Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қол қоюдың орнына саусағымның қанын тамыздым…

12.03.2026, 7:20 50

– Мен хабарландыру бойынша келіп едім, — дедім кабине­тке  кіре  сала.

– Кіріңіз, — деді қабағы кірбің тартқан қара шашты әйел.

Үстелдің ар жағында отырған оның еңселі кеудесі үстелдің шетіне тіреліп тұрғандай көрінді. Көзімді одан әрең алып, бетіне қарамақ болып едім, дәл сол сәтте көз қиығыммен оның жанарынан бір мезет қызыл сәуле жалт еткенін байқадым. Селк етіп, қайтадан бетіне тесіле қарадым. Жоқ. Көздері кәдімгі – қап-қара, салқын, ешқандай қызыл сәуле жоқ. «Аштықтан көзіме елес көріне бастаған шығар» деп ойла­дым да, үстелдің қарсы бетіндегі қоңыр былғары креслоның  шетіне  жайғастым.

Бір жыл бұрын жол апатына түстім. Өлімнен аман қалдым, бірақ жарты жыл аурухана төсегінде жаттым. Сол аралықта әйелім кетіп қалды, жұмысымнан айырылдым, үстіне коммуналдық қарыз да көбейді. Пәтер өзімдікі еді, некеге дейін алғанмын. Бұрынғы әйелім ажырасқанда оны тартып ала алмады. Бірақ үйдегі жиһаздың тең жартысын тиеп алып, үлкен қалаға сіңіп кеткен. Қайдан іздерімді де білмеймін. Десе де, оны іздеп тапқанмен, қайта бұрынғыдай күн кешеріміз қиын. Қаумалаған қарыз мазаға тыныштық бермей бара жатқаны сезімді ұмыттырып та жібереді емес пе?!

Ал жұмыстан шығуым тіпті оңай болды, еңбек шартымның мерзімі аяқталған соң, оны ұзартуға ешкімнің ниеті болмады. Солай нағыз жұмыссыздың күнін көріп жатқанмын. Кезінде жиған ақшамның бәрі ем-домға жұмсалды. «Медицина тегін» деп айта салу оңай, ал шындығында қалтаңды  жақсы-ақ  қағады.

Сынған сол аяғымды дәрігерлер темірмен құрап, жамбас сүйегіме әлдебір темір салды. Дұрыс бітпей қалған сол қолымды үздіксіз жаттықтыруымды тапсырды. Сосын мүгедек­тікке болмашы зейнетақы тағайындап, үйге қайтарды. Оның да басым бөлігі коммуналдық төлемге кетеді. Ал соңғы үш күннен бері ішер асым болмай, ашқұрсақ жүріп жұмыс іздеуге кірістім.  Жұмыс бар. Бірақ қай жерге барсам да, ақсаңдаған аяғымды көріп, ешкім қабылдағысы келмейді. Бүгін таңертең подъездің есігіндегі хабарландыру көзіме түсті:  «Пошташы  қажет».

Қағазды жұлып алып, бірден көрсетілген нөмірге қоңырау шалдым. Трубкадан шыққан қырылдақ, жағымсыз дауыс маған үйіме жақын бір мекенжайға келуді бұйырды. Қырық минуттан соң сол жерге жеттім. Міне, қазір сол кабинеттің ішінде, былғары креслоның шетінде отырып, ақсаңдасам да жұмысты адал атқара алатынымды түсіндіріп отырмын.

– Сіздің ақсауыңыз бізге еш кедергі емес, — деді әйел қырыл­дақ  үнмен.

Ол орнынан тұрып, көгілдір шынымен қапталған шкафқа  қарай  жүрді.

Мен оның толық бітіміне қарамас үшін көзімді төмен салдым. Сол кезде етегі жырылған жерден бөксесі қылтиып кеткендей болды. Бір сәт қатып қалдым. Жұтынып, терең дем алдым да, тағы бір қарадым. Ешқандай құйрық жоқ. «Маған тезірек тамақ ішу керек» деп ойладым. «Әйтпесе сәлден  соң  оның аяқтарының орнына қуырылған тауық санын  көріп  кетуім  мүмкін»  деген  ой  шымшып  жіберді.

Әйел шкафтан қалың қағаз папканы алып, үстелге қайта отырды. Парақтарды ақтарып, бір қағазға саусағын тигізіп тұрып:

– Біз  сізді сегіз сағаттық толық ставкаға жұмысқа аламыз. Жұмысқа жауапты қарау керек. Сіз алты жүз алпыс алты жылға келісімшартқа қол қоясыз және сол мерзім бойы қызмет  атқаруға  міндеттісіз. Отставка қабылданбайды. Барлық шарттар нақты жазылған. Танысып, шешім қабылд­ауға  екі  тәулік  беріледі, — деді.

«Құлағымды тексерту керек шығар» деп ойладым.

Алты  жүз алпыс алты жыл дейді ғой… Әлде құлағым біте­ліп  қалған  ба?

Бүгін-ақ  дәрігерге  жазылайын. Әрине, ол алты  жыл  деген  шығар. Қалай болғанда да, маған ойланатын ештеңе жоқ. Маған  тек  жұмыс керек. Әйтпесе аштықтан көзіме елес  көрініп,  құлағым  да  дұрыс  естімей  бара  жатыр.

– Мен келісемін! – дедім дауысымды шығарып. – Екі күн күтудің қажеті жоқ. Қазірдің өзінде жұмысқа кірісуге дайынмын.

Әйел  маған  таңырқай  қарады. Иығын  қиқаң  еткізіп:

– Онда кадр бөліміне барыңыз. Дәлізбен жүріп, оңға бұрыласыз. Екінші есік, – деді.

Кадр бөліміндегі жас қыз бет-аузын баттастырып боя­ған  екен.

– Келісімшартқа  қол  қоямыз  ба? — деп  сұрады  ол ернін  баяу  жалап.

– Иә, – дедім күмілжіп, оның қып-қызыл еріндеріне  қарамауға  тырысып.

Қыз  сықылықтап  күлді  де,  бір  түймені  басты.

Принтер гу етіп, бір парақ шығарды. Артынша тағы біреуін. Тағы да. Тағы да.

Бір кезде үстелдің үстінде үш сантиметрдей қағаз  үйіліп  қалды.

– Бірінші  бетіне және соңғы бетіне қол қойыңыз, — деді ол қисық жымиып. – Сосын келген  жеріңізге  қайта  барыңыз.

Қажетті жерлерге қолымды қойдым да, қағаздарды  жинап алып әлгі кабинетке қайта  кірдім.

– Өте жақсы, – деді қабағы қатулы қара  шашты  әйел.

Қағаздарды папкаға салып, маған жасылдау бланк пен қауырсын қалам ұсынды. «Бұл шынымен қауырсын қалам ба?» деп ойладым орнымнан тұрып жатып. Сол сәтте әйел қаламмен байқамай ма, әлде әдейі ме – саусағымды түртіп жіберді. Металл ұшы саусағымның  ұшын  тілгілеп  өтті.

Мен «ой!» деп қолымды тартып алдым. Саусағымнан тамған үлкен бір тамшы қан бланктің үстіне тамып түсті.

– Кешіріңіз… мен… бүлдіріп алдым… – дедім абдырап.

Әйел мысқылдай күліп:

– Келісімшартқа қол қойылды. Ол енді күшіне енді, — деді.

Қолымдағы бланк пен қаламды алып қойды.

– Енді қақпа жанындағы қызметкерге барыңыз. Ол сізге жұмыстың мәнін түсіндіреді.

(Басы. Жалғасын басылымның  келесі  санынан оқи  аласыздар).

К.ҚҰРМЕТ

Фото: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: