Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қара магия» мен Мария

06.07.2023, 10:20 540

Марияның магиямен айналысып жүргеніне көп болды. Шамамен он бес жылға жуық уақыт болып қалды. О баста күнкөріс үшін амалсыз осы қадамға барған. Тоқырау жылдары базарда сауда істеп көрді. Мардымды ақша таппаған соң «қара магияны» қолға алып көрген. Бастапқыда кеш түсе қаладағы аялдамаларға жарнама қағазын іліп кетіп, сол арқылы «клиенттер» қосынын жасап алды. Сеніп келгендер сейілмеді, керісінше күн өткен сайын көбейді.

Таң атар-атпастан телефоны шыр ете қалды. Шырт ұйқыда жатқан Мария шошып оянды. Қараса кешке жазылғысы келетін кісі екен. Әдеттегідей кешқұрым әлгінде хабарласып жазылған әйелді қабылдады. Сондағысы әлгі әйел үйлі-баранды жігітке ғашық болып қалған. Ол отбасын тастай алмайтын көрінеді. Ал бұл сол жігіттің өзіне үйленгенін қалайды. «Қара магиямен» оны өзіне жіпсіз байлап алғысы келетінін айтты. Мария әйелдің қолына ұстап әкелген жігіттің суретін алып, қараңғы бөлмеде әлдебір рәсімдерді істеді. Күбірлеп бірдеңелерді айтып, шамамен жарты сағат өткеннен кейін бөлменің жарығын жағып,  әйелге  қайта  беруіне   ишара  білдірді.

Бір қызығы, Мария «қара магия» жасаған күні түнде қатты ауыратын болды. Түні бойы дөңбекшіп шығады. Үстіне біреу тас қойып қойғандай денесі ауырланып, тынысы тарылады. Бірақ, күнкөріс үшін істеп отырған тіршілігінен бас тартқысы жоқ. Өйткені келген кісілер қомақты қаржы тастап кетеді. Бұл кәсібін тастаса, барлығынан  құралақан  қалатындай  болады  да  тұрады.

Марияның магиясы қаржы көп әкелгенімен, ісі қайырсыз болды. Осы уақыт ішінде қаншама отбасының  бір-бірінен ажырап кетуіне, жетімдердің көз жасына  себепші  болды, елдің наласына қалды.  Жанын жеген ауруы ақыры түбіне жетіп тынды. Таң ата  туысқандары  Марияны өз-өзіне  қол  жұмсаған  жерінен  тауып  алды.

Адал таппаған ақша қай кезде де опа бермей­ді. Тылсым әлеммен байланысу адам жолын ашпайды,  керісінше қайда жүрсе де жабық есік­тер кезігеді. Сиқыр немесе магия (дуа) жасау­шы, ақыға біреуге дуа жасатуға келген кісінің өтініші бойынша өзі тыйым салынған рәсімдерді жасап, күнә істейді.  Көп жағдайда Алла­ға серік қосып, күнәнің ең ауырына бас ұрады. Сиқыр жасатуға келген адамға да  күнә істетеді. Осыдан кейін шайтан оның талаптарын орындау жолында қызмет етеді. Себебі, Алла Құранда келтіргендей, шайтанның  негізгі мақсаты – адамды тозаққа алып кету. Сиқыршы имансыз болған сайын жындардан болған шайтан оның айтқандарын бұлжытпай орындайды. Сондай-ақ, магиямен айна­лысушы тәуіптің сиқырының күші оның имансыздығы тереңдеген са­йын арта түседі.  Сиқыршы егер істеп жүрген  ауыр  күнәсін  тоқтатса,  олар да  бағынудан  бас  тартады  екен.

Аллаға серік қосудың соңы жақсылық  әкелмейді. Соған  қа­ра­мастан қу дүние үшін осындай орынсыз рәсімдерді кәсіпке айнал­дырып алғандар көп. Ең абзалы – Құран сүрелерін жаттау, оларды үнемі айтып жүру. Дұға жасау, намаз оқу да мұсыл­мандарды осындай қара ниеттілердің сиқырынан сақтайтын мықты сауыт екенін  ұмытпасақ  екен.

Кенже  КЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: