Әлеуметтік желілерге секунд өтер-өтпестен жүктеліп жатқан неше түрлі бейненің арасынан дәл осы кішкентай ханзада мен ханшайымдарды баурап алатын жұп-жұмыр контент жасау соншалықты оңай емес. Ал елдегі ең танымал балалар контентін өндіруші – «Balapan» телеарнасы бұл үдеден шығып отыр. 15 жыл бұрын жұмысын бастаған медиақұрылым бүгінде алыс-жақын шетелдік балалардың да тілінің қазақша шығуына ықпал етуде дей аламыз.
Шынын айту керек, балаларға арналған контент – жай ғана ойын-сауық емес, олардың танымына, тілі мен мәдениетіне, болмыс-бітіміне әсер ететін ең ықпалды құралдың бірі. Сол себепті, бұл салаға жауапкершілікпен қарау – кез келген мемлекеттің стратегиялық міндеті. Бұл орайда, Қазақстан балалар шығармашылығын айтарлықтай жолға қойып келеді дей аламыз. Әлбетте, «Balapan» телеарнасы – көшбасшы платформа. Телеарна бүгінгі уақытта 3 пен 12 жас аралығындағы балаларға арналған түрлі танымдық, анимациялық, ертегілік бағдарлама мен мультсериалдарды ұсынады.
Бүгінгі 15 жасқа дейінгі балақайлардың тілі барынша қазақыланды, сапалы-салмақты контентке үйренді. Мұны мойындауымыз керек. Әлбетте, бұл жерде бастысы – ата-ананың жауапкершілігі. Баланы жыламасын деп ұялы телефонға «байлап» қойса немесе құрылғының пайдаланар уақытын шектемесе, не көріп отырғанына бақылау жасамаса, зиянын да соншалықты бірге тарта түспек. Ал әлгінде айтқан қазақтілді балалар арнасы «тіпті, көршілес елдердің балаларының да тілін қазақша шығарып жатыр» деген ақпарат бар. Мұнымен мақтануға болады. Демек, балалардың болашағына салған ел инвестициясы қайтып жатыр деген сөз. Әрине, қазақтілді балалар аудиториясының қалыптасуына соңғы уақыттардағы әлеуметтік желілердегі қазақтілді жобаларды, бағдарламаларды қосуға әбден болады.
Осы күні YouTube платформасында да қазақша балалар контентінің жаңа толқыны, жаңа серпілісі пайда болды. Бірқатар студия «Қошқар мен Теке», «Ер Төстік», «Мұзбалақ», «Күлтегін» секілді анимациялық фильмдер жасап, халықаралық фестивальдерге қатысып, шығармашылық әлеуетін байқап жүр. Балалар әндері мен шағын ертегілерді жариялайтын қазақша арналар да миллиондаған қаралым жинауда. Мұның өзі сапалы әрі сауатты қазақша балалар контентіне айтарлықтай үлес қосады.
Салыстырмалы түрде айтсақ, балаларға арналған қазақ тіліндегі контент әлі де аз. Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қаржыландыру мәселесі бар. Әрі TikTok, YouTube секілді платформаларда шетелдік өнімдердің басымдығы байқалады. Осы орайда, қоғам болып қазақ баласының тілдік және мәдени ортадан алыстамауына, қазақы балалар контентін қолдауға күш жұмсауымыз керек.
Сол себепті, балалар контентін жасау – тек телевизияның емес, мемлекеттің, қоғам мен шығармашыл қауымның ортақ ісі. Мұны болашақ ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын үлкен идеологиялық алаң деп түсінгеніміз дұрыс.
Ырыскелді ТӘЖІ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!