Бұл ұсынысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау жеткізді. Ол өз сөзінде жекеменшік балабақшаларға қолдау шаралары қажет екенін толықтырып айта өтті.
– Құрметті Үкімет мүшелері! Балалардың жазғы демалысы мен қауіпсіздігі – маусымдық мәселе емес, бұл мемлекеттің тікелей жауапкершілігін талап ететін аса маңызды сала. Осыған байланысты, ең алдымен, балалар лагерьлерін лицензиялау мәселесін кейінге қалдырмай, 2026 жылдың жазына дейін толық енгізу қажет деп санаймыз. Лицензия талаптары жекеменшік лагерь өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобында жан-жақты пысықталуы тиіс. Екіншіден, балалардың демалысын ұйымдастыруда бұрын болған мемлекеттік үйлестіру механизмін қайта енгізу қажет, себебі қазіргі ведомствоаралық меморандум нақты жауапкершілік пен бақылауды қамтамасыз ете алмай отыр. Үшіншіден, балалар лагерьлеріне арналған жеке ОКЭД кодын енгізу керек, өйткені оларды қонақүй немесе демалыс базасы ретінде қарастыру саланың ерекшелігін толық ашпайды. Төртіншіден, жекеменшік балалар лагерьлеріне нақты мемлекеттік қолдау тетіктері қажет, атап айтқанда, «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие беру, жан басына шаққан қаржыландыру және инфрақұрылымдық қолдау шараларын енгізу маңызды. Бесіншіден, мемлекеттік сатып алу жүйесінде тек «ең төмен баға» қағидатынан бас тартып, сапа мен қауіпсіздікке басымдық беру қажет, себебі демпинг балаларға көрсетілетін қызмет сапасының төмендеуіне алып келеді. Алтыншыдан, балалардың демалысын электронды, автоматтандырылған форматта жан басына шаққан қаржыландыру арқылы ұйымдастыруды ұсынамыз, бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, ата-аналар мен мемлекет үшін тиімді тетік болар еді, – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Тау.
Аталған ұсыныс ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Айда Балаеваға жолданды.
Айта кеткен жөн, бұл ұсынысқа Нұрлан Тау, Айдар Қожаназаров, Оразкүл Құспеков, Асхат Қошмамбетов, Дарья Наумова, Екатерина Смолякова қол қойып өткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!