Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балдәурендік балғындар балабақшамен қоштасты

04.06.2025, 16:45 223

HALYQLINE.KZ

Әріптестік  әлеуеті

Адам өміріндегі ең жарқын, ең алаңсыз кезең – балалық шақ десек, сол балалықтың алғашқы баспалдағы саналатын балабақша әр жанның жүрегінде ерекше із қалдыратыны сөзсіз. Бала үшін бақшамен қоштасу балғын балалығы, алғашқы ұстазы, достарымен қоштасу болса, ата-ана мен тәрбиешілер үшін бұл – бір кездері тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің үлкен өмірге қадам басқан сәті.

Кеше Жаңақорған ауданындағы «Балдәурен» балабақшасында осындай толқыныс пен қуаныш қатар келген сәтке ортақтасып, бақшаның мектепалды түлектерінің өнерін тамашалап, балғындардың өзіне тән шынайылығы мен сахнада еркін сөйлеу мәдениетіне куә болып қайттық. Бұл жай ғана мерекелік іс-шара емес, балабақша қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған балапан көңілдердің алғашқы белесін салтанатты түрде атап өткен күн болды. Тәжірибелі басшы Айсара Мәшбекқызы басқаратын, еліміздегі мұнай өндірісінде қолтаңбасы бар іргелі кәсіпорын «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның демеушілігімен әріптестік ететін бұл балабақшада бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріліп жатқанына көз жеткіздік. Іс-шараға аудан басшылығы мен білім бөлімі, демеуші компанияның өкілдері мен ата-аналар арнайы қатысып, балалардың қуанышына ортақтасты.

2001 жылдан бері «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ компаниясы Жаңақорған ауданындағы «Балдәурен» балабақшасына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларды қанатының астына алған бұл мекеме 24 жылдан бері сегіз мыңдай баланы мектепке дайындап, олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге үлес қосып, сондай-ақ ата-аналарын жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде балабақшада 50-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Олардың барлығы – әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардан шыққан балалар. Мұнай компаниясы ширек ғасыр уақыт бойы мекеменің барлық шығынын өз мойнына алып, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті техникамен және құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіп келеді. Тәрбиеленушілер үш мезгіл сапалы тамақпен қамтылып, арнайы көлікпен тасымалданады. Аулада заманауи ойын алаңдары, төбешіктер, күркелер орнатылған. Ішкі бөлмелер теледидар және музыкалық орталық, концерттік жабдықтармен жабдықталған. Балабақшада мәдени іс-шараларға арналған жабық алаң да бар. Осындай жүйелі жұмыстың жемісіне бүгінгі балабақша бүлдіршіндерінің қоштасу кеші дәлел.

Салтанатты іс-шараның шымылдығы балаларды борт ұшағынан түсіріп, үлкен өмірге сапар шеккен жолаушылардай сахнаға алып шығумен ашылды. Ұшар қанатын енді жайған балапандар ән айтып, тақпақ оқып, би билеп, көпшілікті тәнті етті. Іс-шара барысында алғашқы болып сөз алған Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы бүлдіршіндерге ақжолтай тілегін арнап, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ компаниясының басшысы Чжао Сияомин мырзаға алғысын жеткізді.

Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Бүгін міне, ертегі әлеміне енгендей, ерекше сезімді сезініп отырмыз. Бүлдіршіндер мен тәрбиешілердің бір күндік емес, бірнеше күндік еңбегінің жемісіне, жоғары деңгейдегі тыңғылықты дайындықтың куәсі болдық. Өткеннің тарихына көз жүгіртсек, сонау құлдырау уақытында, қаражат та, тиісті көмек те жоқ уақытта Айсара апамыздың мықтылығы сол, демеуші іздеп, балабақшаны сақтап, бүгінде мұнай компаниясымен үздіксіз жұмыс істеп, қазіргі уақытта жоғары деңгейге жетіп отыр. Жыл сайын демеуші өкілдермен бірлесіп әртүрлі іс-шара өткізіп, есте қалатындай жүйелі жұмыстар атқаруда. Бүгін де бүлдіршіндерге келешек өмірлерінде үлгілі озат оқушы болып, ауданымыздың мақтанышына айналуына тілектеспін, — деді ол.

Келесі сөз кезегін 20 жылдан аса осы балабақшаға демеушілік жасап келе жатқан мұнай компаниясы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тұмар Шалбаева алды. Мекеме мәліметінше, жыл сайын компания тарапынан балабақшаға 22 миллион теңге қаражат бөлінеді. Аталғандай, мұндай іс-шара мекеме демеушілігімен жыл сайын үздіксіз өтіп тұрады.

Жиырма жылдан аса тарихы бар балабақшаны үздіксіз даму үстінде ұстап тұру басшының ерен еңбегі мен маңдай тер жұмысының нәтижесі деп білеміз. Оның ішінде, ерекше атап өтетіні, Айсара Мәшбекқызы, сіздің жүйелі жұмыстарыңыздың жемісі көпке үлгі. Сонау тоқырау заманынан бері бүгінге дейін басшылығыңызды әдемі атқарып, балабақшаның өсуіне үлкен үлес қосып, қаншама бүлдіршінді ұядан ұшырып, алғысына бөленіп отырсыз, — деп жылы лебізін жеткізді.

Сонымен қатар, ата-аналар ізгі тілектері мен ризашылығын білдіріп, балабақша ұжымына сый-сияпаттарын ұсынды. Аймақтың талантты ұлына айналған танымал жұлдыз, шоумен, жайдарманшы Есқара Бейбітов ән-шашуын арнап, тәрбиешілер мен басшылыққа, компания ұжымына алғысын білдірді.

Бүгінде керемет көңілді кештің куәсі болып отырмыз. Осы балабақшаға алғаш ұлымды 1 жасында әкелгенім есімде, міне, содан бері 4 жыл уақыт өтіпті. Берген білімдері мен тәрбиесіне куә болып, тәрбиешілердің қанша жыл еңбегінің жемісін көріп, риза болып отырмын. Балаларымызды бізден көп көретін осы балабақша ұжымы, апайлары екені анық, сенімді, сапалы қызмет көрсеткен балабақша ұжымына, сондай-ақ балаларымыздың таза әрі жақсы жабдықталған білім ордасында тәрбиеленуіне, толыққанды қамтылған сапалы білім алуына бірден-бір үлесін қосып жүрген демеуші компания «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басшылығына алғысымды білдіремін. Жыл сайын түрлі іс-шара, мереке осы кәсіпорынның қолдауымен жоғарғы деңгейде аталып өтеді. Алдағы уақытта балабақша ұжымы мен демеуші өкілдерге жемісті жұмыс пен асқақ абырой тілеймін, — деді ол.

Іс-шара аудан басшылығы, білім бөлімі және демеуші компания өкілдерінің бүлдіршіндерге салтанатты түрде диплом табыстау рәсіміне ұласты. Сонымен қатар, компания өкілдері жыл сайынғы дәстүр бойынша балабақшаның мектепалды түлектеріне арнайы сыйлықтарын, яғни мектеп сөмкесі, оқу құралдары мен ойыншықтар табыстады.

Ал, балабақша басшысы Айсара Нәлібаева кештің куәсі болған барша қонақ пен ата-аналарға алғысын білдіріп, салтанатты кештің нүктесін қойды.

Перизат  ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: