Қармақшы ауданындағы «Руханият» орталығында жаңа 2026 жыл – Жылқы жылы мерекесі қарсаңында дәстүрге айналған аудан әкімінің жаңажылдық шыршасы өтті, деп жазады баспасөз қызметі.
Салтанатты жиында аудан әкімі Жандос Еркінбек жас өрендерді Жаңа жылмен құттықтап, білім мен тәрбие жолындағы жетістіктеріне ризашылығын білдірді.
— Біз «Бала — болашағымыз» деп, әр баланың бақытты болуы үшін барлық игілікті қадамды іске асыруға дайынбыз. Сондықтан бүгінгі мерекелік іс-шара, естелік сыйлықтар бәрі де сіздер үшін! Ұлағатты ұрпағымыздың лайықты өмір сүруіне, жақсы білім алуына жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз. Қорқыт атадан бастау алған киелі Қармақшы топырағында дүниеге келу – бәрімізге үлкен мақтаныш! Сондықтан сіздердің білімді де білікті азамат болып өсіп, ауданымызды әлемге танытып, өркендеуіне үлес қосатындарыңызға сенемін. Алға қарай ұмтылып, асуларды талмай бағындыра беріңіздер, — деді аудан басшысы.
Мерекелік бағдарлама аясында балаларға арналған қызықты ойындар, ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен қойылымдар, көңілді ән-күй мен би өнерлері ұйымдастырылды. Көтеріңкі көңіл күй сыйлаған іс-шара соңында әрбір балаға аудан әкімінің атынан арнайы дайындалған жаңажылдық сыйлықтар табысталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!