Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тораңғылы сиқыры

18.07.2024, 9:40 180

Автобус тола адам… Барлығы маған таңданып келеді…

– Осыдан Тораңғылыға дейін екі жүз шақырым. Ал Тораңғылыдан ары Бесбастауға дейін жүз елу шақырым… Айналасы үш жүз елу шақырым жерде тамшы су жоқ… бетпақ дала.

– Сонда сен Тораңғылыдан не іздеп барасың?..

– Жай, әншейін.

– Қой, бала, жайдан-жай ешкім басқа-басқа Тораңғылыға бармас болар… Қой, не осы жерден қал, болмаса бізбен бірге Бесбастауға бар… Тораң­ғылыда баяғыда-ақ мүжіліп құлап қалған иесіз қорад­ан  басқа  дәнеңе  де  жоқ.

– Жоқ, көке, мен Тораңғылыға барамын.

– Есің дұрыс па, ол жерде қазір тірі жан тұрмайды.

– Жұмысым бар…

– Ау! Иен даладағы иесіз қорада нең бар?..

– Жеке шаруам… Неңіз бар, жеткенде өзім түсіп қалам…

– Қой-ей, сен де бір…

Қарт тізгінші қолын бір-ақ сілтеді… Артқы жақта отырған әлдебіреу:

– Сол қораға тығып қойған атасының қазынасы бар шығар… – деп келеке етті.

– Бәлкім, есі дұрыс емес шығар… Қойыңдар, не осы жерден түсіріп кетіңдер, не Бесбастауға алып барың­дар!..

Менімен қатарлас отырған әжей маған емес, тізгіншіге бұйыра сөйледі. Мен де тыныш отырмадым.

– Ой, апатай, есім сап-сау… Кәдімгідей жоғары білімді адаммын… Сенбесеңіз, міне, – деп қып-қызыл дипломымды қапшығымнан алып шықтым. – Бекеттен ақшасын төлеп билет алып алғам… Мұнда қал­дыруға  құқығы  жоқ, – деп шыр-пыр  боламын.

– Жарайды, апатай… Осыған бола бәріміз шаршамалық… Маған десе сол Тораңғылыны мекендеп қалсын… Айтпақшы, судан бірдемең бар ма, біз ертең емес, арғы күні қайтамыз… Сонда ала қайтайын… Егер иендегі ит-құсқа жем болып қалмасаң… – деп тізгінші маған  тағы  қарады…

– Жоқ, судың керегі жоқ, – деймін мен тағы.

– Еркің білсін… Екі күнге шөлден өле қалмассың… Судың қаншалықты керегі барын бүрсігүні қайтарда көреміз…

Күннің қапырық ыстығы автобус ішіндегі адамдардың тері иісіне қосылып тұншықтырады. Мен енді  ойлана  бастадым… Шынымен «қайдағы бір түске бола сандалып бара жатқаным ақымақтық емес пе?» деп… Жоқ, олай болуы мүмкін емес… Көйлегімнің төсқалтасындағы  шәкене  тұмарды  алып  иіскеледім.

***

Әр күні үйге қайтарда соңғы бекеттің жанында отыр­ған кішкене балалы қайыршы әйелге қалтамдағы тиын-тебендерді қалдырып кететінмін. Сыған ба, әлде басқа ма, ол әйел әйтеуір менің садақа беретінімді біле ме, басқаларға қолын қанша созғанымен, мен келе жатқанда үнсіз  отыра  беретін.

Менің әйелге емес, жанындағы тас еденде жалаңаш денесі­мен  отырған  балаға  жаным  ашитын.

Бірде  әлгі  әйел:

– Мырзам, сізбен сөйлесуге бола ма?.. – деп сұрады.

Мен қалдырған садақамды азырқанып тұрған шығар деп қалтам­ды  қайтадан  ақтара  бастадым.

– Жоқ… жоқ… Мен басқа нәрсе айтайын дегем…

Әйел баласын құшақтап жаныма келді… Қаптаған қалың елдің ішінде қайыршымен сөйлесуді өзіме сөлекет көрсем де тыңдауға ниет  таныттым.

– Айта беріңіз… құлағым сізде…

– Сізге  бір  нәрсе  берейін  деп  ем…

– Өзіңіз қайыр сұрап отырып маған не бергіңіз келеді?..

Мен  мысқылдадым.

– Менде тек ақша ғана жоқ… Қалғанының барлығы бар…

Әйелдің  дауысы  зілді  шықты.

– Иә, қазір адамдардың барлығына ақша ғана керек.

– Мырза!  Қателесесіз…

– Неге?

Ол омырауына қол жүгіртіп бір ақ түйіншек алып шықты. Мен ақша­сын көрсеткелі тұрған шығар деп ойладым да:

– Керегі жоқ… бұйырса, өз  ақшам өзіме жетеді… – деп едім:

– Кешіріңіз, менің сізге берер ақшам жоқ, басқа нәрсе…

– Сонда да қажеті жоқ… қайыр­шыдан бірдеме алғанға намыстанып  тұрғаным.

– Сізден басқа лайықты ешкімді  таба  алмадым.

– Қалай?

– Менің жапанда қалған жал­ғыз  сіңлім  бар  еді…

– Содан…

– Сол сіңліме уағда берген ем…

– Не  деп?..

– Әлемдегі  ең  жақсы  жігітті  жолықтырам  деп.

– Қателесесіз… Мен әлемдегі жақсылардың қатарында емеспін… Ел сықылды үйім, болмаса, жақсы машинам, жоғары қызметім жоқ.

– Оның барлығы – алдамшы дүниелер.

– Қызық…

– Сіз менің сіңлімді көрген жоқсыз…

– Иә, рас айтасыз көргенім жоқ… Көруге де онша құштар болып тұрғаным шамалы…

– Мына тұмарды алыңыз…

Әйел түйіншекті шешіп, ішінен шәкене ғана тұмарды шығарды.

– Қажеті жоқ… Өз тұмарым бар!

– Алыңыз… екеуі – бір тұмар.

– Қалайша?!

– Сендегі жартысы…

Мен ойланып қалдым, шынымен менің баяғыдан тағып жүрген тұмарым­ның  бір  бөлігі  жоқ-тұғын.  Сонда  да:

– Не  қыламын?.. – деп  қашқалақтадым.

– Қажетсінбесеңіз,  ертең  қайтарда  қайырып  берерсіз…

Әйел қоярда қоймай тұмарды жан қалтама тықпалап салды да, орны­на қарай кете барды. Орнына отырып алып, түкке де түсінбей ақыры  үйге бет  алған  менің  артымнан:

– Андағы  тұмарды  кеште  айнаның алдына өз тұмарыңмен бірге іліп  қой!.. – деп  айғайлады.

Үй деймін-ау, менде қайдағы үй?.. Қаланың шетіндегі көнеден қалған жатақхананың бір бөлмесінде тұрамын. Келіп беті-қолымды шала шайдым да, қолыма ілінген бір кітапты ала сала оқуға кірісіп кеттім. Кітаптың алғашқы бір бөлімін аяқтап, басымды бір-ақ көтердім. Қарным қатты ашып тұр екен, ыдыс-аяқ жаққа қарадым. Бәрібір талғажау ете қоярлық ешнәрсе жоқ-тұғын. Сыртқа шығып тамақтанбақ болып ойландым да, ол ойымнан тез айныдым. Қойшы, ұйықтап қалсам, таңертең жолдан іше салармын деп ойладым. Төсек орнымды ыңғайлап шешініп жатып, манағы әйелдің берген тұмары есіме түсті. Ешбір таңғажайыпты күтпей-ақ мақсатсыз айнаның алдына апарып өз тұмарыммен қоса ілдім де, төсегіме қарай кеттім. Төсегіме қарай кетіп бара жатып ту сыртымнан біреу тесіліп қарап тұрғандай сезіліп, жалт беріп айнаға қарадым. Айнаның ішінде аппақ гүлге оранған қыз тұр. Селк ете түстім… Көзіме бірдеңе елестеген болар деп уқалап-уқалап  жіберіп қайта  қарадым. Басым  айналып,  құлағым  шуылдап  кетті. Орныма барып  көрпеге  тас  бүркеніп  жатып  қалдым. Құлағыма «мені құтқаршы… босатшы мені…» деген қыздың жалынышты дауысы ес­тілді.

Таң бозынан орнымнан тұрып асығыс киіндім де сыртқа қарай ата жөнелдім… Бұның не кесапат екенін білмек болып бекет басында отыра­тын қайыршы әйелді іздедім. Жоқ, келмепті. Үш-төрт күн күттім, көрінбеді. Содан үш-төрт күн үйге қайтпай жүрдім… Ақыры басқа барар  жерім  болмаған соң  үйге қайтуға  тура  келді.

Барлық пәленің тұмардан басталғанын өзім де сезіп жүрмін. Бара сала айнаның алдындағы тұмарды алып лақтырып тастамақ болып шештім. Ақырын баспалап үйге кірдім… Үй баяғыдай, шашылған кітаптар, жиналмаған төсек-орын. Бірден айнаның алдына бардым. Міне, масқара, тұмар айнаның ішінде тұр. Енді студент кезімнен бастап өзіме серік болған айнаны лақтыруыма тура келді… Қимасам да тыныштық үшін солай жасауым керек деп бекіндім. Қабырғаға терең қағылған жалғыз тал шегеге ілулі тұрған айнаны алмаққа қанша талпынғаныммен еш өнім шықпады… Қабырғамен бірге құйылып, біте  қайнасып  қалған іспетті. Енді тек шағып тастап қана  құтылу керек  болды. Еш ойланбастан бір сирағы әлдеқашан сынып қалған ақсақ орындықты алып айнаны көздеп періп қалдым. Мыңқ етпейді… қабырғамен бірге мелшиіп тұр. Ары-бері арпалысып еш өнім шығара алмаған соң ақыры жалығып үйден қайта кетіп қалдым. Кешке де­йін сырт жақты айналсоқтап арлы-берлі сандалып жүрдім де қойдым… Кеш батты. Түн болды. Не болса да тәуекел, қандай ғаламаты болса да көрейін  деп  үйге  қайтып  келдім.

– Мырзам, қош келдіңіз!

Айнадағы қыз сөйлеп тұр.

– Сен кімсің?.. – өзімді барынша сабырлы, барынша батыл ұстадым.

– Жын,.. жынның қызы…

– Менде не ақың бар?

– Мені тек сіз ғана құтқара аласыз…

– Ненің құрметіне?.. Өзімше кекие бастадым.

– Өмір бойы сіздің қызметіңізде боламын…

– Сені түгіл өзімді баға алмай жүрмін… Шынымды айтып тұрмын.

– Мені құтқарыңызшы… босатыңызшы…

– Неге?.. Сайтан шығарсың?.. Онсызда басымдағы әурешілігім жете­ді.

– Жоқ, мен жалған айтып тұрғаным жоқ… Мен жынның қызымын.

– Сайтаннан не айырмаң бар?..

Қанша дегенмен бірдеңелер шимайлайтыным бар ғой, біле қалмақшымын.

– Сайтан  адамдарға  қас.

– Сонда  не  жын  адамдармен  дос  па?

– Иә…

– Қалай?..

– Сайтан жоғарғы әлемде болған… Ал, біз жерлікпіз…

– Ары қарай…

– Адамдар да сол жоғарғы әлемнен келген… Біз жерді адамдардан бұрын мекендегенбіз. Бүкіл жердің барлығы біздің иелігімізде болған.

– Содан…

– Жаратушы адамдарды жерге жіберген соң бізді ығыстырып жібер­ді…

– Қайда?

– Иесіз суға, сосын иен далаға…

– Бүгінше маған осы да жетеді. Ертең ерте жұмысқа баруым керек…

Қыздың сөйлей түскісі бар. Тоқтатып тастадым.

– Мені босатасыз ба?

– Ойланам… Бірақ қазір емес… ұйықтауым керек… мазамды алма!..

– Мақұл!

Көрпеге  кіріп  алып  ойланып  жатырмын.  Күні бүгінге  дейін осындай өңді қызды көрмеген екенмін. Тек атақты суретшілердің кес­кіндемесінен бірер рет көзім шалып қалғаны бар… Десе де олардың өзі мына қыздың қасында… тіпті білмеймін… ақыры талығып барып ұйықтап қалдым.

Ертесі ертемен тұрып жұмысқа кеттім. Күні бойы айнадағы қызды ойлаумен болдым. Өмірімде кезіксе деп армандадым… жоқ, солай айнаның ішінде-ақ тұра бергені дұрыс деп ой түйдім қайтадан… Өмірде болса, маған пысқырып та қарамайтын шығар. Бет-аузын секпіл басқан хатшы қыздың өзі қанша рет сөз салсам да, тіпті маңайлатпай қойған…

Түс ауа үйге қайтуға асыға бастадым… Көргім келетін іспетті.

Айнадағы қыз екеуміз ай бойы сырласып жүрдік… Бір-бірімізге әбден үйреніп кеттік. Тіпті бауыр басып қалғандаймыз… Жұмыстан үйге асығам да тұрам. Ақыры қызды босатып алуды жөн көрдім… Неше мәрте уағдаластым… Мені тас­тап ешқайда кетпейтініне өзімді әбден сендірген соң босатуға келісім бердім. Содан:

– Ал, енді қалай босатамын? – деп сұрадым қыздан.

– Баяғыда өзіңе тұмар берген әйелді тап, сол айтады…

Құдай атқыр қайыршы әйел бұрынғы орнына келмейтін болған. Тағы бір ай бойы сандалып жүріп, ақыры бір шағын базар­дың  алдынан  таптым.

Мені көре сала аярлана күлген әйел:

– Мырза  жігіт,  менің  тұмарымды  қайтарғалы  келдіңіз  бе?.. – деп  сұрады.

– Жоқ, мен сіздің сіңліңізді қалай босата аламын, соны сұрағалы келдім, – дедім барынша ілтипатпен. Иә, ол қайыр­шы болғанымен, қайын бикем болғалы тұр, барынша ибалы болуым  керек  қой,  әрине.

– Жарайды… уақытыңды  жемейін… мына  қағазды  ал, сосын  қаларалық  бекетке бар да Бесбастауға билет ал. Сосын автобусқа отырып Тораңғылыдан түсіп қал. Сол жерде көне қора бар. Түн ортасы ауғанда қораның қабырғасынан айна көрінеді… соның  алдына  мына  қағазды  өрте…

– Ары қарай не болады?..

– Барғаннан соң көресің… Айналма, автобустан кешігесің… Міне, ақша, билет аласың… Ол қоярда қоймай қолындағы қағазбен  бірге  жұмырланған  біраз  ақшаны  қалтама  сүңгітіп жіберді.

Мен асығыс бекетке қарай жүгірдім. Автобус енді қозғал­ғалы тұр екен, соңғы билетті алып үлгірдім. Автобусқа шыға тізгінші кімнің қайда баратынын сұрап жатты. Елдің барлығы Бесбастауға,  болмаса,  одан ары Сарықалаға барады екен. Кезек  маған  келді.

– Тораңғылыға.., – деп едім, барлығы шу ете қалды:

– Онда не бар? – деп.

Кеш бата Тораңғылыға  жеттік. Тізгінші  түсіргісі  келмей  біраз  қиқақтады, мен де күш бермедім.

– Билетім алынған, ақшасы төленген, жолаушы қайдан түсем  десе, өз еркі… – деп.

– Бүрсігүні  қайтқанымда  көрермін  әуселеңді… – деп миығы­нан  бір  күлді де, тізгінші  көлікті  тоқтатты.

Мен иендегі қораға келдім. Сәл жүрексінгеніммен, келе­рін келіп алғасын кері қайтарға жол жоқ, ақырын күттім. Түн ортасы ауа жаман там сықыр ете түсті… Менде зәре жоқ. Бір заманда тамды жарып айна көрінді… Қолым қалтырап, шырпы­ны әзер жағып қайыршы әйел берген қағазды тұтаттым. Қағаз жанып бола бере айнадан құлындай дауысы шығып шырқырап күндегі айнадан көріп жүрген қызым атылып шықты. Мен тұра қашуға қамдандым… Екі тізем қалтырап еркіме көнер емес. Тұрған орны­ма жүрелеп отыра кеттім. Қарсы алдымда айнадан шыққан қыз жатыр. Әлсіз ыңыранады… Сүлдерімді сүйретіп қызға таядым. Айдың сәулесімен анық көрініп тұр. Алақанында – мен айнаның алдына таққан тұмар. Ақырын басын сүйедім. Арада сүт пісірім уақыт өткенде ол есін жиды… Мойныма асылып бетімнен құшырлана сүйді… Мен де сүйген болып қоям… Дәл осындай сезімді еш уақытта басымнан өткеріп көрмегем. Таң атуға  таянған­да  ол:

– Енді тез кетейік бұл қарғыс атқан жерден… – деді.

– Қайда барамыз? – деп сұрамадым. Сұрағым да келмеді… Қыздың ыстық құшағынан айырылып қалудан қорықтым. Қолында­ғы  тұмарды  менің  мойныма  таққан  ол:

– Енді  көзіңді  жұм, – деді.

Мен көзімді жұмдым… Айналаның астан-кестені шығып күркіреп, біз тұрған жер қақ айырылып жердің астына қарай құлдилап бара жатырмыз. Құшағымда қыз. Жоқ, қыздың құша­ғында мен. Көзімді тарс жұмып алғаныммен, бәрін сезіп келемін. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір заманда мүлдем басқа бір әлемге топ ете түстік. Мен көзімді аштым. Мұндағылар да адам кейіпті екен. Тек бар айырмашылығы барлығы әуе­де қалықтап жүре алады. Жоқ, байқамаппын, мен де қалық­тап ұшып келем. Ел-жұрты қызбен ұлар-шу болып қауы­шып жатыр. Барлығы мені алқап жатыр. Аста-төк қонақасы басталды. Бір ерекшелігі, бұл жақтағылардың барлығының жүзі жарқын екен. Жер бетіндегілердей көзіне қайғы-мұң ұялатқан ешбірін көрмедім. Жерге қалай қайтамын деп ойландым. Қыздан сұрау­дың бір ретін таба алмай қиналдым. Араға біраз уақыт салып қалың сауық-сайранның ішінен  баяғы  қыз  мені  оңаша  алып  шығып  бір  жерге  ертіп  барды.

– Біздің  некеміз  қиылады… – дейді.

Менің қуанышымда шек жоқ. Жерге қайту туралы ойды ұмыттым. Біздің тойымыздың өзі ұзаққа созылды. Тойға баяғы­да бекетте қайыр тілеп отыратын әйел де баласымен бірге келді. Сол кезде қалай сәп салмағаныма таң қалдым. Ол да  асқан сұлу әйел  екен.

– Жерге қайтқың келсе, маған хабарлас… – деді ол.

Мен үнсіз басымды изедім.

Содан қаншама жыл сол әлемде тұрып қалдым. Біз өте бақытты болдық. Менің төрт ұлым болды. Жасым да біразға келіп  қалған.  Бірде  әйелім  дастарқан басында басқаша бір әңгіме  бастады:

– Мырзам… енді сенің қайтатын уақытың болды… – деп.

Мен шоқ басқандай быж ете қалдым:

– Неге?

– Сендер ажалды пендесіңдер ғой, мырзам. Сол айтулы сәтің таяды… Енді балаларыңды ертіп қайтуың керек…

Әйелім жылап отыр. Менің де көңілім босады. Бізге жолды жер бетінде жүрген баяғы қайыршы әйел бастайды екен. Сол келді. Ақыры балаларыммен бірге қайтатын болдым. Бізге бір-бір кесе шәрбат су ішкізіп көзімізді жұмғызды. Тағы сол астан-кестен болып күркіреген дүние. Жер жарылып, біз үстіне қарай заулап келеміз. Бір заманда баяғыдағы жаман тамдағы айнадан біз де атылып-атылып шықтық… Балаларым шыға сала ғайып болып кетті. Арлы-берлі жүгіріп таба алмай қалдым. Таң  да  атты. Тораңғылы баяғы қалпы екен. Жол бойында отыр­мын. Қайда барарымды да білмеймін. Қаншама  заман өтті… Мені ел-жұрт әлдеқашан ұмытқан шығар деп ойладым. Түс ауа анадайдан автобус көрінді. Жаным­да автобусқа төлер ақшам да жоқ-тұғын. Ала кетер деген оймен қол көтердім. Автобус тоқтады. Ішке кіріп келіп өз көзіме өзім сенбей қалдым… Менің ұлда­рым әлдеқашан жайғасып отырып алыпты. Тура баяғы­да өзім келген автобус сықылды екен. Тіпті тізгінші де тура соның өзі… Баласы шығар деп ойла­дым… Не деген ұқсастық деп бос орынға  отыра  бергенде  тізгінші:

– Құдайым-ау… осы Тораңғылының бір сиқыры бар… Алды­ңғы күні ғана бір боқмұрынды әкеліп тастап ем, бүгін иен даладан  қаусаған  шалды  алып  бара  жатырмын, – деді.

Көзім қарауытып кетті. Ешнәрсе ойлай алар емеспін… Бір жағыма қарай қисайып жығылып бара жатырмын.

– Ата, ата, сізге не болды?.. – деп автобус ішіндегі адамдар үймелеп  кетті. Менің  ұлдарым  үнсіз  жылап  отыр…

Қойшыбек  МҮБАРАК,

мистик

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: