Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бөбек тілі – болашақ үні

23.09.2024, 13:20 257

1998 жылдан бері үздіксіз тойланып келе жатқан ерекше мерекенің бірі – Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі. Бұл мереке тек уақытша іс-шара ғана емес, жыл бойы өзектілігін жоғалтпайтын ұлттық құндылықтарды насихаттайтын күн. Жыл сайын қыркүйек айында атап өтілетін бұл мерекені елдің әр аймағында барша халық өр рухпен, шынайы патриотизммен қарсы алады. Апта басында шаһардағы «Хадиджа 2» балабақшасының бүлдіршіндері арасында «Тіл – татулық тірегі» атты мәнерлеп өлең оқу сайысы өтіп, үздіктер оза шапты.

Бұл сайыс – тіл мен әдебиеттің ұлт рухы мен болашағына ықпал ететін күш екендігін дәлелдеген маңызды қадам. Тіл – ұлттың жаны, рухани тірегі. Қазақ халқының ғасырлар бойы сақталған мәдениеті мен дәстүрлерінің астары қазақ тілінде жатыр. Жас ұрпақты осы рухани байлықпен тәрбиелеу – ұлттың болашағы үшін маңызды. Балабақшада өткен бұл іс-шара балалардың бойына тілді сіңірумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу үшін өткізілді. Қызығы сол, бұл жиынға қазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылып, бала толқынның сөз саптауы мен дикциясына, сахна мәдениетіне, бастысы патриоттылығына риза болдық.

Сайысқа «Құлыншақ» мектепалды даярлық тобының 8 бүлдіршіні қатысып, өз өнерін ортаға салды. Бүлдіршіндер қазақтың ұлы ақын-жазушыларының шығармаларын мәнерлеп оқып, ұлттық поэзияның тереңдігін сезіндірумен қатар, қазақ тілінің көркемдігін паш етті. Бұл сайыста Баттал Инабат I орынды иеленсе, Рүстембек Нұрару II орынға, Нұрмахан Керей III орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздар өзінің оқу шеберлігін көрсетіп, әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ал өзге қатысушыларға түрлі номинациялар табысталып, олардың еңбегі де бағаланды.

Іс-шара барысында байқағаным, бүлдіршіндердің өлең оқыған сәттері ерекше әсер қалдырды. Жас болса да, олардың тәтті тілдерімен мәнерлеп оқыған өлеңдері жүрекке жетті. Әрбір бала өлең жолдарын жан-тәнімен орындап, қазақ тілінің құдіретін сезіне білді. Жазу-сызуды әлі меңгермеген бүлдіршіндердің өлеңді жаттап алып, оны терең түсінікпен орындауы нағыз патриоттық сезімді оятады. Олардың әр сөзі ұлтқа деген мақтаныштың белгісіндей көрінді. Бала жүректерінде туған жерге, тілге деген сүйіспеншілік, халықтың бай мұрасын құрметтеу сезімі орнығып, болашақ ұрпақтың рухани күші осы патриоттық рухтан бастау алатыны анық көрінді. Марапаттау қағазы табысталған соң, балабақша меңгерушісі Қазына Өмірбекқызы бүлдіршіндерге сәттілік тілеп, тіл атты тұмардың қасиетіне тоқталды.

  • Бұл іс-шараның тәрбиелік мәні зор. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың санасы, тарихы, мәдениеті, болмысы. Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Мұндай іс-шаралар арқылы балалар тілдің мәні мен маңызын түсініп қана қоймай, ұлттық мәдениетіміздің тереңдіктеріне бойлайды. Тіл арқылы әр ұлттың қаны мен жаны беріледі. Қазақ тілін жетік меңгеру арқылы балалар тек сөз байлығын ғана емес, ұлттық болмысымызды, тарихымызды, салт-дәстүрімізді де бойларына сіңіреді. Ұлттық құндылықтарды сіңіру – ұрпаққа рухани азық беру. Біздің қазақ халқымыздың тарихы терең, салт-дәстүрі бай. Қонақжайлық, үлкенге құрмет көрсету, ата-ананы сыйлау секілді ұлттық құндылықтарымыз бүгінгі күнге дейін сақталып, болашақ ұрпаққа аманат ретінде жеткізілуде. Ал бұл аманатты дұрыс жеткізу үшін, ең алдымен, тілді, ұлттық поэзия мен өнерді үйрету қажет, – деді Қ.Өмірбекқызы.

Ал балабақша тәрбиешісі Анар Мырзатова жас ұрпақтың кемелденуі үшін әдебиеттің орны ұшан теңіз екенін алға тартты.

  • Қазақтың әдебиеті мен мәдениеті – ұлттың жүрегі мен жан дүниесі. Тіл мерекесі секілді іс-шаралар жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп, қазақ тілінің құдіретін сезінуге жол ашады. Әдебиет арқылы бала өз халқына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырады. Қазақтың батырлық эпостары, терең мағыналы өлеңдері мен прозалық шығармалары балаларға ерлік пен адалдық, еңбекқорлық пен ар-намыс сияқты қасиеттерді үйретеді. Осылайша, ұлттық құндылықтар жас ұрпақтың болашағының ажырамас бөлігіне айналады, – деді А.Мырзатова.

Тіл мерекесі – бұл тек сөз тойы емес, ұлттың рухын асқақтатып, оның болашаққа деген сенімін арттыратын мереке. Қазақ тілін сүю – өз ұлтыңды, оның өткені мен болашағын сүюмен тең. Бұл мереке арқылы біз жас ұрпаққа ұлтты сүйетін, оның құндылықтарын қастерлейтін азаматтар тәрбиелейміз. Тіл арқылы ұрпаққа рухани мұра жеткізіледі. Осындай іс-шаралар жас ұрпақты тілге, мәдениетке баулу жолындағы маңызды қадам болары айқын. Ұлттық құндылықтарды құрметтеп, тіл мен әдебиетті сүю арқылы біз жарқын болашаққа сенімді түрде қадам басамыз. Қысқасы, бөбек тілі – өрнек «үні». Өрнекке тіл бітірген тағылымды іс-шаралар жалғасын таба берсін.

Е.ҚАЛИЕВ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: