұялт­пайтын, керісінше оларды мақтан ететін жақсы істер жасап, өзімнен үлкен аға-апаларымды құрмет тұтып, өзімнен кейінгі іні-сіңлілеріме барынша қолғабыс болу міндеттерден құралмай ма?! Әрине, дос-құрбыларыммен ойнап-күлуді де естен шығармаймын ғой. Өйткені, мұның бәрі – өмір, маған  берілген  өмір.

Бір күнгі өмірім қалай өтіп жатыр? Қаншалықты қызықты, қаншалықты іш пысарлық? Бұл сұрақтарға жауап беріп  көрейінші.

Таңертең ұйқымды қия-қимастан тұрып, жуынып, таңғы асқа отыра­мын. Бұл кезде үйдегілердің бәрі «қызу» дайындықта жүреді. Ата-анам жұмыстарына дайындалып жатса, мен сияқтылар сабақтарына қамданады. Алтыншы сыныпта оқитын кішкентай сіңлім ғана тәтті ұйқыда. Тіпті әжем де таңғы намазын қалдырмайын деп бүкшеңдеп жүр. Бір-бірімізге жаңа күнге сәттілік тілеп, тұс-тұсымызға тара­сып кетеміз. Ал, ең қызықты сәт – кешкі аста бас қосуымыз. Отбасымыз болып кешкі аста дастарқан басына жайға­сып отыруымыз – менің бір күнгі өмірімнің ең тамаша сәті. Әжемнің «бісмілләсінен» бастап ішкен асымыз бойымызға қуат беріп, бір қуаныш сезімін сыйлайды. Бір-біріміздің жаңалығы­мызды айтып, қызығы­мызды ортаға салып, пікірлерімізді сан-сала­ға ұлас­тырып, «дебат» ұйым­дас­тырып та жата­мыз. Осындай сәттерде сіңлімнің теледидардағы музыкаға қосы­лып, қызып кетіп билейтіні тағы бар. Бәріміз мәз-мейрам болып жатамыз. Бұл менің бір күн өмірімнің ең бақытты сәттері, және ондай сәттер күнде жалғасып жатыр. Өмірімнің осылай бақытқа толы сәттерден құралатынын көріп, мен өзімді ең бақыттымын  дей  аламын.

Әрине, өмір – қиыны да, қызығы да қатар жүретін болғандықтан соны­сымен өмір  ғой. Мұндайда  мен көмекші   іздейтінім  рас. Менің  көмекші­лерім – психологиялық сабақ­тар немесе бір ақылгөйдің әлеу­меттік желіге  жазған   кітабы  емес. Тіпті музы­ка  да  менің ренішімді, өкпемді  баса  алмайды. Мен өзімді ондай – «бөгде, бейтаныс көмекшілерге» сырлас болуды үйреткім келмейді. Менің өмірлік көмекшім – ата-анам. Әкемнің бір ғана «айналайын» дегені төбемді көкке жеткізеді. Анамның басымнан сипап, маңдайымнан сүйгені мені бірден сабырға түсіреді. Әжемнің «ақылды қызым» деген жылы сөзі мені жігерлендіреді. Ағамның  «бәрі  де жақсы болады, қарын­дасым, қасыңда мен бар емеспін бе» деуі маған күш беріп, қуаттандырады. Ренжігенімді сырттан көріп тұрған сіңлімнің періште көздері мені аймалап, жұбатады. Алыста жүрсе де Сандуғаш апамның күн сайын телефон соғып, жағдайымды сұрап, сабағыма, әсіресе, ҰБТ-ға дайындығымды біліп, жанашырлық танытатыны расында маған үлкен рухани күш береді. Мен еңсемді көтеріп, маңайымдағылардың мені жақсы көретінін көріп, ренішімді ұмытамын. Тіпті ашуланбаймын енді. Түкке тұрмайтын нәрсе үшін мұңаймаймын да. Сабағым жақсы, денсаулығым жақсы, отбасымды  мақтан етемін, жан-жағым мені құрметтейді… Бұдан артық не керек?! Мен өмірге келгеніме  Аллаға  ризамын!

Ата-анам, әжем, апаларым маған ақылын айтып жатады. Олардың айт­қандарын миыма емес, жүре­гіме сақтап қалуға тырысамын. Миым­дағысы кейін ұмыт болуы мүмкін, ал жүрегімдегі мәңгілік сақталады. Менің өсіп-жетілуімде үлкендердің айтқан ақылдары үлкен азық болады деп білемін. Үлкендердің маған үйреткені – өз өмірімді жақсы етуге қажетті ең маңызды ресурс. Ақыл-парасат, жақсы білім, өнегелі тәрбие – менің ата-анамның, һәм  ататегімнің әрі қарай ұласуына маған қажетті басты қазына. Бұл қазынаны мен өз өмірімде бір тамшысын да ысырап етпей, мектебімді ойдағыдай аяқтап, оқуға түсуге, өзім қалаған мамандықты игеру­ге, онан кейін қызметке тұрып, адал жұмыс істеуге, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуға, өмірлік достар табуға жұмсай аламын. Мені өмірге әкелген ата-анам сияқты мен де отбасы құрып, кейін өз балаларыма осы қазынаны беретін боламын. Ал, олар менен алған өмірлік азықтарын өз балаларына беретін болады. Осылай өмір жалғаса бермек. Менің өмірге келуімнің маңызды миссиясы да осы емес  пе?

Өмір,  қымбатсың  сен  маған. Қымбат болғаның үшін мен сенің әрбір сәтіңді бағалайтын боламын. Маған шуақты күндер сыйла, өмір! Маған қызықты күндер сыйла, өмір! Мені сүріндірме, жылатпа, өмір! Мені тек алға жетелей бер, өмір! Өйткені мен  ата-анамның  өмірінің  жалғасымын!

Нұрай  Егізбаева,

№12 Ілияс Қабылов атындағы 

ІТ мектеп-лицейінің 

11 «б» сынып оқушысы,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: