Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тылсыммен бетпе-бет: Куәгерлердің әңгімелері

23.10.2025, 9:40 148

Адам баласы сонау ықылым заманнан бері тылсым жайттарға түсініксіз, беймәлім құбылыстарға ерекше көзқараспен әрі үреймен қараған. Әлемнің әр түкпірінде өмір сүрген халықтар елестер туралы аңыз айтып, жұмбақ сәттерді жору арқылы түсінуге тырысқан. Қазақ халқы да бұл құбылыстарға бейжай қарамай, бұрыннан ата-бабамыз «жын-пері», «елес», «албасты» деген ұғымдарды өмірдің бір шындығы ретінде қабылдап, оларға қатысты наным-сенімдерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Әсілінде болашақтың қамын ойлағандықтан екені белгілі.

Бүгінгі ғылым мен техника дамыған заманда да адамдардың тылсым күшпен бетпе-бет келіп жатқаны туралы оқиғалар аз емес. Бірі түсінде белгісіз бейнелерді көрсе, енді бірі ояу күйінде ақылға қонбайтын жайттарға тап болады. Мұндай оқиғалар бізге бір сұрақты қайта-қайта ойлануға мәжбүр етеді. «Біз шын мәнінде неге сенеміз?» деген.  

Осы  арнайы  бетте  біз  кейіпкерлердің  басынан  өткен тылсым  оқиғаларды  назарларыңызға  ұсынамыз.  Әр    оқиға – бір жұмбақ. Ал сол жұмбақты шешу, неге сену – сіздің  таңдауыңызда.

Ескерту: кей  кәугердің  аты-жөні  өзгертілген.

САРЫ  САЙТАН – ШАЛҒАЙ  ЖЕРЛЕРДІҢ  ҚҰПИЯСЫ

Б.Айтжан, 45 жаста:

– Жаздың аптап ыстығы басталмас бұрын, ауылдың ер-азаматтары болып жиналып, шалғайдағы дарияның жағасына егін егуге кірісетінбіз. Кең алқапты жыртып, түрлі дән сеуіп, көктемгі қам-қарекет­ті ерте бастайтын әдетіміз еді. Сол егістікті күн сайын екі адам кезектесіп күзете­тінбіз.

Бірде күзет кезегі маған келді. Әдетте қасымызда бір серік болатын, ал бұл жолы мен жалғыз қалдым. Ескі жер, талай барған егістік болғанымен, кеш түсе бастаған сайын әлдебір түсініксіз қобалжу бойды билейді. Шалғай болғандықтан ба, әлде  табиғаттың  өз  тылсымы  ма, кім білсін?

Кешкілік суарымды аяқтағанша күн де батып үлгерді. Күркеге кіріп, демаламын деген оймен сыртта сәл аялдадым. кешкі салқын самал жанға жайлы көрінген. Сол сәтте, қарсы беттен жалт-жұлт еткен бір бейне көзіме түсті. Әлдене жарқылдағандай болды. «Бұл кім?» деп айғайладым. Бірақ жауап болмады. Әлгі бейне кенеттен  өте  жылдам  жақындай  бастады.

Жүрегім зу етіп, кеудемде бірдеңе үзіліп түскен болды. Жақындаған сайын бейнесі анық көріне бастады. Бойы адамға ұқсас, бірақ денесі сап-сары  түске  боялғандай, тұла бойы жарқырап тұр.  Көзі  оттай, тырнақтары  ұзын. Кенет есімді жиып, күркеге қарай тұра  қаштым.

Күркеге кіріп, не бар соның бәрін жамылып, бұрышқа бүрісіп  отырдым. Жүрегім атша тулап, қимылдауға шамам келмей қалды. Сырттан әлгі мақұлықтың күркені айналшықтап жүрген дыбысы естіледі. Есіктен өте алмағанымен, терезе алдына келіп, сығалап тұрғанын анық көрдім. Үстінен төгілген сары жарық күркенің ішімен қоса менің де жан дүнием­ді жарып өтетіндей. Ыңылдап, күбірлеп тұрғандай бір дыбыс шығарады. Сол сәтте әжемнің кезінде айтқан сөздері есіме түсті. «Сары сайтанның көзіне тік қарама. Қолына түссең, есіңнен  адастырып,  сандалтқан  күйі  жұлым-жұлым  қыла­ды»  деген еді.

Түнімен көз ілмей, үрей құшағында таңды әзер атырдым. Таңертең күзет ауыстыруға келген жолдасымның дауысын естіп, сыртқа шықтым. Кешегі көргенім өңім бе, түсім бе деп өзіме-өзім сенбей тұрдым. Бірақ күркенің сыртында жатқан үлкен  тырнақ  ізі  мен  жерге түскен аяқ ізі бәрін айқындап тұрды. Бұл  жай  ғана  елес  емес  еді.

Күзетті тапсырып, кешегі оқиғаны жолдасыма айтып, күн бата күркеге кіріп кетуді мықтап ескерттім. Сол күннен бастап өзім де, жанымдағылар да шалғайдағы кезекке жалғыз бармайтын болдық. Ал «сары сайтанның» бейнесі менің жадымда мәңгіге қалып қойды. Кейде бойымды түсініксіз үрей билей қалса, көз алдыма сол тылсым бейне сап етіп келе қалады. Осы оқиғадан кейін мен үлкендердің айтқан ескі аңыздары мен наным-­сенімдеріне  жай  ертегі  деп  қарамайтын  болдым.

ЖЕТЕККЕ  ЕРГЕН  ТҮН

Майра, 34 жаста, көпбалалы ана:

– Қай жаста болғаным есімде жоқ, бірақ бала күнімде бастан өткерген бір оқиға әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұрады. Қақаған қыстың бір кешінде есік алдында ойнап жүріп, есімді жоғалтып, өмір мен өлімнің арасын кешіп кеткенім  бар.

Бәрі кәдімгі ойыннан басталды. Кешқұрым балалармен бірге аулада тығылыспақ ойнап жүргенбіз. Өзім алыстау тұрған бір талдың жанына барып тығылдым. Шұңқырлау жер еді. Ешкім мені таппады, мен де тығылып жата беріппін. Қайта оралар деп ойласам керек. Сөйтіп жүргенде қараңғы түсіп кеткен. Шықсам, айнала жым-жырт. Барлық бала үйлеріне тарап кетіпті. Қалтырап көшеде жалғыз қалған мен үйге қарай жүріп кеттім. Сол сәтте алдымнан ағамның жақын досы шықты. Жылы  жымиып:

– Майра, жүр, ағаңа барамыз, — деді де, қолымнан жетектей жөнелді.

Мен оны таныған соң еш күмәнсіз еріп кете бардым. Бірақ, жүріп келеміз, тоқтамаймыз. Қар тізеден асады, күн суық, түн қоюлана түсті. Ол болса үндемей жетектей береді.

Сол кезде үй ішіндегілер мені іздеп, абыр-сабыр болып жатқан екен. Ағаларым атқа мініп, мен кеткен бағыттарды қарап, іздеуге шыққан. Бір кезде үлкен ағам қарда  қалған  кішкентай аяқ іздерін байқап, сол ізбен жүре береді. Бірақ бір таңғаларлығы – жалғыз менің ғана ізім бар екен. Жанында мені  жетектеген  адамның  ізі  жоқ.

Кенет ат үркіп, кісінеп, артқа шегініп қала­ды. Ал ағам болса, бір сұмдықтың болғанын сезіп, жарық шамын жан-жаққа түсіріп, іздеуді жалғастырады. Атты қалдырып, жаяу іздейді. Сөйтіп келе жатып аяғы тайып, үлкен шұңқырға құлайды. Қолындағы шаммен айналаны шолып қараса, шұңқырдың түбінде мен ес-түссіз жатыр екенмін. Ағам мені дереу көтеріп алып, атқа мінгізіп, үйге жеткізеді. Үй ішіндегілер дереу дәрігер шақырып, мені емдейді. Анам күн сайын жанымнан шықпай, жағдайымды бақылап отырды. Ешкім бірнеше күн бойы ештеңе сұрамады, тек мен есімді жиған соң ғана әкем келіп:

– Қызым, сені әзер таптық. Қайда болдың? Ағаң сені ауыл  сыртындағы  алыс  шұңқырдан  тапты. Ол  жаққа  қалай  барып  жүрсің? — деп  сұрады.

Мен тек ойнап жүріп, кешкісін үйге қайтарда ағамның досы Талғаттың кездескенін, мені «ағаңа барамыз» деп алып кеткенін ғана айттым. Одан кейінгісі есімде жоқ еді.

Кейін есейе келе, бұл жайында ата-анамнан шындықты естідім. Сөйтсе, ол мені алып кеткен адам шын мәнінде ағамның досы емес екен. Тек соның бейнесіне енген жын-пері болған. Ауылда мұндай оқиғалар бұрын да болған. Мұндай тылсым күштерді «Жетек» деп атайды. Олар кейде адам бейнесіне еніп, түнде жалғыз  қалған жеткіншектерді алдап, елсіз жерге  ертіп  кетеді  дейді  үлкендер.

Біздің ауыл кішкентай ғана еді, үйлер бір-бірінен алшақ орналасқан. Сондықтан кеш түсе терезелерді қымтап, есіктерді іліп, ерте жатады. Бұл оқиғадан кейін мен де, отбасым да абай болу­ға үйрендік.  Сол бір түн мен үшін тек суықпен емес, тылсыммен бетпе-­бет  келген  түн  болды.

ТҮС  АРҚЫЛЫ  КЕЛГЕН  ДҰҒА

Назерке  Асқарова, 30 жаста:

— Тұрмысқа шыққалы ұзақ жылдар бойы бала көтере алмай жүр­дім. Исламдағы түрлі ем-шара­ны жасап, дәрігердің қарауынан өткенім­мен, нәтиже болмай, үмітім сөне бастаған еді. Бір күні түсімде ақ шапан киген, нұрлы жүзді қарияны көрдім. Ол маған:

– Қызым, Алла  ниетіңді біле­ді. Осы аятты әр намаздан ке­йін жеті рет оқы. Жүрегің таза болса, арманың қабыл болады, — деп жай ғана дауыспен бір сүрені  айтып  берді.

Ояна сала сол аятты жазып алып, күн сайын дәл солай қайталап оқи бердім. Біраз уақыттан соң аяғым ауыр екенін білдім. Бірақ, бұл түсімді ешкіммен  бөліс­пе­ген  едім. Тек  ішімде  сақтап, жаныммен сендім. Кейін Құраннан іздеп, ол аяттың  «Мә­риям» сүресіндегі Зәкәрия пайғамбардың дұғасы екенін анық­тадым. Ол: «Раббым, маған өз қасыңнан таза ұрпақ сыйла. Күмәнсіз, сен тілекті естушісің» деген «Мәриям» сүре­сінің  38-аяты  еді.

О.Бақытжанқызы.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: