Балалық шақ адамзат баласының жарқын өмір бастауы саналады. Санасы сергек, ойы ұшқыр, талабы биік бүлдіршін – болашақ көркем өмірдің иесі. Ересек адамға қарағанда балалардың ойлау жүйесі өте жылдам болады. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген фактор.
Бала санасы жазылмаған ақ парақ іспетті. Содан болар олардың жұмбақ тылсым әлемдері өзгеше болып, өз қарым-қабілеттерінше өнер тудыра алады. Өз ойымен жаңа туындылар ойлап, ертегі әлемінің кейіпкерлерін жасай білу табиғи дарынды талап етеді.
Жас дарын Бағлан Амандықұлы – ермексазбен сан түрлі кейіпкерді жасаудың шебері. Оның мультфильм кейіпкерлері мен көне дәуір жануарларын бейнелеген жұмыстары көздің жауын аларлық көркем бейнеде кестеленген. Бала қиялынан туған туындылар адам жанына тыныштық сыйлап, тазалық пен көркемдікті, адалдық пен биіктікті меңзейді.
Бағлан – ойын баласы болғанымен, білімге, өнерге аса құштар жеткіншек. Бұл мүмкін атаның қанымен, ананың сүтімен келген тектің тазалығынан болар. Оның байсалды, ұяң мінезі ішкі өнер қуатының өте қажырлы екендігінен хабар беретіндей.
Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Бағланның мұндай өнерге келуі тектен-тек емес. Атасы Қуандық Бүрлібаев – алты Алашқа аты мәшһүр Сыр сүлейі. Ал, әкесі Амандық Бүрлібаев мәдениет саласында еңбек етуде. Өнер сабақтастығы деп осындайда айтылса керек-ті. Жыраулық, ақындық, суретшілік бәрі-бәрі – ұлы өнер жиынтығы.

– Бұл балам ермексазбен төрт жасынан бастап айналыса бастады. Әуелде жай ермек ретінде қарадық. Кейін оның ерекше қабілетін байқаған мамандар мен жұртшылық пікір айта бастады. Содан бері қызығушылығын қолдап, дамытуға мән беріп келеміз. Қазір ол қарапайым пішіндерден күрделі, көркем жұмыстарға көшті. Далаға шығып доп теуіп, өзге балалар секілді ойнауға аса қызықпайды. Бос уақытында үйде ермексазбен түрлі мүсінді жасайды, — дейді әкесі Амандық Бүрлібаев бізбен әңгімесінде.


Жас мүсінші әр туындысын асықпай үлкен ынтазарлықпен жасайды. Алдымен таңдаған кейіпкерін зерттеп, түрлі бейнесін қарайды. Кейін оны қағазға түсіріп, соңында ермексазбен мүсіндейді. Бұл дарынды жастың төзімділігі мен бастаған ісін соңына жеткізуге деген ұмтылысының көрінісі болса керек.
Қазір Бағлан Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінде білім алады. Сабақ үлгерімі де жақсы. Ұстаздары оның өнермен қатар оқуына да жауапкершілікпен қарайтынын айтады. Қолөнермен қатар тіл үйренуге деген қызығушылығы да басым. Сонымен қатар «Сыр сандуғаштары» балалар тобында робототехникаға қатысып жүр.
Бағланның тағы бір ерекше қызығушылығы – көне дәуір жануарлары. Ол динозаврлардың түрлерін ажыратып қана қоймай, оларды шынайы бейнелеуге тырысады. Бұл оның таным көкжиегінің кең екенін көрсетеді. Сонымен қатар комикс пен ертегі кейіпкерлері де оның шығармашылығына серпін береді. Оның әрбір мүсіні жай бейне емес, өзіндік әсері бар толыққанды туындыға айналуда.
– Баламның жұмыстарын әлеуметтік желіге жариялаған кезде көпшілік жылы лебізін білдірді. Тіпті кезінде белгілі суретші Қайырбай Зәкіров ағамыз да арнайы хат жазып, кеңесін айтқан болатын. Ол баланың табиғи дарынын шектемей, еркін дамуына мүмкіндік беру керектігін жеткізді. Біз де баланың өз жолын табуына жағдай жасауды маңызды санаймыз. Әрине, қолөнер аса ыждағаттылықты қажет етеді. Болашақ осы өнер жолында бағы жануына тілекшіміз, — дейді әкесі.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!