Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ерасылдың еңбегі

23.09.2021, 9:30 446

Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова Түркия елінде география пәнінен өткен халықаралық олимпиаданың қола медаль иегері атанған №9 Білім-инновация лицейі оқушысы Ерасыл Сапарбекті қабылдады.

Сырбойылық дарынды оқу­шымен тілдесіп, алдағы жос­парларын білген басқарма басшысы жүлделі өренді барша білім жана­шырларының атынан жеңі­сі­мен құттықтап, оған Ақ­орда­дан арнайы жолданған ҚР Президентінің құттықтауын та­быс­тады.

Ерасыл Сапарбеков – №9 дарынды балаларға арналған об­лыстық «Білім-инновация» лице­й-интернатының 10-сынып оқушысы. Ол Түркияның Стамбул қаласында география пәнінен өткен халықаралық олимпиадаға қатысып, үшінші орын иеленді.

Түркия елінде өткен жарыс 6 күнге созылды. Олимпиадаға әлемнің 46 елінен 200-ге жуық оқушы қатысқан. Соның ішінде Қазақстанның атынан Ақ­тө­бе, Шымкент және Қызыл­орда қала­сынан 4 оқушы білімін сынады. Қазақстандық оқушылардың жеңісі туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз парақшасында жазған  еді.

– Сіздермен жақсы жаңалық­пен бөліскім келеді. Оқушылары­мыз география пәні бойынша Халық­аралық олимпиадада 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама сапында Рустам Валеев – алтын, Еркебұлан Тазабек – күміс, Ерасыл  Сапарбеков  қола  медальға  ие  болды, – деді  ол.

Министрдің сөзінше, биыл оқушылар өз рекордын жаңартқан. Әрине, бұл – оқушылардың қа­жырлы еңбегі мен білімінің нәтижесі. Сондай-ақ, оларға қолдау көрсеткен мұғалімдер мен жаттықтырушыларға және ата-аналарға  алғыс  айту  керек.

«Сіздер еліміздің намысын халықаралық деңгейде лайықты қорғадыңыздар. Біз өз тарапымыздан медальдардың саны жыл сайын ұлғаюы үшін жағдай жасау­ды жалғастырамыз» деп сөзін  жалғады  министр.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да халықаралық білім байқауының жүлдегерімен кездесті. Аймақ басшысы Сыр елі үшін тамыз айының жемісті болғанын тілге тиек етіп, Токио олимпиада­сы­нан қола жүлде әкелген жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаевтан кейін Ерасылдың олжалы оралғанын атап өтті. «Бұл – Сыр елінің ғана емес, ел ме­рейін асыр­ған ерекше сәт» деп жас өренге ақжолтай тілегін арнады.

– Ең алдымен өзіңді онлайн форматта өткен Түркия жеріндегі жарқын жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймын. Әлем елдерінің 200-ге жуық дарынды жасы қатысқан білім додасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып,  қола  медаль иелену – шын  мәнінде,  үлкен жетістік. Бұл – сенің талай жылдардан бергі талмай ізденгеніңнің нәтижесі, ата-анаң  мен  ұстаздарыңның  ортақ жемісі. Бұл жүлдең – біз үшін алтынмен тең. Білім көгінде жұлдызың биіктен жарқырай берсін  деген тілегімді білдіремін, – деді  Гүлшара  Әбдіқалықова.

Жүздесуде аймақ басшысы Ерасыл Сапарбековке аймақ абыройын асырып, білім додасында алға шыққаны үшін арнайы естелік сыйлықты табыс етті. Өз кезегінде жас өрен сенім білдіріп, қолдау көрсеткен Сыр жұртшылығына алғысын айтып, білім сынында бұдан да жақсы жетістіктерге жетіп, биік шыңды бағындыратынына  уәде  етті.

Қызылорда қаласында онлайн өткен тамыз кеңесінде жүлдегер Ерасыл Сапарбековтың атасы Сапарбек Кемелбайұлы оның Сырдариядағы Н.Ілиясов ауылында білім алғанын, 6-сыныптан кейін №9 «Білім-инновация» лицей-интернатына оқуға түскенін айтты. Ауыл балаларын жан-жақты қолдап, үздіктер қатарынан табылсам деген мақсатын ұштауға атсалысып жүрген облыс басшылығына, ұстаздар қауымына ризашылығын білдірген  болатын.

Айта кетейік, Ерасыл Сапарбеков – осы кезеңге дейін халықаралық әл-Фараби атындағы география пәнінен өткен онлайн олимпиаданың алтын медаль иеге­рі. Облыстық, қалалық пәндік олимпиада жеңімпазы атанғаны  да  бар.

– Шынымды айтсам, өте қатты қуанып тұрмын. Өйткені қаншама баланың арасынан орын алу мен үшін бақыт болды. Алдағы уақытта мен өзі білімімді дамыта  беремін. Шыңдай  беремін. Бұдан да жоғары марапаттар алуға барымды саламын, – деді озат  оқушы.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарын қолдау бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы тапсырманы орындау үшін заңнамалық өзгерістер дайын­дап жатқанын және қабылдан­ған шаралар  туралы  жақын арада  хабар­лайтынын  айтты.

– Балалар үшін қатерлі бүгін­гідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз. Ғылым саласын дамыту туралы да  айтқым  келеді.

Бұл мәселе бойынша бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылым­дамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000  грант  бөлуді  тапсырамын.

Ғылымды  қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты, – деген болатын ел президенті «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жол­дауында.

Еске салайық, Токио-2020 олимпиадасында жүлдегер атанған спортшыларға ақшалай қомақты сыйақы, пәтер мен автокөлік берілгені, ал халықаралық білім бәйгесінде оза шапқандарға қатты сый-құрмет жасалмайтыны қоғамда көп талқыланған болатын. Десе де, ел президентінің тапсырмасы мен жолдаудағы сөзі көңілдегі көп күмәнді сейілткендей.

Рыскелді  Жахман

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: