Естігенде таңданып, жаға ұстап қалатын дүние өте көп. Әсіресе біз өмір сүретін рухани әлемімізден бөлек болатын тылсым оқиғалар әрбірімізге әжептәуір ой салады. Жақын туыстарымның бірінен естіген мына бір оқиға ұзақ уақытқа дейін менің де ойымнан кетпей жүрді.
Бірде туысқан ағам екеуміз Алматы өңіріне қарай ұзақ сапарға шығатын болдық. Межелі жерімізге неғұрлым тез жету үшін үйден таң қылаң бере шықсақ, түн ала қаланың аумағына жетіп жығыламыз деген мақсатымыз болған. Осылайша, жолда ауқаттанатын азын-аулақ тамақ, су-суанымызды алып, күн көкжиектен шығар-шықпас жолға шығып кеттік. Жеңіл көлікпен асфальт бойында жүйткіп келе жатырмыз. Айнала алагеуімде төңірек түгел көрінбейді. Тек жақын жердегі дүңкиген дөңес, төмпешіктер мен төбелер ғана айқын білінеді. Рөлді ағам тізгіндеп келе жатқан соң машинаның артқы орындығына жайғасып, сәл көзімді іліп алайын дедім. Өйткені ағам шаршағанда, тізгін ауыстырамыз деп келістік. Аз ұйықтадым ба, көп ұйықтадым ба, белгісіз, ағамның «әй, кет, әкең…» деп былапыт сөздерді қоса айғайлап жатқан дауысынан шырт ояндым. Жүрегім тас төбеме шығып кеткен. Ұйқымды толық аша қоймаған менің бар ойым «көлік аударылып кетпеді ме екен» дедім. Сөйтсем әсте олай емес екен. Орнымнан дереу атып тұрып рөлде отырған ағама қарап, «не болды, не болды?» дей беріппін. Артында сұрақ қойып жатқан маған ағамның назар аударатын түрі жоқ, бір қолы рөлде, басымен біресе терезе тұсына, біресе жолға қарап, алақ-жұлақ етіп айдап келе жатты. Мен де терезеге қос қолымды қойып үңілдім, ештеңе көрінбейді. Сөйттім де ағамды жұлқылап, «дереу тежегішті басып, көлікті тоқтат!» деп құлағына айғайладым. Сонда ағам да селк ете қалып, тежегішті басты да, көлікті жолдың жиегіне қойды.
Мен көліктің артынан түстім де, алдыңғы орындыққа келіп жайғастым. Ағама қарасам, беті түтеленіп, қып-қызыл болып кетіпті. Әлгіндегі екпінінен кейін қол-аяғы дірілдеп, ентігі басылмай отырды. Содан соң не болғанын сұрадым. Оның айтуынша, қаладан шыққан мезетте өзі отырған жердің терезесі қайта-қайта булана берген. Әлі күн шыға қоймаған соң, даланың ылғалды ауасы тұманданып тұрған шығар деп шүберекпен сүртіп қойып, әрі қарай жүре берген. Терезе айнадай болып шығады да, сәлден соң қайта буланып, алдыңғы жолы көрінбей қала берген. Оған да онша мән бермей көлікті жүргізе беріпті. Бір уақытта көліктің терезесінен әлдебір мақұлықтың бейнесі көрінген. Ол не адамға, не жануарға ұқсамайды екен. Шашы жалбыраған, төбесінде дағарадай қос мүйізі бар, аяқтары адамдыкіне ұқсап келеді де, түп жағы малдың тұяғы секілді аша екен. Ағамның айтуынша, жол бойы беймәлім мақұлық көлік жүргізуге кедергі келтіріп келеді екен. Біресе айнасынан көрініп, біресе көліктің алдыңғы терезесіне отырып алып, әбден сілесін қатырған. Ақыры болмаған соң ағам «кет, кет» деп айғайға басқан екен. «Сен ұйықтап жатқан соң оятып алмайын деп, үнсіз арпалыстым» деді ол.
Бала күнімде атамның қасында көп жүрдім. Ол кісі бес уақыт намазын тастамайтын, өте тақуа кісі болатын. Сонда адам үнемі таза жүріп, лас дүние, ішімдік, жын-шайтан құмар болатын нәрселерден алыс жүру керек деп айтып отыратын. Атамның осы ақылы жадымда сақталған. Дереу сол жерде тазаланып, білген сүрелерімді оқып жібердім. Ағам да жолға шығар күннің алдында достарымен қыдырып, аз-кем ішімдіктен алдырғанын есіне түсіріп, көзіне көрінген бәлекеттің содан екендігін айтты.
Әрі қарай көліктің тізгінін өзім алдым. Ағама артқы жаққа барып жайғасып жатып, тынығып алуын сұрадым. Жүйткіп жүріп келемін. Ол кезде күн арқан бойы көтеріліп, айнала түгел жарық күйге енген. Сәл уақыт жүрген соң жол бойында дамылдап, тамақтанатын жерге кірдік. Бізбен бірге үстелге ерлі-зайыпты жайғасты. Олардың да негізгі бағыты Алматы қаласы екен. Әңгімеден әңгіме жалғасып, жолда көргенімізді оларға баяндап бердік. Бір қызығы, ол кісілерде де дәл біздің оқиғаға ұқсас жайт болыпты. Бірақ, олар дереу елге қайта бұрылып, мешітке садақа беріп, қайтадан жолға шыққан екен. Ағам екеуміз Алматыға табан тіреген бойда мешітке барып, садақа жасап, дұға қылып шықтық. Содан кейін мұндай жағдай ешқашан болған емес.
Хадисте жынның үш түрі көрсетілген. Біріншісі аспанда ұшып жүреді. Екіншісі жыландар мен иттерде өмір сүреді. Үшіншісі бір орынға негізделген, алайда, жылжуға қабілетті. Қазақ тілінде жынға байланысты шайтан, ібіліс, әзәзіл, пері, дию секілді атаулар бар. Тіпті, кейде шайтан мен жын екі бөлек жаратылыс па деген сауал да қойылады. Шайтан мен жынның айырмашылығына келсек, шайтан – жын топтарының өте тәкаппар, зияндыларынан болып табылады. Шайтан – «алыстатылған», «шектен шыққан» деген мағынаны білдіретін, жынға байланысты айтылған сипат. Олардың иман келтіргендерін «жын» деп атаса, имансыздары тек шайтан деп аталады және бұлар ібілістің әскерінің қатарында болады. Ібіліс – Адам атаға сәжде жасаудан бас тартқан жындардың атасы. Оларға сыртқы пішінді өзгерту қасиеті берілген. Адамдар жындарды түрлі бейнелерде: ешкі, жылан, жолбарыс, сарышаян, ат, түйе, қой, құс, адам, т.б. қалпында көре алады. Сахих хадисте үш түстің бірінің шайтани түс екендігі де атап өтілді. Сондай-ақ хадисте: «Кімде-кім мені түсінде көрсе, расымен де көрді, себебі, шайтан менің бейнеме ене алмайды» делінген. (Бұхари). Лағынеті шайтан тек қана Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бейнесіне ғана ене алмайды, қалған кез келген жаратылыс кейпінде сөйлесе береді деген тұжырым бар.
«Тазалық – иманның айнасы» деген. Рухы, жаны мен тәнін таза ұстаған адамнан бәле-жала да алыс жүреді. Осы оқиға оқырмандарға да оймақтай ой салар деген сенімдеміз.
Кенже ТАУАР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!