Бүгін Қызылордада ҚР Президенті атынан «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты балаларға арналған дәстүрлі шырша мерекесі өтті. Ерекше безендірілген кеңістік, алтын реңкті шамдар, аспалы шырақтар, әртүрлі костюм киген ертегі кейіпкерлері балалардың жаңажылдық көңіл күйін көтере түсті.
Ертеңгілікке Қызылорда қаласынан және аудандардан үздік, өнерлі, қабілетті, білім бәсекелерінде жетістікке жеткен 200-ге жуық оқушы қатысты. Бүлдіршіндер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтауы мен естелік сыйлықтарын алып, театрландырылған қойылым тамашалады.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының өздеріңізге арнаған жаңажылдық құттықтауы, сыйлықтары мен ұмытылмас әсерлі сәттер сіздерге қуаныш пен шаттық сыйлады деп сенемін. Сіздер – тыныштық пен тұрақтылық орнаған Тәуелсіз Қазақстанымыздың жарқын болашағысыздар. Ата-ананың ең үлкен мақсаты – баласын жақсы, адал азамат етіп өсіру. Ал, мемлекетіміз бен қоғамның басты мақсаты – елге ие болатын білімді де отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Сіздердің лайықты өмір сүріп, жақсы білім алуларыңыз үшін жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз.
Президентіміздің бастамасымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының қабылдануы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы, «Білімді қолдау», «Қазақстан халқына» қорларының құрылуы – сіздердің игіліктеріңіз үшін жасалған нақты істердің айқын көрінісі.
Өңірімізде жас ұрпаққа сапалы білім беру, спортқа, өнерге баулу үшін барлық жағдай жасалуда. Заманауи мектептер, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, Оқушылар сарайы, музыкалық колледж, жаңа стадион мен Теннис орталығы тұрақты қызмет көрсетіп келеді.
Бірер күннен соң халқымыздың жеті қазынасының бірі саналатын Жылқы жылын жақсылықпен, жақсы үмітпен қарсы аламыз. Осындай жарқын сәтте сіздердің жүздеріңіздегі қуанышты көру еліміздің ертеңіне деген сенімімізді нығайтады.
2026 жылды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, ата-аналарыңызды жақсы жаңалықтармен қуантыңыздар. Жаңа жылда армандарыңыз орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендей беріңіздер!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мерекеде Желаяқ, Күншуақ, Тәттібек, Люми сияқты кейіпкерлер, Жаңа жылдың басты қонақтары – Аяз ата мен Ақшақар балаларға арналған қойылымдар ұсынды. Ғажайыпқа толы мерекені күткен, ертегілер еліне саяхат жасаған жеткіншектер ән айтып, би биледі.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!