Пәндік олимпиада – дарындыларды даралайтын білім додасы. Еліміздегі білім беру саласының сапасын арттыруда пәндік олимпиадалардың орны айрықша екені белгілі. Осы тұрғыда, 2025 жылдың наурыз айында Орал қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың республикалық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Қызылорда қаласы Абай атындағы №138 орта мектептің 10-сынып оқушысы Хиват Қожахат терең білімі мен шығармашылық қабілетін танытып, облыс қоржынына күміс медаль салып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ол олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ІІ дәрежелі дипломы және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Иә, бұл жеңістің артында ең алдымен бағыт-бағдар беретін ұстаздың ерен еңбегі жатыр. Ал Хиват Қожахаттың жетекшісі – 2023 жылы облыстағы үздік педагог шебері атағын алған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, магистр Әсем Әбдірахманқызы. Бұл жеңіс – ұстаз бен шәкірттің ынтымақтаса жүргізген үздіксіз дайындығының, еселі еңбегінің нәтижесі десек те болады. Себебі, шебер ұстаздың нысанасы – шәкіртін діттеген мақсатқа жеткізіп, санға емес, сапаға жұмыс істейді.
— Хиват – бір жылда республикалық олимпиада шыңын бағындырған дарынды оқушы. Оның бойындағы әдебиетке деген сүйіспеншілік бала кезінен басталып, артынан бұл қызығушылық үлкен мақсатқа ұласты. Хиваттың ой тереңдігі, сөз саптауы, тілге деген құрметі өте жақсы. Сондықтан болар, республиканы бағындырар дарыны, қабілеті жеткілікті әрі басқа балалардан әлдеқайда мықты болды. Біздің олимпиадаға деген дайындығымыз үздіксіз ізденісті талап етті. Біз бір ғана жолмен шектелмей, түрлі әдісті қолдандық: мәтін талдау, рөлдік ойындар, пікірталас, эссе жазу, тіпті шығармашылық көріністер де болды. Күнделікті дайындық жүйелі, нақты жоспармен өтті. Әр кездесуде бір жаңалық ашуға тырыстық. Хиваттың ынтасы мен еңбекқорлығы осы әдістерді жемісті етті, — деді жетекшісі Әсем Пірімова.
Білім – негіз. Бірақ оның үстіне сабыр, төзімділік, өзіңе деген сенім, еңбекқорлық қосылмаса, нәтиже болмауы мүмкін. Сондай-ақ, уақытыңды дұрыс басқару, эмоцияға берілмеу де маңызды. Олимпиада – тек білім емес, өмірлік дағдылардың да сыны. Ал осындай сынға қарсы тұрған әрбір шәкірттің табысы ұстазға қанат бітіреді. Сондықтан, Хиват секілді дарынды оқушылар барда, әдебиетіміз де, тіліміз де биіктей береді деп сенеміз. Қорыта айтқанда, білім бәйгесінде оза шапқан Хиватқа, мәпелеп өсірген ата-анасына, білім көгіне самғатқан ұстазына шын жүректен алғыс айтып, құттықтаймыз! Жеңістеріңіз жалғасын таба берсін!
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!