Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық білім беру жүйесінің сапасын жақсартып, дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету керектігін және адами капиталды жетілдіруге тапсырма берген болатын. Сондай-ақ, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осы мақсатта елімізде талапты балаларға біршама қолдау көрсетіліп, жарқын жобалар қолға алынып жатыр. Білім аясында балаларымыз қарқынды нәтижемен көзге түсіп, біліктіліктерін арттыруда. Тек бойында таланты тасыған өрендерге үнемі демеу беріп, оларға деген сенімімізді үзбеуіміз керек. Осы орайда, биыл балалар үшін жаңа жоспарлар бекітіліп, бірқатары жүзеге асырылуда. Ең алдымен ауыл, аудан орталықтары мен қалаларда балалар үшін 300 мектеп және мектеп-интернат салынуда. Және өңірімізде бірқатар мектеп пен балабақша пайдалануға берілді. Одан кейін, 1 жасқа дейінгі сәбилердің мерзімі мен бөлінетін жәрдемақы мөлшерін көбейту көзделіп, іс жүзінде жүзеге асырылды. Еліміздің барлық аймақтарын инновациялық даму орталықтарымен қамту қолға алынуда. Сондай-ақ, балалар емханалары мен мектеп асханаларында балалар үшін ерекше жағдайлар жасалды. Сонымен бірге, ең алғы мәселелердің бірі орындалып жатыр. Ол – мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалып жатқан жағдай. Тағы да балаларға білім, спорт, өнер, ғылым салаларында және түрлі бағытта өркендеуіне жол ашылып келеді. Міне, осындай сүйемелдеудің арқасында барлық бүлдіршіннің жүзіне күлкі ұялатып, бақытты балалық шақ сыйланды деп ойлаймыз.
2022 жыл, яғни «Балалар жылы» аяқталатын уақыт та таяп қалды. Осы тұста, бүгін «Білімді ұрпақ, өнерлі өрен – ел келешегі» атты «Балалар жылының» жабылу салтанаты өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, атаулы жылда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Мерейлі жыл аясында өңірде нәтижелі іс-шаралар ұйымдастырылып, мақсатты жобалар жүзеге асты. Балалар жылы аясында өткен түрлі форматтағы 12 мыңға жуық іс-шараға өңірімізден 200 мыңнан аса бала қамтылды. Өткен аптада ел Президенті атынан балаларға арналған жаңажылдық шырша ұйымдастырылып, қала және аудандардан келген балаларды құттықтадық. Балаларымызға бағалы сыйлықтар табыстадық, – деді аймақ басшысы.
«Балалар жылы» аясында аймағымызда ауқымды жұмыстар атқарылғанын айта кеткен жөн. Балдырғандарға тарту ретінде демеушілер есебінен биыл Қызылорда қаласы және аудандарда құны 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды. Қызылорда қаласында көпбалалы 50 отбасыға пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ, 19 балабақша, 6 мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы және Қармақшы ауданында дарынды балаларға арналған 150 орындық 2 мектеп-интернаты, Жалағаш ауданында 250 орындық Оқушылар үйі және Өнер мектебі ашылды. Сонымен қатар, аймақ басшысы келесі жылы құрылысы аяқталмай қалған білім ордаларын іске қосатынын да тілге тиек ете кетті.
Іс-шараға қатысқан балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ерекше білім алуды қажет ететін, сондай-ақ халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың, спортта, шығармашылықта жыл қорытындысымен үздік атанған 50 балаға сыйлық табысталды. Қорытынды кеш мерекелік концертке ұласып, балалар өнерлерін паш етті.
Қорытындылай келе, еліміздің атын әлемге танытып жүрген балдырғандар қашанда мемлекеттің қаперінде екені қуантады. Бала бақытты болса, ата-ана, түгел ел бақытты!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!