Шыжыған шілде айы. Соңғы тәуліктерде үзбестен отты леп соғып тұр. Бүгін тіпті қапырық. Күн арайы төгілісімен төңірек тымырсық күйге бөленді. Сәл жел көтерілсе, таңдайыңды кептірер аңызақ қосыла есіледі. Қарға адым аттасаң, киіміңді сығып алғандай терге малшынады. Ми қайнатар аптап адам түгілі хайуанаттардың да берекесін қашырғандай. Жайшылықта жағын жаппайтын көршінің қара төбеті көлеңкеден шығар емес.
Телефон қоңырауы шырылдады. Тұтқаның арғы жағындағы дауыс Жанқожа батырдың кесенесіне келуімді өтінді. Бардым. Қасиетті мекенде адам қарасы мол екен. Тіпті көршілес бірнеше ауданның әкімдері, мәслихат хатшылары да осында жүр. Ақсақалдардан мәнісін сұрағанымда:
– Алматыда тұратын есімі көпке танымал ініміз «кесенедегі барыстардың мүсінінің орнына орнатылса» деген өтініш жасап, арнайы жүк көлігімен әрқайсысының салмағы жарты тоннаны құрайтын қос барыстың мүсінін жіберіпті. Біз бұл ұсынысқа ойланып тұрмыз. Өйткені кесенемен бірге орнатылған бұрынғы барыс мүсіндері кесененің бір бөлшегіне айналып кетті. Баба рухына зираттап келушілер «бабаның пірі жолбарыс бейнесінде көрінген» деп сол мүсіндерді де қатты құрметтейді, – деген жауап естідім.
Аспан айналып жерге түскендай ыстықтан мазасы қашқандар кесене ауласындағы көлеңкелі талдардың аясында әр жерде шоғырланып тұр.
Кенет… көкжиектен көтерілген қою қара бұлт аспанды әп-сәтте жайлап өтті. Ауа райы нілдей бұзылды. Біреуді біреу көрместей қара дауыл соқты. Даусы құлақты тұндыра күн күркіреді. Жарқ-жұрқ найзағай ойнады. О, тоба! Бармақ басындай қалың бұршақ сатырлап, құйып кеп берсін.
Жиналғандардың зәре-құты қалмады. «Алла! Алла! Алла!» десіп, қашып кесененің ішіне тығылды. Жаңа ғана жер қозғалса мыңқ етпестей көрінген мырзалардың маңғаз кейіптерінен жұғын қалмады. Осылайша табиғат құбылысы тылсым күштің құдіретін мойындатты. Желдің екпінімен үйлердің шатыры ұшып, ағаштар құлағанын көзбен көрдік. Ал жолбарыстардың ескі мүсіні орнынан қозғалған жоқ. Жаңадан жеткізілгендері кіреберістегі баспалдақтың екі шетіне қойылды. Осылайша Жанқожа батыр кесенесінде төрт жолбарыстың мүсіні пайда болды.
Арада көп жыл өтті. Кесенеге жиі баруға тырысамын. Өзімше баба рухымен іштей тілдесіп, рухани күш алғандай сезінемін.
Аузын арандай ашқан, бабаның пірі есептелетін барыстардың мүсінін көрген сайын сол оқиға жадыма оралады. «Кереметіңнен айналайын, әз бабам!» деп қалың ойға шомамын…
Суретте: Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бабамыздың аудан орталығындағы кесенесі мен Қызылқұмдағы бейіті.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!