Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы еліміздің түпкір-түпкірінде кеңінен тойлануда. Өңірімізде де айтулы жылға орай мазмұнды іс-шаралар өтуде.
Шаһардағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп мәртебелі мерейтойға жетістікпен жетті. Осыған дейін білім ұясы республика бойынша «Ең үздік 100 мектеп», «Ең үздік инновациялық мектеп», «Білім – алтын қазынасы», «Үздік білім ордасы», «Білім бәйтерегі» номинацияларының жеңімпазы атанып, 2017 жылдың жыл қорытындысы бойынша «Рухани мұра мектебі» номинациясын және 17 000 000 теңге қаржылай сыйлығын иеленген болатын. Бұл бір мерей болса, оқушылар арасында қалыптасқан озық дәстүр де дәріптеуге әбден лайық.
2013 жылы мектептің алдына қойылған Абай ескерткіші көпшілік тағзым ететін қасиетті орынға айналды. Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әрбір жастың бойына мол тағылым нәрін сыйлайды.
– Білім ұясы маған тек білім ғана емес, ұлы ақынның өмірлік ұстанымдарын, ізгі ойларын, адамгершілік қағидаларын бойыма сіңірді. «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеті мені үнемі алға жетеледі. Осы сұңғыла сөздер жүрегімде сақталып, әр ісімде маған бағыт-бағдар берді.
Абай мектебі – мені қалыптастырған алтын ұям. Алдағы уақытта да алған осы тәлім-тәрбиемен мемлекетіміздің дамуына үлесімді қосамын. Мектепте жүргенімде облыстық пән олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болдым, ғылыми жоба қорғап, республикалық байқауларға қатыстым. Абайдың 150 өлеңін жатқа айтатын болдым.
Ұлттық бірыңғай тестілеуден 121 балл алдым. Ол Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің мемлекеттік грантын жеңуіме мүмкіндік берді. Осылайша Абай мектебі Абай атындағы жоғары оқу орнында оқуға жол ашты, — дейді мектептің үздік түлегі Ақерке Бұғыбай.
Биыл аталған мектепті 271 оқушы бітіріп, оның 170-і мемлекеттік грант иегері атанды.
Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!