Облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбеттің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Бұл туралы Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға сала мамандарымен қатар, орта білім беру мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері онлайн форматта қатысты.
Күн тәртібінде алғашқы мәселеде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, оның ішінде буллингтің алдын алу бағытындағы профилактикалық шаралары қаралды.
Бұл бағытта облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Р.Әлдешов пен қалалық білім бөлімінің басшысы Г.Абдазиева баяндама жасады.
Отырыста өңірде орын алған құқық бұзушылықтар, мектептегі тәрбие жұмысының жай-күйі және өзге аймақтардың озық тәжірибелерін зерделеу мәселелері талқыланды.
Комиссия мүшелері білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту, педагогтер мен психологтардың буллинг белгілерін ерте анықтау дағдыларын арттыру, сондай-ақ, ата-аналармен жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.
Екінші мәселе бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу шаралары аясында суицидтік қауіп тобына жататын балаларды дер кезінде анықтау, олармен жұмыс алгоритмдері, психологиялық және психиатриялық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері көтерілді.
Отырыс қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен суицидтің алдын алу бағытындағы ведомстволық өзара іс-қимылды күшейту, өңірлік жобалар бекіту және тәуекел тобындағы балалармен мақсатты жұмыстар жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!